Тәуелсіздік қарсаңында отандық тарих ғылымында кәсіби тұрғыдан жетілген, ғылыми ой-өрісі кең, құндылық талғамдары анық бірқатар тарихшы ғалымдар шоғыры болды, солардың бірі және бірегейі Мәмбет Қойгелдиев екені толассыз. Бұлай дейтініміз, М.Қойгелдиевтің отандық тарих ғылымына әкелген жаңалықтары оның таңдаған тақырыптарымен, зерттеген мәселелерімен айшықталады. Бұл оның зерттеу ұстанымдары, қорытынды тұжырымдарының ғылымилығы және практикалық құндылықтарының биіктігінен байқалады. Ғылыми критерийлердің қай-қайсымен өлшесеңіз де ғалымдық биік деңгейі білініп тұрады. Бұл, әрине, ғалымның тәуелсіз Қазақстанның тарих ғылымын қалыптастырудағы жауапкершілігі мен жанкешті еңбекқорлығының да көрінісі. Олай болса, сипаттамамыздың нақты дәлелдерін келтіріп көрейік.
Алдымен ғалымның жариялаған ғылыми зерттеу еңбектерінің ең маңыздыларын мысалға келтірсек: «Алаш қозғалысы» (Алматы: «Санат». – 1995, 368 б.); «Алаш қозғалысы» (Алматы: «Мектеп». Өңделіп толықтырылған нұсқасы, бірінші том. – 2008, 480 б.); «Жетісудағы Ресей билігі /ХІХ ғ.-1917 ж./» (Астана: «Елорда». 2004, 216 б.); «Ұлттық саяси элита» (Алматы: «Жалын». -2004, 400 б.); «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов» (Алматы, 2009, 400 с.); «Қазақ елі: ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күрес /ХІХ ғ. – ХХІ ғ. басы/» (Алматы: «Дәуір». – 2014, 432 б.), т.б. Осы монографиялардан Мәмбет Құлжабайұлының негізгі зерттеу хронологиясының ХІХ ғасырдан қазірге дейінгі мезгілді қамтып жатқанын байқаймыз. Ал зерттеу нысаны – қазақ тарихындағы ең өзекті мәселелерге, ұлт тағдырына саятын саяси, әлеуметтік және мәдени проблемалар мен қазақ қоғамының Ресей, кеңестік билікпен күрделі байланыстары.
Соңғы екі ғасырда қазақ тарихындағы ең маңызды қоғамдық ой-сана мен қозғалыс, тәуелсіздік идеясы мен ұлт-азаттық қозғалысы болғанын, оның ең жоғары деңгейдегі көрінісі – Алаш идеясы мен Алаш қозғалысы екенін М.Қойгелдиевтің аталған монографияларынан білдік, түсіндік. Ғалымның бізді қатты қызықтыратыны да, сүйіндіргені де оның осындай аса күрделі әрі өзекті тақырыптарды зерттеуге тәуелсіздіктің алдында барғаны. Кәсіби тарихшылар жақсы түсінеді, мұндай маңызды да күрделі мәселені зерттеуге, әсіресе, сол заманда барудың өзі – зерттеушінің кәсіби дайындық деңгейі мен ұлтына деген үлкен сүйіспеншілігін білдіретін батылдық.
Мәмбет Құлжабайұлы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Масақ-Ақтөбе ауылында (бұрынғы «Коммунизм» совхозы) қарапайым шаруаның отбасында өмірге келген. 1962 жылы қазақ орта мектебін бітіріп, совхозда екі жыл механизатор болып еңбек еткен. 1964 жылы Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің тарих факультетіне түсіп, оқуды 1968 жылы тарихшы мамандығы бойынша бітіріп, Шу ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепке орналасып, тарих, орыс тілі және әдебиет пәндерінен дәріс берді. 1971 жылы Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатында ғылыми қызметкер, одан Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық университетінде оқытушы болып істеді. 1974-1977 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыды. 1978 жылы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғайды. 1982-1989 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы» кафедрасында доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1989-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында аға ғылыми қызметкер болып зерттеумен шұғылданады. Міне, бұл М.Құлжабайұлының тәуелсіздікке дейін басып өткен қоғамдық қызмет жолы. Мұны ғалымның өмірі мен ғылыми қоғамдық қызметінің бірінші кезеңі деп қарауға да болады. Ауыл баласының өсу жолы қашанда оның дарыны мен еңбекқорлығына тікелей байланысты болатыны белгілі.
Менің «Сіз Алаш тақырыбына қалай бардыңыз?» деген сауалыма Мәкең: «Мен 1989 жылы Партия тарихы институтына жұмысқа шақырылдым. Алашты ақтау басталып кеткен кез еді, маған алашшыларға қатысты қолжазбаларды оқып, баспаға дайындау міндеті жүктелді. Сонымен, мені Орынбор архивіне жіберіп, «Жандарм қорындағы» («Құпия полиция қоры») «Қазақ» газеті редакциясының қызметі жөніндегі құжаттарды жинап келу міндетін тапсырды. Сонда мен жолбарыстың ізіне түскендей болдым. Сенбі, жексенбі күндері де құжат қарауға рұқсат алып, күзетшінің қасында отырып мұрағаттарды ақтардым. «Қазақ» газеті арқылы кеңестік биліктің халқымызға жасаған үлкен әділетсіздігін байқадым, партияның саясатына күмәндандым. Орынбордан қайтарда пойыздағы плацкарт вагонның үшінші қабатынан әрең орын алып жайғастым, қазаққа жасалған қиянатты ойлап ағыл-тегіл жыладым. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі «Советтік реформаларға қатысты 20-30-жылдары партия, үкіметтің қаулысын қайта қарау комиссиясы» құрылды, мен соған мүше болдым, Комиссия арқылы КГБ-ның архивіне кіруге мүмкіндік алдым, бұл жұмысты қазірге дейін жалғастырып келемін, – деген еді.
Мәмбет Құлжабайұлы өзінің қажырлы да жемісті еңбегімен алаштану ғылымының іргесін қаласты. Сондай-ақ, осы ретте ол өзі де Алаш ілімдерімен жетілді, кемелдене түсті, Алаш элитасының идеяларымен молынан сусындады деп айта аламын. М.Қойгелдиевтің бойындағы қайраткерлік қасиеттер, атап айтқанда, ұлт тағдырына алаңдау, ғылыми ағартушылық, қоғамдық ой-сананы жаңғырту бойынша жасап жүрген жұмыстары, кезіндегі алашшылардың жаңа бейнесін сомдағандай әсер етеді адамға. Әйгілі Хасан Оралтайдың «әй, Мәмбет, сен кеңестік мектепте оқымаған адам сияқтысың», деген сөзі осындай тарихи сабақтастықты меңзесе керек деп ойлаймын.
Ғалым соңғы жылдары Алаш идеясының тарихи қайнары мен кейінгі сабақтастық мәселесін терең зерттеп келеді. Бұл тақырыпта оның жазған «Жетісудағы Ресей билігі», «Ұлттық саяси элита» және «Қазақ елі: ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күрес /ХІХ ғ. – ХХІ ғ. басы/», «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов» атты еңбектерінің ғылыми және практикалық құндылығын атап айтуға тиіспіз.
Тарихи еңбектердің ғылымилығын көрсететін факторлардың бірі – сенімді дерек көздері. Зерттеуге жазба деректерді, мұрағат құжаттарын пайдалану өте маңызды. Бірақ мұрағат жазбалары ресми биліктің еркімен хатталған дүниелер болғандықтан, онда қоғамдық өмірдің шынайы болмысы көрініс таба бермейді. Сондықтан, өткен ғасырда әлемдік тарих ғылымында «Айтылған тарих» дейтін дерек жинау әдісі пайда болған еді. Тарих ғылымының осы бір жаңа саласын М.Қойгелдиев отандық тарих ғылымында қолданысқа енгізді. Әрине, шетелдік ғылымдағы әдісті сол күйінде көшіріп әкелген жоқ, оны қазақтың тарихи, мәдени ерекшелігіне, халқымыздың тарих айту дәстүріне сәйкестендіріп, әдістемесін жазып қолданысқа енгізді. Оның жетекшілігімен даярланған «Айтылған тарих» оқу құралы (Алматы: «Дәстүр». – 2015, 240 б.) оқу процесінде қолданысқа енді, ҚР Орталық мемлекеттік архивінде «Айтылған тарих қоры» өмірге келді. Ал дерек жинау, зерттеу жұмыстары М.Қойгелдиевтің жетекшілігімен қанат жайып, кеңестік билік кезіндегі қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін деректерді заманауи технологиямен жазып, жинап, жарыққа шығарып келеді. Міне, бұл сияқты еңбектер отандық тарихнамаға қосылған тың дерек көзі ретінде аталуға лайық.
М.Құлжабайұлы ғылыми зерттеу мен білім беруді, маман даярлауды ұштастырып келе жатқан ғалым. Ол 1971 жылдан бері еліміздің жоғары білім жүйесінде және ғылыми-зерттеу институттарында білім беру мен ғылыми зерттеуді қатар алып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих факультетінің деканы, университет жанындағы Жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін жетілдіру институтының директоры, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Оның білім мен ғылым саласындағы белсенді қызметі тәуелсіздік кезеңіне сәйкес келді. Мұны ғалымның қоғамдық ғылыми қызметінің екінші кезеңі деп қарастыруға болады.
Мәмбет Құлжабайұлы 1994 жылы «Қазақ демократиялық интеллигенциясының қоғамдық саяси қызметі (ХІХ-ХХ ғ.басы)» тақырыбында тарих ғылымының докторы ғылыми дәрежесін абыроймен қорғады. Сонымен, ол қоғамда жетекші тарихшы ғалым ретінде танылды. Сол бір өтпелі кезеңде тарих ғылымының атқарар қызметі өте маңызды еді. Қазақстан тарихын оқыту мен зерттеудің жаңа концепциясын, типтік бағдарламаларын, жаңа оқулықтар дайындау сияқты уақыт күттірмейтін жұмыстардың салмағы Мәкең сияқты жетекші педагогтерге жүктелді. М.Қойгелдиев осы мезгілде қоғамдық сұранысқа сай, әріптестерімен бірге, тәуелсіз Қазақстанның жоғары оқу орындарына арналған тарих пәнін оқытудың типтік бағдарламаларын, оқу құралдарын және жалпы білім беретін мектептің 10 және 11 сыныптарына арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарын жазды, мамандар дайындады. Оның ғылыми жетекшілігімен қазірге дейін 5 ғылым докторы, 30-ға тарта ғылым кандидаты және 2 PhD докторы ғылыми дәрежелерін қорғады, алаштану және айтылған тарих ғылыми бағыттарының қазақстандық мектебі қалыптасты.
Ол 2002-2006 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметін атқарды. Осы жылдары Мәкең «Қазақстан тарихының» бес томдығын жазуды жалғастырып, «Қазақ мемлекеттілігі тарихын» зерттеу сияқты іргелі де өзекті тақырыптарды зерттеу ісін қолға алды.
Мәкең Елбасының ұсынысы бойынша жүргізілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға аянбай атсалысты. Ол осы бағдарлама бойынша құрылған Қоғамдық кеңестің мүшесі және оның «Тарих және этнография» секциясының төрағасы ретінде жұмыс жасап, «История Казахстана в русских источниках», «История Казахстана в западных источниках», «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» және «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» атты көптомдық сериялық басылымдарды даярлау ісіне жетекшілік жасады. Оның ұсынысы және жетекшілігімен 5 кітаптан тұратын «Алаш қозғалысы. Движение Алаш. Құжаттар мен материалдар жинағы» (2004-2008) және 12 томдық «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» (2007-2008) қазақ және орыс тілдерінде баспадан шықты.
Мәмбет Құлжабайұлы өзінің қырық жылдан астам ұстаздық және ғалымдық өмірінде 10-нан астам монография (кейбіреулерін басқалармен бірлесіп жазған), 450-ден астам ғылыми-танымдық мақала жариялады. Ол өзінің осындай қомақты еңбегінің арқасында профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі атағын алды. Елге кеңінен танылған көрнекті ғалымға айналды.
Бүгінде жетпістің биігіне көтерілген М.Қойгелдиевтің ұзақ жылдардан бергі ғылыми-педагогикалық еңбегі билік, бұқаралық ұйымдар, халықаралық қауымдастықтар тарапынан ескеріліп, лайықты бағасын алды. Атап айтқанда, «ҚР Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» (2012 ж.) атағымен, «Парасат» орденімен (2013 ж.) марапатталды. Ә.Бөкейханов, М.Шоқай атындағы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, Халықаралық Сократ сыйлығымен (Оксфорд, Ұлыбритания, 2007), Америкалық биография институтының Алтын медалімен (2009), «Халықаралық Мәдениет конвенциясы» ұйымының «Халықаралық Бейбітшілік Сыйлығымен» (2010) марапатталды. Мәкеңе республикамыздың және шетел университеттерінің құрметті профессоры атағы да берілді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Семей қаржы-экономикалық институты және Вена қаласының халықаралық университеті құрметті профессоры (2007) атағын берді. Өмірде еткен еңбектің лайықты бағаланғаны бір ғанибет ғой.
Ғалымның халқына беретіні әлі көп, оның ең құнды зерттеу еңбектері енді дүниеге келеді деп сенеміз.
Лайым, Алла оған сарқылмас қуат, ұзақ ғұмыр бергей!
Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ