Жасыратыны жоқ, Жамбыл облыстық әкімдігінің ғимараты осы өңірдегі ең әдемі, еңселі, көрсең көзің тоятын ғимараттардың бірі екені анық. Айналасы кең, жасыл желекке көмкерілген, алты қабатты бұл нысан бір қарағанда әкімдік емес, Үкімет үйі сияқты. Жұмыс кабинетім осы әсем ғимаратта орналасқандықтан, әкімдіктің қызметкерлерімен күн сайын қоян-қолтық араласып жатамыз. Әрине, осынау алып ақ үйде жұмыс істеу көпшіліктің арманы екені анық. Соңғы кездері бұл шаңырақта жастардың қатары көбейіп келеді.
Қазір мемлекеттік қызметте талап та, тәртіп те өте қатаң екенін көз көріп жүр. Осыдан кейін мемлекеттік қызметке жастардың қызығушылығы қалай? Оларды үркітіп алған жоқпыз ба? Міне, Жамбыл облысы әкімі аппаратының жетекшісі Рахматілда РАХМАНБЕРДИЕВПЕН әңгімеміз осы мәселеден басталды.
– Мемлекеттік қызмет – мемлекеттік орган немесе мекемелерде еңбек ету ғана емес, бұл – үлкен жауапкершілік, – дейді бұл жөнінде Рахматілда Сегізбайұлы. – Мемлекеттік қызметте өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеу, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырмау, заң талаптарымен толық сәйкестікте өмір сүру, кез келген орында, кез келген лауазымда болсаң да халықтың сенім үдесінен шығу талап етіледі. Ал, бұдан бөлек, үлкен төзімділік пен табандылық керек дер едім. Елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар аса жоғары және қатал деуге болады. Шектеулер де көп. Әрбір сөзіңе, тіпті, қоғамдық орындардағы жүріс-тұрысыңа да абай болуың керек.
Екіншіден, белгіленген жұмыс уақыты деген мәселе жоқ. Мереке күндері де қызметте болып, үйге кеш қайтуың мүмкін. Мен облыстық бірыңғай конкурстық комиссияның төрағасымын, осы конкурс өткізу кезінде көптеген жастармен әңгімелесу барысында олардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын байқаймын. Өткен жылы жергілікті атқарушы органдарында мемлекеттік қызметшілердің 20 пайызын жастар құраса, биылғы жарты жылдықта бұл көрсеткіш 23 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік қызметте жастар саны жылдан жылға өсіп келеді, өйткені мемлекеттік қызметте де жастарға көптеген мүмкіндіктер ашылып жатыр.
– Сіз әр салада еңбек еткен өте тәжірибелі мамансыз. Осы орайда қазіргі мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Әлі есімде... 1983 жылы «Комсомолская правда» газетінде менің жұмысым туралы мақала жарқ ете қалды. Комсомолда жұмыс істеп жүрген кезім ғой. «Мимо поля в огороды» деп аталатын бұл мақалада «Комсомол прожекторының» жұмысы айрықша атап көрсетіліпті. Комсомол ұйымы, оның жас прожекторшылары шаруашылық өмірінің барлық саласын қадағалап отыратындығы, орын алған кемшіліктерді анықтап, оны түзетуге күш салатындығы туралы айтылған екен. Менің жұмыс тәжірибем туралы айта келіп, оны бөлісу керектігі де назардан тыс қалмапты. Бұл мақала облыс комсомолы өмірінде үлкен оқиға ретінде бағаланды. Облыстық жастар ұйымының басшысы Бақыт Сауранбаев ауылға арнайы атбасын бұрып, біздің ұйымның жұмысымен танысып, жоғары бағасын берді. Көп ұзамай үлкен қызметке шақырды. Әрине, осыдан кейін тілшілерге деген құрметім бұрынғыдан да арта түсті. «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», облыстық «Ақ жол» және басқа да бірқатар басылымдарды үнемі жаздырып алып, соның бетін парақтап, ішіндегісіне үңілмейінше көңілім көншімейді.
Міне, басшы адам маманды тани білуі қажет. Бұл – өте жауапты іс. Кез келген мемлекеттік қызметші халықтың көз алдында жүрген соң, түрлі сынға ұшырайтыны анық. Ең алдымен, адал қызмет, әділ шешім, қарапайымдылық және адамгершілік қасиеттер барлық мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуы тиіс. Себебі, біздің ойымызда тапсырылған іске жауапкершілік тұрады.
Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан кәсібилікпен бірге, жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал. Мемлекеттік қызметкер болуға үміткер адамдар халық алдында жауапкершілікті сезіне біліп, мемлекеттік қызметтің беделін көтеру үшін қызмет жасауы керек деп ойлаймын.
– Мемлекеттік қызметте сатылап өсу мәселесі көптен бері айтылып келеді. Бұл нақты іске асып жүр ме?
– Елбасының 5 институттық реформасының біріншісі «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» екенін білесіздер. Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң қабылданып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұл жаңа заңда жаңа талаптар қойылған. Атап айтсақ, біріншіден, меритократия қағидасына айрықша көңіл бөлінуде. Ендігі кезекте мемлекеттік қызметке орналасу төменгі лауазымдардан басталып, сатылап өсу жолымен ғана жоғары лауазымдарға қол жеткізу мүмкін.
Ауысу жолымен мемлекеттік қызметке орналасу түбегейлі жойылып, барлығы конкурстық таңдау арқылы жүргізілетін болады. Бұл ретте конкурстық таңдау үрдісінің де өзгергендігін айта кеткен жөн. Нәтижесінде, ішкі және жалпы конкурс ұғымдары енгізілді. Ішкі конкурс бүгінгі күні мемлекеттік органдарда төменгі лауазымдарда қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерге жақсы мүмкіндіктер береді. Яғни, олар үшін ішкі конкурс кезінде арнайы тестілеуден өту қажет етілмейді, біліктілігі мен еңбек өтілі сай болған жағдайда жоғары лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатыса алады.
Бұл дегеніміз – мемлекеттік органда босаған әр бос орынға біз ең бірінші сол мемлекеттік органда төменгі лауазымда жұмыс істейтін қызметкерлер арасында конкурс өткізіп, білікті маманның қызметін жоғарылатамыз. Жергілікті атқарушы органдарда бірінші жартыжылдықта 264 бос лауазымға ішкі конкурс өткізіліп, 62 қызметкер жоғары лауазымға тағайындалды.
– Бір кездері облыстағы әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуына басшылық жасадыңыз. Сол жылдары облыста 500-ден аса мүгедек сегіз жылдан бері интернат кезегінде тұрған екен. Тиісті министрге айтып, депутаттар арқылы дәлелдеп, бұл мәселенің өте өзектілігін жеткізе білуіңіздің арқасында 3,4 млрд. теңге қаржы бөлініп, 2013 жылы 500 орындық интернаттың құрылысы басталып, бір жылдан кейін пайдалануға берілгенін ел жақсы біледі. Әйтсе де қазіргі қаржы дағдарысына байланысты бұл бағыттағы бағдарламалардың қарқыны басылып қалған жоқ па?
– Әлеуметтік саладағы басты бағыттардың бірі – жұмыспен қамту бағытына дағдарыс кезеңінде баса көңіл аударылуда. 2011 жылдан бастап «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылуда. Қайта дағдарыс кезінде мемлекет тарапынан халықты жұмыспен қамту үшін аталған бағдарламаны қаржыландыруға қаралған қаржы көлемі де қазіргі кезде ұлғаюда.
2011 жылы – 628,5 млн. теңге бөлінсе, 2012 жылы – 2,3 млрд. теңге, 2013 жылы – 6,9 млрд. теңге, 2014 жылы – 6,9 млрд. теңге, 2015 жылы – 2 млрд. теңге, ал биылғы жылы 8,3 млрд. теңге бөлініп, жалпы соңғы 6 жылда 27 млрд. теңге бөлінді. Мұның бәрі дағдарыс кезеңінде еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтап, жұмыссыздықтың өсіп кетпеуін алдын алу мақсатында іске асырылып отыр.
Елбасымыз өзінің әр сұхбатында, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін толық орындайтынын қашанда айтып жүр. Сондықтан, дағдарыс кезінде халыққа әлеуметтік көмек толықтай көрсетіліп жатыр десек болады.
– Бір қарағанда, аппарат жетекшісі деген тек әкімдіктегі қызметкерлерге ғана билігін жүргізіп, ішкі жұмыстарды ғана үйлестіріп отыратын сияқты. Ал шын мәнінде аппарат жетекшісіне жүктелген міндет өте ауқымды. Осы жауапты жұмыстың мән-маңызын, қыр-сырын кеңірек айта кетсеңіз. Сіздің жұмыс күніңіз неден басталады?
– Рас, бұл – ауқымы үлкен лауазым. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға сәйкес аппарат басшысы әкімнің қызметін қамтамасыз ететін тұлға болып табылады. Ал әкім облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуының жай-күйiне жауапты. Осыдан-ақ көріп отырғандай, аппарат басшысына артылар жүктің салмағы жеңіл емес.
Менің күнделікті жұмыс уақытым кешкі сағат 21.00-ге дейін, ал республика көлеміндегі маңызды іс-шаралар өтетін және оқиғалар болған жағдайда таңға дейін жалғасады.
Таңертең Президент Әкімшілігімен, Үкімет Кеңсесімен байланысып, жалпы өңірдегі мән-жайды, қоғамдық-саяси ахуалды баяндаймын. Олардан тиісті нұсқамалар аламыз. Аудандар мен Тараз қаласы, басқармалардың жұмыс жоспарларымен танысу, аппараттағы 16 құрылымдық бөлімінің жұмысын үйлестіру сияқты ағымдағы мәселелер жетерлік.
Одан бөлек, хат-хабарлар қарау, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдау да аз уақытты талап етпейді. Әкімнің аудандарға жұмыс сапарларын жоспарлау, ресми іс-шараларды әзірлеу сияқты мәселелер де аз емес.
Бүгінде елімізде мемлекеттік қызмет саласында ауқымды реформалар жүруде. Талап күннен күнге күшеюде. Осы талаптардың үдесінен шығу қажыр-қайратты, уақытпен санаспай тер төгуді талап етуі сөзсіз.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
ТАРАЗ