17 Тамыз, 2016

Өрелі көш өрісті кеңейтеді

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
777(«Эт­нос­тық көші-қон: бүгін және ер­тең». «Егемен Қа­­зақ­­стан», 15.07.2016 ж.) Қазіргі заманда көші-қон мәселесі әлемнің барлық елдерінің экономикалық, саяси-қоғамдық, мәдени дамуына, мемлекеттік қауіпсіздігіне тікелей әсер ете бастағандықтан, жаһандық өзекті проблемаға айналуда. Жылдар бойы Еуропа елдеріне қоныстанған мигранттардың ұрпақтары өсіп-өніп, сол елдердің қауіпсіздігіне, мәдениетіне қатер төндіруде. Бұған қоса, соңғы кездердегі заңсыз мигранттар ағыны бұл құбылысты ушықтыра түсуде. Сондықтан да, көші-қон мәселесі көп елдердің ішкі және сыртқы саясатының басым бағыттарының қатарынан орын алуда. Сонымен қатар, халқының саны артып отырған мемлекеттер (Қытай, Үндістан, Бан­гла­деш, Пәкістан, т.б.) де әлемге миграциялық қатер төндіруде. Қы­тайдың жан-жаққа тарап жатқан қытайлықтарға жәрдем ететін «хуацяолық» сая­саты әлем­ге белгілі. Сондай-ақ, Үндістан үкіметі жақын жылдары 50 млн.-нан астам үнділіктерді әлемге тарату саясатын қолға алып, барша елдермен визалық жеңілдіктер жасасу бойынша жұмыстар жүргізуді бастады. Ұлттық мемлекеттілікті дамыту, қауіпсіздікті күшейту мен төл мәдениетті сақтауда мемлекет құраушы этностың аса маңыздылығын ескерген мемлекеттер (Германия, Израиль, Поль­ша, Ресей және т.б.) шетелдер­дегі өз қандастарын елге тар­туды табысты түрде жүзеге асы­руда. Шетел жұмысшылары мен гастарбайтерлерінен гөрі өз Отанына оралған қандастарды қабылдап, оқытып білім берудің ұлттық қауіпсіздік пен ұлттық мүдделерге толығымен жауап беретіні баршаға мәлім. Әлемде қалыптасқан осындай хал-ахуал жағдайында жері мол, халқының саны шағын Қа­зақ­станның мемлекеттілігін нығайту, қауіпсіздігін күшейту, мәдениетін дамытуда кешенді игі шараларды жүзеге асырып, шетелдерде жүрген қазақ қандастарымызды тарихи Отанына қоныстандыру бойынша жүргізген Елбасының алысты болжайтын көреген сая­сатын толығымен іске асыру – Қазақстанның мемлекеттік мекемелері үшін басты міндет болып табылады. Бұл ретте Дүние жүзі қазақтары қау­ымдастығы Төрағасының  орынбаса­ры С.Балғабаев көтер­ген («Эт­нос­тық көші-қон: бүгін және ер­тең». «Егемен Қа­­зақ­­стан», 15.07.2016 ж.) Қа­зақ­­­стан Үкіметінің көші-қон бо­й­ын­ша қабылдаған заң­дық өзге­ріс­теріндегі этностық қоныс­тан­­дыру ережелері бойынша жібе­рілген олқылықтар көңіл ауда­рар­лық. 2011 жылы қабылданған «Ха­лық­тың көші-қоны туралы» Заң­ның 2016 жылғы 6 сәуірдегі ре­дакциясы бойынша шетелдер­дегі қандастарымыз елге оралу үшін бірқатар құжаттарды, со­ның ішінде, сотталмағандығы жөніндегі анықтаманы да тапсыруы қажет. Сотталғаны, соттал­мағандығы туралы анықта­ма елдегі қауіпсіздік пен тыныш­тықты сақтаудың мүдделеріне жауап беретіндіктен бұл талап орынды деп ойлаймыз. Айтылған мақалада екін­ші мәселеде азаматтықты алу­дың қиындықтарын жеңілде­ту­дің нақты жолы – қазақ қандас­тарымызды елге келген күннен бастап тұру туралы куәлікпен (вид на жительство) қамтамасыз ету болып табылады. Ал азамат­тық беру туралы Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Жар­лығы жарияланған соң қандас­тарымыз бұрынғы келген елінің азаматтығынан шыққаны жөніндегі анықтаманы отыз күн ішінде әкелмесе, әкімшілік жазаға тартылуы өзекке тепкенмен бірдей. Себебі, азаматтықтан шығару тәртібі әр елдің өз ішкі заңнамалары шеңберінде жүзеге асырылады, оған басқа ел қол сұға алмайды. Сонымен бірге, кейбір көршілес елдер (Өзбекстан, Тә­жік­стан) Қазақстанға тұрақты тұру­ға бара жатқан қазақтардың үй-жайлары мен мүліктерін сатқыз­бай, мәжбүрлеп тегін иеленуде. Осындай қиындықтардан өтіп, Ота­нына оралған қандас­тары­мыз­ды әкімшілік жазаға тарту «жы­ғыл­ған үстіне жұдырық» болады. Қандастарымыздың Отанына оралуына қиындық туғызып отырған үшінші жағдай, ше­тел­дегі қазақ жастарының елімізде жоғары білім ала алмауы. С.Бал­ғабаевтың айтуынша, Білім және ғылым министрлігі дайындап жатқан жоғары оқу орындарына қабылдаудағы типтік ереженің жаңа жобасы бойынша шетелдердегі қазақ жастары үшін бұрын бөлінген квота мен дайындық курстары жойылды. Алайда, өзге елдердің жас­тарына білім бергеннен гөрі өз ұлтының ұландарын тәрбиелеудің мемлекеттілікті нығайтуға, елді өркендетуге, қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге және төл мәдениетті сақтап, өсіп-өнуге баға жетпес үлес қосатынын білген өркениетті елдердің барлығы бұл салада күш жұмылдырып, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Тұяқ МҰРАТҰЛЫ, саясаттанушы