Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатын көздейді
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен бұрнағы күні өткен Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасының «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында және «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Үкімет алдына бірқатар нақты міндеттер қойған болатын. Осы міндеттерден туындаған бағдарламалар жедел түрде дайындалып, талқылаудан өтті. Бұл бағдарламалардың барлығы қаржылық қолдауды қажет етеді. Сондықтан 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізу қажет, деді Үкімет басшысы отырысты ашқан кіріспе сөзінде. Мұндай өзгерістер енгізуге 2010 жылғы экономиканың өсуі және 2011 жылға арналған макроэкономикалық есептер мүмкіндік беріп отыр.
Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың мәлімдеуінше, 2011 жылдың алғашқы айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 106,9 пайызды құраған. Өнеркәсіп өндірісі 5,8 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 пайыз, бөлшек саудадағы тауар айналымы 11,1 пайыз, көлік қызметі 7 пайызға артқан. Алғашқы айдың осындай көрсеткішері 2011 жылы экономиканың өсімі 5 пайыз көлемінде болады деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Экономикалық даму және сауда министрлігінің болжамы бойынша, биылғы жылы ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 5,0 пайызға және өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,8 пайызға өспек. Мұнай өндіру 81 миллион тонна көлемінде болмақ. Биылғы жылы экспорт көлемі 59 058,4 миллион доллар, тауар импортының көлемі 33 768,9 миллион доллар көлемінде болады деп болжануда.
Үкімет отырысында Қаржы министрі Болат Жәмішев жоғарыда аталған заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, 2011 жылғы республикалық бюджеттің түсімі 4 триллион 249,3 миллиард теңге немесе қолданыстағы бюджеттен (4 триллион 041,4 миллиард теңге) 207,9 миллиард теңгеге артық болжанып отыр. Республикалық бюджеттің шығысы 4 триллион 945,1 миллиард теңге немесе бұрын бекітілген мөлшерден 301,3 миллиард теңге артық болмақ. Сонымен бірге бюджет түсіміне 2010 жылдан қалған 82,9 миллиард теңге қаржы да қосылады.
Жоба бойынша республикалық бюджеттің шығыс бөлігінде басымдық берілген бағдарламалар да анықталды. Негізінен бюджетте қарастырылған қаржы білім беру саласына (20,5 миллиард теңге), денсаулық сақтау саласына (7,1 миллиард теңге), тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламансын іс жүзіне асыруға (40,2 миллиард теңге) жұмсалмақ. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына 56,9 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 15,2 миллиард теңге, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 8,2 миллиард теңге қарастырылған. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын тұрғын-үй коммуналдық саланы дамытуға және жылжымайтын мүлік рыногын қолдауға 75 миллиард теңге, дағдарыстан кейінгі тұрақтандырудың жаңа бағдарламасына 8,8 миллиард теңге, «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасына 15 миллиард теңге, гидротехникалық қондырғылар және өзен жағалауларын бекіту шараларына 9,9 миллиард теңге жұмсалмақ.
«Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасының негізгі мақсаты тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту арқылы ел экономикасына қарқынды даму үдерісін беру болып табылады. Елбасының Жолдауынан туындаған тұрғын үй құрылысын қолдау бағдарламасының аясында 2011 жылы 6 миллион шаршы метр тұрғын үй қорын пайдалануға беру көзделген. Бұл бағдарлама шеңберінде 500 мың шаршы метр тұрғын үй қоры мемлекеттік бағдарлама бойынша республикалық бюджет қаржысы есебінен қамтамасыз етіледі. 2,3 миллион шаршы метр тұрғын үй қоры үлескерлерді мемлекет тарапынан қолдау бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Ал 400 мың шаршы метр тұрғын үй қоры коммерциялық негізде жүзеге асырылмақ. 2,8 миллион шаршы метр тұрғын үй қоры жеке меншік негізде жүзеге асырылмақ.
Мемлекет басшысының «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерге байланысты елімізде «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бұл бағдарлама Елбасының 2010 жылғы 19 наурызда жарыққа шыққан елімізді үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасының шеңберіндегі белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға арналған. Ал «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасының негізгі мақсаты елімізде бұдан бұрын қабылданған дағдарысқа қарсы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жалғасы болып табылады.
Сонымен бірге, қайта пысықталған республикалық бюджет аясында Алматы қаласына 12,1 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде Алматы метрополитеніне 2,1 миллиард теңге, «Әйгерім» тұрғын үй кешенін аяқтауға 2 миллиард теңге бөлінбек. Ал Астана қаласының құрылысын дамытуға, оның ішінде №2 ЖЭО-ны қайта жарақтандыруға 3,3 миллиард теңге, үлескерлердің қатысуымен салынатын тұрғын үй құрылысын аяқтауға 2 миллиард теңге бөлінбек. Үкімет отырысында Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауынан және «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттер қаржылық жағынан толық қамтамасыз етіліп, нақты жүзеге асыру бағытында тиянақты шешімдер қабылданды.
Үкімет мүшелері жан-жақты талқылаудан кейін «Қазақстан Республикасының 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын толық мақұлдап, бекітті. Сонымен бірге Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет Әбдібеков «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасының жобасымен таныстырды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.