Демографиялық әртектілік еліміздегі еңбек ресурстарының теңгерімділігіне кері әсер етуі әбден ықтимал. Қазірдің өзінде солтүстік аймақтарда жұмыс күшінің жетіспеушілігі айқын сезіледі. Өйткені, табиғи өсім өте баяу. Керісінше, оңтүстік өңірлерде халық қарқынды өсіп, еңбекке қабілетті адамдардың жұмыс табуы күрделене түскен. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асып, жартысына жуығы негізінен оңтүстік жақта шоғырланатын болады. Ал теріскейде еңбекке жарамды адамдар бөлінісінде тапшылық байқалуы мүмкін екен.
Солтүстік халқы кемуінің бір себебі табиғи өсімге тірелсе, екінші ұшығы Ресейге қоныс аударып жатқандардың артуымен байланысты. Егер осылай бола берсе, 2050 жылға қарай мұндағы тұрғындар 1 миллионға азаюы, ал оңтүстікте 5 миллионға көбеюі мүмкін. Осылайша ішкі демографиялық ахуал жан-жақты зерделеніп, миграциялық үдерістерді оңалту жөніндегі ұсыныстар Парламент тарапынан қолдау тапқан. Оңтүстіктен көшіп келушілерге барлық жол шығынын көтеру, отбасы мүшелеріне біржолғы өтемақы төлеу, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналысатындарға шағын несие ұсыну сияқты жеңілдіктер қарастырылған.
Биылғы көші-қонға 320 отбасы қатысқан. Басым бөлігі Солтүстік Қазақстанға тиесілі. Биыл өңірге 83 отбасы қоныстанды. Жыл аяғына дейін келетіні – 200. Ықтиярлы тілек білдірушілер саны – 900. Соңғы 10 жылда облыстан басқа жақтарға 209 358 адам көшіп кеткен. Келгені – 158 884 адам ғана. Халықаралық және ішкі-сыртқы көші-қон саясаты, этностық оралмандарды орналастыру жайы әлі өзекті күйінде қалып отырған жағдайда «оңтүстіктен солтүстікке» көшіру тетіктерінің кешенді қарастырылғаны құба-құп болар еді. Жырақ жерден теріскейге қоныстану, түтін түтетіп, ұрпақ өсіру – демографиялық ахуалдың тепе-теңдігін қалпына келтірудің негізгі жолы саналғанымен, оның астарында салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, ана тілімізге жетік жұмыс қолдарын көптеп тарту арқылы ұлттық құндылықтарымызды, қазақы қалып-бейнемізді орнықтыру сияқты мақсат-мүдделер жатқанын жергілікті биліктегілердің жете ұғынғандары абзал.
Өкініштісі сол, Ресейге көшушілер арасында өз ағайындарымыз да кездесіп қалады. Алыс-жақын шетелдердегі бауырларымыз «өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды» армандап жүргенде олардың бұл әрекеті таңдандырмай қоймайды. Осындайда Президенттің «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезінде айтқан: «Байлық та, бақыт та, өмір де өз еліңде. Сырттан бақыт іздегеннің ісі баянды болғанын көргенім жоқ. Қанша миллиардер болсаң да, қызықтың барлығы өз еліңде, өз бала-шағаңның жанында», деген ұлағатты сөздері ойға оралады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбек күші мол оңтүстік өңірлердің тұрғындарын теріскейге көшіру жұмыстары қолға алынғанын, дайындық жұмыстары барысында арнайы делегация 300 мың адамға дейін тұратын ірі аудандарды аралап шыққанын, көшіп келушілерге 110 үй әзірленгенін, жұмыс та, жер телімдері де табылатынын, барлық жағдай жасалатынын мәлім еткен. Одан кейін ОҚО әкімінің орынбасары Е.Айтахановтың жетекшілігімен арнайы топ келіп, еңбек нарығының жағдайымен танысып қайтқан. Екі тараптың халықтың ішкі қоныс аударуы туралы ынтымақтастық меморандумына сәйкес тиімді орналастырудың барлық алғышарттары елдік мүдде тұрғысынан ойластырылған. Ішкі көші-қон шеруін сарыағаштықтар бастап берген.
«Ауданымызда демографиялық өсім өте жақсы. Жылына 10 мыңдай нәресте дүниеге келеді. Адамдарымыз шетінен еңбекқор. Топтың арасында кәсіпкерлер де, жұмыссыздар да бар. Олар теріскейде көкөніс, мал өсірумен айналыспақшы. Мұндай кәсіптерге әбден машықтанған», деген еді Сарыағаш ауданының әкімі Бұхарбай Пірманов алғашқы көшті шығарып салу рәсімінде.
Көктемге салым басталған қоныс аудару бағдарламасына қатысушылардың қатары барған сайын артып, бүгінде 83 отбасын құраған. Олардың қай-қайсысымен тілдессең де, Мағжан еліне келгендеріне еш өкінбейтіндерін білдіреді. Үкімет басшысының жұмыс сапарына ілесе келген Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков буынып-түйініп отырған 100 шақты отбасы бар деп қалды. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, өңірде 2,8 миллион халық тұрады. Елімізде жылына 400 мың бала дүниеге келсе, бестен бірі осы аймаққа тиесілі. Баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілсе, 900 отбасы көшіп келуге ниетті.
Біз бірқатар отбасыларда болып, жағдайларымен танысып қайттық. Солардың бірі – Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылында тұратын Сырмановтар отбасы. Біз қыздары Сабинаны Бегман есімді жергілікті жігітке ұзатқалы жатқан қуаныштарына ортақтастық. Үйдің иесі Апсам қазақтың дәстүрімен төрге оздырып, астан ауыз тигізді. Әңгімені алыстан орағыта бастап, не себепті қоныс аударғанын бүге-шігесіне дейін айтып берді. Ордабасы ауылының Шұбарсу ауылынан отбасымен келгеніне екіжарым айға жуықтаған. «Даму» қорының бөлімшесі арқылы несие алып, мал өсірмекші. Ол үшін шаруа қожалығын құрыпты. Жем-шөбі мен қора-қопсысын дайындауға кірісіпті.
Біз осында жергілікті жерге әбден сіңісіп кеткен Мұсырман Жайпаров деген азаматты жолықтырдық. Өзбекстанның Жызақ облысынан көшіп келгеніне 7 жылдай болыпты. Мал, құс өсіреді. Күніне 45-50 литр сүт өткізеді. Мал бордақылайды. Жуырда ауылдық тұтынушылар кооперациясына кіріпті. Ондағы мақсаты – жеңілдікті субсидия алу. Бүгінгі тірлігіне риза екені жүзінен де, сөзінен де білінеді. Осы уақыт бедерінде Мұсекеңнің жөн сілтеуімен атажұртқа 50 отбасы оралыпты.
Аудан әкімнің орынбасары Алмагүл Рамазанованың айтуына қарағанда, биыл квотамен 18 отбасы табан тіреген. Тілек білдірушілердің көптігі ескеріліп, облыстық мәслихат шешімімен тағы екі орын бөлінген.
Қызылорда облысынан Айыртау ауданының Кирилловка елді мекеніне атбасын тіреген жас отау иелері Бақытжан Бекжанов пен Мархабаттың да шағын шаруаларын дөңгелетіп отырғанының куәсі болдық. Бір жылдың ішінде ірі қара малдың санын 16 басқа жеткізген. Сөйтсе, былтыр 2 миллион теңге несиеге 9 бас тайынша сатып алған. Биыл басына бас қосылған бұзаулары ойнақ салып жүр. 5-уін сауып, күніне 60 литрге дейін сүт алады. Қаздың 100 балапанын сатып алып, күзде Астанаға өткізген. Сөйтіп, несиемен есептескен. «Баспананы 650 мың теңгеге сатып алдық. Квотаға ілікпесек те, тұрмысымыз жайлы. Биыл 300 балапан алып, бағып жатырмыз. Бау-бақшамыз бар. Сүттен май шайқаймыз, қаймақ, ірімшік жасаймыз. Сенбілік жәрмеңкелерден қалмаймыз. Бір аптадағы кірісіміз 35 мың теңгеге жуық», – дейді ерлі-зайыптылар.
Еңбек ресурстарының тиімділігін арттыру бағдарламасын орындауда жергілікті билік орындарына үлкен жауапкершілік жүктелетіні айтпаса да түсінікті. Бұл тұрғыдан алғанда, өңірде атқарылып жатқан шаралар сан-салалы. Былтырдан бері 40 елді мекенге 95 отбасы көшіп келіп, ауыл шаруашылығына – 24, денсаулық сақтау ұйымдарына – 5, білім ошақтарына – 4, басқа салаларға 14 адам орналасқан. 22 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 185 адамға 15 миллион теңге көлемінде субсидия төленген. Жұмыс берушілер 38 отбасына үй-жай ұсынған. 32 отбасы баспаналарды жалға алса, 9 отбасы туған-туысқандарымен бірге тұрады. Қоныс аударушылардың орта жасы – 35-40 аралығында.
Бұдан тысқары жекелеген шаруашылық басшылары да қолұшын беріп келеді. Оңтүстіктегі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне барғандардың бірі – «Ақселеу» ЖШС-нің директоры Серік Малаев. Ол Сарыағаш, Мақтаарал аудандарының тұрғындарымен кездесіп, 14 адамнан тұратын 3 отбасын өзімен бірге ала келген. Еңбекке қабілеттілерін жоғары жалақылы жұмысқа орналастырып, баспанамен, үй жиһаздарымен қамтамасыз еткен. Ақшалай жәрдем көрсеткен. «Ғайса» серіктестігінің жетекшісі Біржан Ғайсин Қарағаш ауылына көшіп келген 5 отбасын құшақ жая қарсы алып, барлық жағдайын жасаған.
Десек те, ауқымды бағдарламада әлеуметтік ынталандыру шараларын кешенді түрде қарастыру дұрыс зерделенбеген тәрізді. Шетін мәселелердің бірі тұрғын үй-жайына қатысты. Алыстан ат терлетіп, «елім, жерім» деп еміреніп келген ағайынға алдымен керегі – жайлы баспана. Осы мәселенің бағдарламада ескерілмей қалғаны түсініксіз. Соның салдарынан үбірлі-шүбірлі бала-шағаларымен пәтер жалдауға, не туған-туыстарын сағалауға тура келеді. Премьер-Министр облысқа жұмыс сапары кезінде ел тұрғындарының еңбек күші жетіспейтін аймақтарға қоныс аударуы маңызды үрдіс екенін атап өтіп, аталған мәселе бойынша Үкіметтің жеке отырысы өтетінін жеткізген еді. Олай болса, бағдарламада тұрғын үйге қатысты ереже-талаптар барынша айқындалып, мемлекет есебінен сатып әперу мүмкіндіктері тудырылса, құба-құп болар еді. Өйткені, заңдық шешім алынбайынша басыбайлы баспаналы болу бақыты әркімге бұйыра бермейтін секілді. Облысаралық көшіру үрдісінде өңірлік әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен қабылдау әлеуеті алдымен ескерілуі тиіс.
Осыдан бірер жыл бұрын Есіл ауданына қарасты Бірлік елді мекенінде 30-дай ғана шаңырақ қалып, бастауыш мектеп қысқартуға ұшыраған болатын. Енді ауылды 10 отбасы толықтырып, білім үйі қайтадан бой көтергелі отыр. Кезінде алыс-жақын шетелдерден келген ағайындарымызды топтап қоныстандыру тәжірибесінің кеңінен қолданылуы арқасында бірқатар елді мекендер мен мектептердің сақталып қалғанын ұмыта қойған жоқпыз. Мәселен, Моңғолиядан келген қандастарымыздың балалары есебінен шалғайдағы Тимирязев ауданының Белоградовка елді мекенінде қазақ сыныптары, кейін ұлттық мектеп ашылған. Осындай тәжірибелердің өріс алғаны абзал.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы