Қазақ радиосына – 95 жыл
Жазу үстелінен босасам жан қалаған алыстағы қаламгер достармен жүздесуді аңсап, жолға жиі шығатын әдетім бар. Ішкі жан-дүниемдегі рухани аңсарым 2014 жылы мені Мәскеуге тағы да алып барды. Әуежайдан түскен соң, барар жеріме жету үшін жеңіл көлікке отырып жайғасқан соң, қымбат уақытты қалай үнемдеп, көптен көрмеген достарыммен жүздесудің жоспарын құра бастағаным сол еді, ойымды «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Автобиографиясы», – деп саңқылдай шыққан дауыс бөліп жіберді. Кұлақ түрсем, сөйлеп тұрған радио. Таң қалдым. Күніне Мәскеуді жүз айналып, Ресей астанасының келімді-кетімді қонақтарын қалаған жеріне жеткізуді білетін көлік жүргізушісіне,
– Мынау қай радио? – деппін.
– Радио России ғой, – дейді ол да байыппен.
– Мен Ұлы Дала елінен келдім, мынау Нұрсұлтан Әбішұлының кітабы желісінде әзірленген хабар ғой. Бұл кітапта Қазақстанның қазіргі тарихының аса күрделі де жарқын сәттері жан-жақты баяндалады. Тәуелсіз жас мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы айшықты қадамдары да ашып көрсетілген, – деп көңіл қуанышымды жайып салдым. Ол да әңгімеге қаражаяу емес екен.
– Бұл хабарды мен үзбей тыңдаймын. Қазақстан Президентінің парасат-пайымы, жүзеге асырып жатқан өнегелі істері қатты қызықтырады. Келешегі жарқын, ең асылы ынтымағы мен бірлігі жарасқан елде тұру да бақыт шығар, – деп қояды ол.
Қарапайым көлік жүргізушісінің осы бір сөзі көңіліме қуаныш ұялатып, бойымды мақтаныш сезімі билегендей болды. Жалма-жан ұялы телефонымды қолыма алып, «Қазақстан» РТРК АҚ-тың төрайымы Нұржан Мұхамеджанованың нөмірін тере бастадым. Ойым – осы көңілімді марқайтқан көрген-білгенімді қаз-қалпында жеткізу. Қарындасым телефонын тез көтерді.
– Нұржан! – деп қоямын. – Саған айтар жағымды жаңалығым бар. «Ресей радиосынан» Елбасының кітабы желісіндегі хабар беріліп жатыр. Тыңдарманы да көп сияқты, зиялы қауым өз алдына, қарапайым көлік жүргізушілері де қалт жібермейді екен.
– Сөзіңіздің жаны бар, бұл жайында ресейлік әріптестерім айтып жеткізген, – деді арғы жақтағы дауыс. – Біле білсеңіз, аға, Қазақ радиосы «Ресей радиосымен» бірлесіп жасаған «Автобиография. Нұрсұлтан Назарбаев» атты аудио жобасы 28 сериямен 143 миллион тыңдарманы бар «Радио России» арқылы тарап жатыр. Оны көркемсөз оқу шебері, Ресей халық әртісі Василий Лановой оқыды. Сондай-ақ, Елбасының еңбектері бойынша әзірленген «Қазақстан жолы», «Казахстанский путь», «Ой бөлістім халқыммен», «Өрелі өмір өнегесі» аудио жобасы екі тілде 32 бөліммен өз тыңдармандарына жол тартты. Қазақтың даңқты батыр-жазушысы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» да екі тілде сөйлетпек ойымыз бар.
– О, бәрекелді көп іс тындырып жатыр екенсіздер ғой. Бұл еңбектеріңізге алғысым шексіз, – дедім.
Үстіміздегі жылдың наурыз айында Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында күрделі ота жасаттым. Аурухана төсегіне таңылғанда уақыт та тұрып қалғандай өтпей қояды екен. Теледидар көрген боламын, бірақ тілін түсінбегендіктен, қызық емес. Шіркін-ай, ұлттық руханияттың, қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырағына айналған Қазақ радиосын тыңдар ма еді, деген ой келді. Салиқалы ойдың өрелі оралымдары да, әуезді әуеннің жан тебірентер сезімтал пернесі де осында ғой. Сөз сәні мен тіл тәлімі, ән әрі мен саз сырының кеніші емес пе, Қазақ радиосы. Шын сағынады екенсің! Осыдан аман-есен елге оралсам, міндетті түрде шығармашылық ұжыммен жүздесемін, деп өзіме өзім уәде бердім. Емделіп келген соң, Астанаға жолым түскенде Қазақ радиосына арнайы бардым. Мені осы ұжымға жетекшілік ететін, «Қазақстан» РТРК АҚ радиохабарлар тарату дирекциясының бас директоры-Қазақ радиосының директоры Махат Садық пен оның орынбасары, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген және бағдарламалар директоры Оңғарбек Құралов құшақ жая қарсы алды. Келгенімді естісе керек, М.Садықтың кабинетіне жеткенімше радионың редакция жетекшілері мен өзге де белді журналистер лезде жинала қалғаны. Жүздесу барысында бір ұққаным, үн-жарғы қызметкерлері менің кітаптарымды оқиды екен. Әсіресе, «Жиырмасыншы ғасыр» романым жайында сұрақтарын жаудырмасы бар ма?.. Жүрегім шын жылып қалды.
– Қарақтарым, менің шығармашылығыммен таныс екенсіңдер. Әңгіме арнасын радио жұмысына аударсақ қалай болады? – деп едім, осы ұсынысымды күткендей Махат інім тізгінді өз қолына алды.
– Аға, Қазақ радиосына биыл 95 жыл ғой. Ғасырға жуық тарихында тұтас бір ұлттың тіршілік тінін, қайталанбас ғажайып мәдени болмысын ұлағаттап келе жатқан ақпарат құралы қазір де қатардан қалған емес. Жаһандық үдеріске бірегей ұстанымымен өзіндік үлес қосқан Қазақстан өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі тұрғанда, біздің ұжым да еліміздің егемендігі мен дербестігін жан-жақты насихаттауды борышы деп біледі. Қазақ радиосында тәулігіне 80-ге жуық хабар әуе толқынына жол тартады. Олардың бірі күнде дайындалса, енді бірі – аптасына бір рет. Ал, радионың ақпараттар легі әр жарты сағат сайын эфирде. Және өзге ақпарат көздерінен бұрын береді. Бозторғай шырылымен бірге «Қайырлы таң, Қазақ елі!» деп жұртшылықты елең-алаңда оятатын да біз.
– Иә, оны білемін ғой, Махат! Радионы жиі тыңдаймын. Ал таңғы эфирдегі бағдарлама жүргізетін қыз-жігіттерің де есте. Құралай Жұмаханова жүргізетін «Лирикалық сағат» хабарын қалт жібермеуге тырысамын. Поэзияның қайнарынан қанып ішіп, бойына қуат, жырына шуақ жинаған жандардың өміршең өлеңдерін бүгінгі ұрпақ тыңдағаны дұрыс. «Аймаңдайлым» болса арда азаматтардың кісілік келбетін танытып жүрген хабар. Әуезге толы хабарлардан Мұхамедияр Рашайдың есімін жиі естимін. Оның дауысында тыңдарманды үйіріп әкететін өзіндік бір ерекшелік бар. Ал, тікелей эфирдегі Әйгерім Оралбекқызының «Шырқа гитара!», «Сол бір әуен» хабарларын халық қалап тұрады.
– Қазақ радиосын өзіңіз сияқты тұлғалы азаматтардың тыңдайтыны біз үшін үлкен мәртебе. Ұлтымыздың ұлағатты ұлдары әуе толқынындағы еңбегімізге жақсы лебізін білдіріп жатса жан марқаяды ғой, – деп шын қуанышын білдірген М.Садық, сөзін одан әрі жалғады.
– Аға! Ән-әуезбен әдіптеліп, алуан үндестікті сұңғыла сөзбен суреттейтін Қазақ радиосы өз тыңдарманына биыл тағы бір тарту жасап отыр. Ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын аудиодискіде шығардық. Ондағы мақсат – ұлы шығарманы халыққа аудио арқылы насихаттау еді. Бұл жауһарымыз «Абай» әлемінің тарихи танымын дыбыспен үндестіріп, дала әуенімен әрлендірді. Сондай-ақ, аудиодискіге дала данышпанының қара сөздері мен өлеңмен өрнектелген ойлары да енгізілді. Желсіз түн, жарық айдан сыр іздеген тыңдарманның көңіліне сазды самал ұялатар Абай әндерін де осы дискіге кіргіздік. Ғұлама ақынның өмірмен өзектес өлеңдерін еліміздің көркемсөз шеберлеріне дыбыстатып, әуенін танымал әншілерге орындаттық. Сөйтіп, кітап оқуға уақыты тапшы жандарға үлкен олжа жасағандай болдық. Электрондық технологияның дегені болған қазіргі заманда кез келген адам «Абай жолын» енді өз көлігінде, жұмыс кеңсесінде, отбасы ортасында, тіпті туристік саяхатта жүріп те тыңдай алады.
– Бұл өте орынды болған екен, – дедім мен де қостап. – Жаңылыспасам, биыл «Шалқар» радиосының 50 жылдық мерейтойы емес пе осы? – деп Болатбекке бұрылдым. Бұл жігіт – тәулігіне 24 сағат үзіліссіз эфирге шығатын үн-жарғыны басқарып отырған азамат. Әуе толқынында тек қазақ тілінде сөйлейтін ақпарат құралы – ол Шалқар. Ғасырлардың үнін, асылдардың сөзін талғамы биік тыңдарманға жеткізіп жүрген ұлтымыздың рухани бұл жаршысын да халық ұйып тыңдайды.
Бүгінде Қазақ радиосы көршілес Ресей және Беларусь радиоларымен ынтымақтастық орнатқан. Өткен жыл Жеңістің 70 жылдығына орай «Мир» радиосымен бірлесе отырып, Александр Бектің «Волоколамское шоссе» романының толық аудионұсқасын дайындапты. «Батырлар жыры» атты айдармен қазақтың қаһармандық бағыттағы танымал 50 жыры тыңдарманға жол тартқан. Бұл аз десең, әр тоқсан сайын маңызды тақырыптарда «Астана-Мәскеу», «Астана-Минск» мемлекетаралық радиокөпірлер үзбей ұйымдастырылып келеді. Немістің «Дойче Велле» телекомпаниясымен әріптестік орнаған. Редакция құрамында корей, татар, ұйғыр, неміс, әзербайжан, түрік тілдерінде хабар тарататын халықаралық «Достық» бөлімі де жұмыс істеп тұр. Бұл үлкен еңбек емес пе?!
Бір мезетте Махат інім: «Қазақ радиосының әлеуметтік-экономикалық ресми хабарларынан да құлағдар шығарсыз. Ол редакцияны мына ініңіз басқарады, – деп назарымды аудартқан жаққа қарап, тани кеттім. Еділ Анықбай. Осыдан бес жыл бұрын «Айтөбел» хабарына шақырғаны бар. Кейін сол сұхбатымыздың толық нұсқасы «Алаш айнасы» газетінде жарық көрді. Бүгінде әлеумет редакциясына жетекшілік жасайтын Еділ Уәкілұы аптасына бір рет «Ұлы Дала мұраты» хабарын жүргізіп тұрады. Оны радиодан талай тыңдағанмын.
– Бұл хабардың көтерер жүгі ауыр, – дедім Еділге қарап. – Біле білсең, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Президентіміздің «Ұлы Дала елі», «Мәңгілік Ел» бастамаларын бағдарлама арқылы халыққа насихаттау абыройлы іс. Жалпы, бұл редакцияның еңбек адамынан бастап, ғарыш агенттігіне дейінгі салалық тақырыптарды қамтитын радиоконференциясын да тыңдап жүрмін. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары да жан-жақты беріліп келеді. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қарға тамырлы қандастарымыздың бүгінгі тынысын таныстыратын Жазира Амантайқызының «Алыстағы ағайын» хабары да көңілімнен шығып жүр. Қазақ радиосынан алыс-жақын шетел елшілерінің тікелей эфирге шығуы тынымсыз еңбектің нәтижесі деп білемін және АҚШ елшісінің наурызда қазақша құттықтауын естігенде өзгеге үлгі боларлық жайт екеніне қатты қуандым. Ауыл шаруашылығы тақырыбындағы журналист Базарбай Қожакелдиевтің «Аграрлы Қазақстан» хабары төрт түліктің төлін өргізіп, дала төсінде дән еккен еңбеккерлерге үлкен қолдау.
Бір мезетте.
– Аға! Радиоға арнайы атбасын бұрып келген екенсіз, әңгімемізді тікелей эфирде жалғастырсақ қалай болады, – деді М.Садық. Мен келістім.
Радионың студиялары шағын, әрі кетсе төрт-бес адам ғана сыяды. Солардың біріне барып жайғастық. Бір-бір құлаққапты киіп алдық. Екеуден-екеу. Қозғайтын тақырыбымыз мен үшін таңсық емес. Алайда, бір сағат бойы тыңдарманға не айтамын деген күдікті ой көлбеңдеп тұрып алғаны. «Осы бір қалың ойдың құшағында құндақталып отырғанда М.Садық бірінші сұрағын қойып та үлгерді. «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегінде әңгіме өрбіте, Елбасының «100 нақты қадамын» да жіліктеп алып, жік-жігімен талқылап жатырмыз. Бір сағат уақыт енді аздық ететін сияқты. Телефонға да дамыл жоқ. Тыңдарман сауалы бірінен соң бірі түсіп жатыр. Еліміздің барлық қаласынан, алыстағы ауылдан да хабарласып тұрғандар көп. Санауға шама жоқ, әйтеуір 20-ға жуық қоңырау шалынған сияқты. Бұл қуанышты жайт емес пе? Демек, Қазақ радиосы тыңдарманға тапшы емес. Қазір елімізде өзге де мемлекеттік емес радиолар жұмыс істеп тұр ғой. Алайда, халықпен ғасырға жуық бірге жасасқан Қазақ радиосының беделі аса биік.
М.Садықтың айтуынша, Қазақ радиосының хабарлары еліміздің барлық ауыл-аймағын қамтиды екен. Әр өңірде меншікті тілшілер жұмыс істейтін көрінеді. Сондықтан болар, бұл ақпарат көзі жағымды жаңалыққа толы. Ауыл өмірі, алыстағы ағайынның тыныс-тірлігі назардан тыс қалмаған. Журналистер де өз ісіне берік. Өңірлерде еңбек көрігін қыздырып, еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып жатқан өндіріс ошақтарының өнімдері жайлы айтатын «Қазақстанда жасалған», жер-жерлердегі өнер адамдары, ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнерімізді ұлықтап қайта жаңғыртып жатқан ісмер-шеберлер жайлы сыр шертетін «Ел іші – өнер кеніші» тәрізді күн сайын әр облыстан берілетін хабарларды бұқара ұйып тыңдайды десем, артық айтқаным емес. Қазақ радиосынан әр жарты сағат сайын эфирге шығатын жаңалықтарға да еліміздің әр түкпірінде болып жатқан оқиғалар, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында өңірлерде жүзеге асып жатқан ілкімді істерді буы бұрқыраған күйінде жеткізу де осы меншікті тілшілердің үлесінде. Радионың бұл тілшілері халыққа еліміздегі керемет көрікті жерлер, есте жоқ ескі заманнан бүгінге жеткен тарихи жәдігерлер жайында «Шалқар» радиосының «Жерұйық» айдары арқылы да мол мағлұмат берді. Атап айтсам, Көкше жеріндегі «Кенесары үңгірлері» жайлы мен осы тілшілердің арқасында естіп-білдім. Меншікті тілшілер кезінде әр үйде саңқылдап тұрған, кейінгі өліара кезеңде ол функциясынан айырылған Қазақ радиосын қайта алдыңғы шепке шығаруға да айтарлықтай тер төгіп жатыр.
Әдебиет саласының жауынгері болғандықтан ба, радионың «Әдеби-саз» редакциясы жаныма жақын. Бұл редакцияға кезінде ұлтымыздың небір дарынды тұлғалары жетекшілік жасады. Қазақ дүниетанымын тереңнен іздеп, әдеби, мәдени жауһарларын қайта тірілткен олардың көбі бүгінде бақилық болды. Алайда, саф алтындай салмақты сөздері жадымыздан жоғалған жоқ. Олар бапты дауыстың базарында шырқалған небір әуезді таспаға жазып, қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет ететін мұра қалдырды. Өнер бәйгесінде өзіне тән дара шабысымен танылған таланттардың еңбегін тыңдарман кәдесіне жаратуда да «Әдеби-саз» редакциясының рөлі зор. Қазір редакцияға басшылық жасайтын «Құрмет» орденінің иегері Ләззат Қапышова да сол алдыңғы аға буын ұрпақтың сара да дара жолынан таймай келеді.
Екі-үш жыл бұрын кенеттен қайтыс болған ұлымның қайғысынан қан жұтып, қабырғам сөгілсе де жазу үстелінен түспей, «Қасқыр ұлыған түн» атты романымды жазып шықтым. Оны «Жұлдыз» журналы екі санына басып шығарды. Соны оқыған Ләззат қарындасым «Өмірдің өзі новелла» айдарындағы «Сыр мен мұң» радиохабарын дайындаған екен. Л.Қапышованың өзге де хабарларын тыңдап жүрмін. Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің сценарийі желісінде әзірленген «Ой бөлістім халқыммен», «Елдің төрі – елорда» атты әдеби-сазды радио композициялары да тыңдаушылардан өз бағасын алғанын білемін.
Журналист Қошан Мұстафаұлының «Інжу-маржан» хабары қазақтың дала данышпандары, ұлан-ғайыр жерімізді жаудан қорғауда қол бастаған баһадүрлері жайында тарихи шындықтың шаңын сүртіп жүр. Ал журналист Әлмира Әлімсарының Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясымен бірлесе отырып «Біз екеуміз» атты радиожобаны жасап жүргенінен хабардармын. Журналист Жанат Жанұзақтың өнегелі өмірлерден сыр шерту мақсатындағы «Ел ағалары» хабарын да тыңдап жүрмін. Бұл хабарға мен де кейіпкер болғанмын.
Қазақ радиосының «Алтын қоры» қазір жұтаң емес. Ұлтымыздың халық ауыз әдебиеті және дала әуезі үндескен дәстүрлі әндеріне бай. Әр жылдары жазылған ұлт қайраткерлерінің теңіз толқынындай ақжал, кесек, келісті дауыстары сол қалпында сақталып, қазір радиотыңдаушының рухани өресіне өң беруде. Қазақ әндерінің ғажап та сұлу сазын сағынған адамға «Алтын қордағы» кәсіби композиторлардың академиялық шығармалары баға жетпес байлық. Эстрада жанрындағы есті әндер, талғамшыл талаптың жемісі болған ұлт аспаптарындағы әуендер де дала бозторғайына тән жайдары да назды сезімге бөлейді. Бүгінде «Алтын қорда» 1948 жылдан бері жинақталған 100 000-нан астам фонограмма бар екен. Ноталық қолжазбалар саны да аса мол көрінеді. Тағы бір қуантарлығы, 1957 – 1996 жылдар аралығында төгілген тер, шығармашылық ізденістің арқасында Қазақстан мемлекеттік телерадио комитетінде эстрадалық-симфониялық оркестрдің партитуралары мен қазақтың танымал әндерінің клавирлері қолжазба күйінде сақталған.
«Қазақстан» РТРК» АҚ-тың төрайымы Н.Мұхамеджанованың бастамасымен аталған қолжазбалар «Қазақстан композиторларының кең тараған ән-романстары» деген атпен алғаш рет екі бөлімді клавир ретінде жарық көріп, көпшіліктің көзайымына айналды. Мұқабасын ашсаң, бет-пердесі ұлттық мұратты көздейтін шығармалар жинағы енді музыка саласы мамандарының қажетіне жарамақ. Өмірін өнерге арнаған жастардың да іздеп жүріп, сусындайтын жинағы болары тағы да анық. Өйткені, бұл жинаққа қазақ еуропалық-академиялық музыка өнерінің іргетасын қалаушы А.Жұбанов, М.Төлебаев, Л. Хамиди, Е.Брусиловсий, Қ.Мусин сынды ұлы композиторларының еңбегімен қатар, эстрадалық жанрдағы әндерді өмірге әкелген талантты сазгерлер: Ш.Қалдаяқов, Ә.Еспаев, Ә.Бейсеуов, Б.Жамақаев, Ә.Молдағайынов, т.б. әндерінің клавирлері еніп отыр. Сұлу ән қашанда адам жүрегінің лүпіліне үн, санасына сыр қосады емес пе?!, Ендеше, «Алтын қорда» сақталған рухани мұра әлі талай ұрпақтың қажетіне жарамақ.
Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендікті еншілеп, еңселі ел атанған Қазақстанның Қазақ радиосы елі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ақпарат құралы. Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында көл-көсір әңгіме айта алатын нағыз ұлтжанды ақпарат көзі әлі де тыңдарманын қуанта бермек. Радионың 95 жылдығы – ол тарих тойы, халық тойы. Ұлттың ұлағатты үні – Қазақ радиосы рухани байлықтың қайнар көзі, алмастай асыл қазына.
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін»
Халықаралық сыйлығының лауреаты