23 Тамыз, 2016

Қазақстан-Польша: Келелі келісімдер келешегі екі ел ынтымақтастығының аясын кеңейте түседі

332 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
22-08-02Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Анджей Дуданың шақыртуымен Польша Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Қарсы алушы тарап Қазақстан Президентін мемлекеттік сапарға тән барлық жөн-жоралғымен қарсы алды. Варшавадағы Президент резиденциясының алдында Қазақстан басшысын Анджей Дудамен қатар сол елдің Үкімет мүшелері, сондай-ақ Варшавада орналасқан Ресей, Қытай, Иран сынды елуге тарта мемлекеттің елшілері салтанатты жағдайда күтіп алды. Салтанатты рәсімнен соң екі ел Пре­зи­денті шағын құраммен арнайы кезд­есу өткізді. Одан кейінгі кезекте кеңей­тілген келіс­сөз­дер жүргізіліп, cауда-эконо­ми­­калық, инвестиция, ауыл ша­руа­шы­лығы, сондай-ақ көлік-тран­­зит, мәдени-гуманитарлық са­ла­­лар­­дағы ынтымақтастықты ны­­ғайту жол­дарын талқылады. Мемлекет басшы­лары халықара­лық саясаттағы өзекті мәселе­лерге қатысты да өзара пікір алмасты. Кеңейтілген отырысқа қазақ­стан­­дық делегация сапында Сырт­­қы істер министрі Ерлан Ыды­­рысов, Премьер-Министрдің орын­­басары-Ауыл шаруа­шылығы ми­нистрі Асқар Мырзахметов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл- ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және бас­қалары қатыс­ты. Ал келіс­сөз­дер қорытындысы бойын­­ша бір­қатар маңызды құжаттарға қол қойыл­ды. Атап айтқанда, екі елдің көш­­бас­­шылары Қазақстан мен Польша ара­сындағы Эконо­мика­лық ынтымақ­тас­тық туралы декларацияны қабылдады. 22-08-01 22-08-07 Екі елдің сыртқы істер ведом­ство­­лары­ның басшылары Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Үкіметі мен Польша Үкіметінің арасындағы Адам­дардың реадмиссиясы тура­лы келісімге қол қойды. Сон­дай-ақ, Ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы ынтымақтастық тура­лы Үкімет­аралық келісімге, Қазақ­стан­ның Даму Банкі мен Поль­ша Ұлт­тық экономика банкі ара­сын­дағы не­гіздемелік келісімге қол жеткізілді. Келіссөздерден кейін Мемлекет бас­шылары бұқаралық ақпарат құрал­дары үшін арнайы мәлімдеме жаса­ды. Өз кезе­гінде А.Дуда Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары екі ел­дің арасын­дағы серіктестіктің ны­ғая түскендігінің айғағы екенін атап өтті. Екі ел арасында ортақ мүд­де­л­ер­дің көбейгенін, екіжақты әріпт­ес­тікті одан әрі тереңдетуге ниетті екендігін айтты. – Құрметті Президент мырза, шақыр­туымызды қабыл алып, Варшаваға кел­геніңіз үшін алғыс білдіреміз. Бұл сапар қазірдің өзінде жемісті болды деп санаймын. Үш бір­дей маңызды үкімет­аралық құ­жат­қа қол қойылғаны мемле­кет­­тері­міздің арасындағы эконо­ми­ка­лық байланысты одан әрі тереңдетеді. Бүгін біз Президент мырзамен түрлі саладағы әріптестікті кеңейту бойынша бірнеше сағат келіс­сөз жүргіздік. Алдағы уақытта Қазақ­­­­­стан­ға экспорттайтын тауар­­­­лары­­мыз­ды ұлғайтуға ниет­т­і­міз. Сонымен қатар, Қазақ­стан нары­ғына ин­вес­тиция салатын, жаңа тех­но­­ло­гия­­ларды дамыту­мен айна­лы­са­тын польшалық ком­пания­лар­дың кө­бей­ге­нін қалаймыз. Ертеңгі бизнес форумда Қазақстан мен Поль­ша компаниялары бір­қатар ірі келіс­ім­дерге қол жеткізеді деп үміттенемін, – деді ол. А.Дуда келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесіне Польша­ның бел­сенді түр­де атсалы­сатынын, сондай-ақ өзі де көрмеге қаты­су үшін елор­да­­ға атбасын тіреуге әзір екен­дігін мәлім­­деді. Қазақстан Президенті Польша мемле­кетімен арадағы саяси және экономикалық байланыстар елі­міздің Тәуелсіздік алған кезеңінен басталатынына тоқталды. – Біздің елдерімізді ортақ тарих байланыстырады. Біз Ресейдің екі жағында орналасқан елміз. Польша – Қазақ­станның Еуропадағы ең маңызды, ең жақын әріптесі. Екі елдің ара­сында екі жаққа да пай­далы көп нәрселер бар. Ең бірін­ші, ол эко­номикалық қаты­нас. Біз Пре­зидент мырзамен жеке оты­рып саяси жағдайларды да, эко­но­ми­калық мәселелерді де тал­қыла­дық. Ертең осын­да үлкен биз­нес форум болады. Қазақ­станнан кел­ген жүзден астам бизнесмен Польша бизнесмендерімен жалпы көлемі 1 миллиардқа жететін келі­сім­шартқа қол қояды деп сенеміз, – деді. Мемлекет басшысы Қазақ­стандағы поляк диаспорасы екі ел арасында ал­тын көпір болады деп санайтындығын жеткізді. – Олар Қазақстанда тұратын 130 этноспен тең құқылы, біздің еліміздің азаматтары. Барлығына мемлекет қолдау көрсетеді. Тілін, тарихын, мәдениетін ұмытпауы­на жағдай жасайды. Олар екі ел­дің арасындағы дәнекер, – деді Елбасы. Жалпы, Қазақстан мен Польша арасындағы саяси, сауда-эко­номи­калық, мәдени-гумани­тар­лық, басқа да сала­лардағы бай­ланыс жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын атап өткен жөн. Бүгінде Польша Қазақстанның Еуропа­дағы сауда-экономикалық серік­тес­тері­нің бірі. Біздің елмен арадағы тауар айна­лымының көле­мі жөнінен Шығыс Еуропа мем­ле­кет­терінің ара­сында бірін­ші орын­да тұрғаны осының айға­ғы. Поль­шаның Орта­лық Азия елдерімен тауар айна­лымының 70 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Қазақстан Шығыс Еуропадағы осы елден негізінен дәрі-дәрмек, жиһаз, ауыл шаруашылығы маши­на­ларын, құрылыс заттарын, азық-түлік, гигиеналық тауарлар, кос­ме­тика тасымалдайды. Ал Поль­ша біздің елден минерал­ды отын түрлерін, астық, мақ­та экспорт­тайды. Бұл, әрине, біз­дің көңілімізді көншітпейді. Сон­дық­тан Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі өзара тауар айна­лы­мы­ның көлемі екі елдің әлеуетін толық ашпай­тынына назар аударды. – 5 жыл ішінде мыңға жуық жаңа өнді­ріс кәсіпорны іске қосыл­ды. Польша биз­нес­мендерін осы жұ­мыс­қа атсалысуға шақы­­ра­мын. Бұл үшін барлық жағ­дай жа­сал­ған. Мә­­се­лен, келесі жылдан бастап екі ел­­дің азамат­тары үшін виза­сыз режім енгізу жос­парлануда, тікелей әуе­ байла­нысын жолға қою мүм­кін­дігі қарас­тырылып отыр. Бүгінде өзара тауар айналымы 1 млрд 100 млн долларға жет­ті. Әрине, бұл қа­зір­­гі әлеуетімізді то­лық кө­р­­се­те ал­­­май­ды, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы бұл күні сондай-ақ, Польша Республикасы Сенатының төрағасы Станислав Карчевскиймен кездесіп, екі елдің парламентаралық іс-қимылы мәселелерін талқылады. Тараптар екіжақты қарым-қатынас­тың деңгейі жоғары екеніне тоқта­лып, мемлекетаралық ынты­мақтас­тық­тың негізгі бағыт­тарын және сапар аясында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру үшін тиімді құқық­тық орта  қалыптастыру жұмысын одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Польша Сенатының Құрмет­ті қонақ­тар кітабына естелік жазба қал­дырды. Польша саясаткерлері Елбасы сапарына айрықша мән береді. Мәселен, Еуропа Парламенті төраға­сының орынбасары, Поль­ша Сеймі­нің депутаты Рышард Чарнецкий: – Қазақстан Польшаның саяси және экономикалық тұрғы­да­ғы стратегиялық әріптесі болып табылады. Яғни, Прези­дент Н.Назарбаев пен А.Дуданың кез­десуі айрықша стратегиялық маңызға ие. Қазақстанның Ресей мен Түркия ара­сын­дағы мәмі­легерлік рөлі туралы хабар­дармыз. Орталық Азиядағы көш­басшы елмен әріптестікті нығайтуға біздің еліміз де мүдделі, – дейді. Жалпы, тарихқа көз жү­гіртсек, Ұлы Дала елі мен Балтық теңізі жаға­лауын­дағы елді сабақтастырған талай құнды дерек­тер мен оқиғаларды байқау­ға бола­ды. Әріден тарқатсақ, осы­дан аттай сегіз ғасыр бұрын ұлты поляк Вати­кан шір­кеуінің монахы Бенедикт Полак қазақ даласы хақында, қазақ хал­қы тура­­сында құнды деректер жазып қал­­ды­рып­ты. ХVІІІ ғасырдан бастап тағ­дыр тәл­кегімен Қазақ даласына жер ауда­рыл­ғандардың арасын­да поляктың ғұлама ғалымдары, шығармашылық интел­ли­ген­ция өкілдері де аз емес. Бұл орай­да, Адольф Янушкеевич, Густав Зелин­ский, Бронислав Залесский сын­ды тұлғалардың есімі алдымен тіл ұшы­на оралады. Қазақтың мың әнін түген­деген Затаевичтің еңбегі өз алдына бір төбе. Хакім Абай Адам Мицкевичтің өлең­дерін табиғи бояуын, ішкі құнарын сақ­тай отырып тәржімалағаны бел­гілі. Сол сияқты, Абайдың өлең­­дері де поляк тіліне аударыл­ған. Тарих дауылымен Қазақстанға қоныс аударған поляктар қазақ­тардың бауырына тартқанын, «Бүтін дәнді бөліп жеп, жарты дәнді жарып жеген» жақсылығын әлі күнге ұмытпақ емес. Қазіргі таңда Қазақстанда тұратын 40 мыңға жуық поляк диаспорасының өкілдері де оны үнемі алғыс сезімдерімен еске алады. Мәселен, Польша-Азия сауда палата­сы­ның президенті Януш Пехочиньский: – Қазақстан біздің ел үшін сая­си, эко­но­микалық қана емес, ада­ми қатынас тұрғы­сы­нан да сенімді әріптес. Біз Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезін­де Сіздердің поляктарды қабыл­дағандарыңызды есі­міз­де сақ­тай­мыз. Қазір Қазақстанда 30 мың­­нан аса поляк тұрады. Олардың жағ­дай­лары жақсы. Қазақтарға өткен тарих­та­ғы жасаған жақсы­лық­тары үшін де, қа­зір­гі іс-әрекеті үшін де алғыс білдіреміз, – дейді. Бүгінгі таңда да екі халықты жақын­дас­тыратын дүниелер көп. Қазақстандағы поляк диас­порасының саны қанша екенін жоғарыда айттық. Сол сияқты Польшаның Краков, Варшава, Познань сынды ірі қалаларындағы белді білім ордаларында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 500-ден астам қазақстандық жастар білім алуда. Мемлекет басшысы осы сапар аясында Польшаның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен де кездесті. Елбасы олардың үздік оқуына тілектестік білдіріп, алған білімдерін өз елінің игілігіне пайдалануға шақырды. Жалпы, Польша мен Қазақстан арасын­дағы дипломатиялық қатынастар­дың жолға қойылуы еліміз Тәуелсіздік алған кезеңнен бас­талады. Балтық теңі­­зі­нің жаға­лауында қоныс тепкен ел Қазақ­­станның тәуелсіздігін танып, мойын­даған алғашқы мемлекеттердің бірі са­налады. Араға көп уақыт салмай ал­ды­­мен Алматыда дипломатиялық елші­­­лігін ашса, 1999 жылы Варшавада біз­дің дипломатиялық өкілдігіміз ашыл­ды. Қа­зіргі таңда бұл шағын дипло­ма­тия­лық өкіл­дік Польша Республи­касын­дағы Қазақстанның елшілігі болып кеңей­тілген. Ал келер жылы Астанада өте­тін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне Польшаның қатысуға тілек білдіргені екіжақты қаты­насты одан әрі дамытуға серпін беретін фактор болмақ. Польша Үкіметі алдағы уақыт­та Еуро­па мен Азияда үл­кен күш-қуат­қа ие болатын бір­лес­кен жобаларды жүзе­ге асыру­ға ниетті екенін үнемі айтып келеді. Екі елдің де Азия инфра­құры­­лым­дық инвестициялар банкі құрылтай­шы­ларының қатарында екендігі сауда және инвестициялық қатынастарды бірлесіп дамытуға оң ықпалын тигізуге тиіс. Бүгін Варшавада Қазақстан-Польша бизнес форумы өтеді. Форум Қазақстан мен Польшаның іскер­лік ортасының сауда-эконо­микалық белсенділігін арттыруға бағы­тталған. Шараға екі ел Прези­дент­тері қатысады деп күтілуде. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» – Варшавадан Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды