24 Тамыз, 2016

Астана олимпиадашыларды құшақ жая қарсы алды

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
???????????????????????????????????? Бүгін түнде Астанаға Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпия ойындарынан олжалы оралған спортшыларымыз келді. Оларды Астананың халықаралық әуежайында қала халқы ерекше құрметпен, сән-салтанатпен қарсы алды. Әуежайға жиналған жұртшылық еліміздің көк байрағын желбіретіп, «Алға, Қазақстан!» деп ұрандатып, спортшылар мен жаттықтырушыларға құрмет көрсетті. Салтанатты шарада Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Олимпиададан келген Қазақстанның бокстан, еркін күрес пен әйелдер күресінен ұлттық құрама командасын құттықтады. Ол сахна төріне шығып, елімізге төрт жылда бір келетін додадан жеңіс туын әкелген Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, күміс жүлдегерлер Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Гүзел Манюрова, қола жүлдегерлер Иван Дычко, Дариға Шәкімова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова мен олардың жаттықтырушыларына қарата сөз сөйлеп, Олимпиададағы жеңістерінің маңыздылығын атап өтті. «Олимпиададан оралған спортшыларымызды осында жиналған көпшіліктің атынан шын жүректен құттықтаймын. Сіздер жарыста халқымыздың және осы жерге арнайы келген ағайынның сенімін ақтадыңыздар. Осы сахнада тұрған әрқайсыңыз еліміздің намысын қорғадыңыздар. Сіздер біз үшін еліміздің нағыз батырларысыздар. Олимпиада кезінде бүкіл ел сіздерге жанкүйер болды. Қазір оны айтып жеткізу мүмкін емес. Олимпиада - жарыстардың жарысы, төресі. Осы додада лайықты өнер көрсеткен сіздермен біз әрқашан мақтанамыз», деді ол. Одан әрі қала әкімі олимпиадашылардың жеңісі  мыңдаған жас жігіттер бен қыздардың спортқа деген қызығушылықтарын оятқанын, енді елімізде Олимпиада шыңына шығуды армандайтын, соны өмірлік мақсаты етіп алдына қоятын жасөспірімдердің саны көбейетінін,  осының барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруда, бұқаралық және кәсіби спортты дамытуда жүргізіп жатқан сындарлы, салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отырғанын атап өтті. Осы жерде Астана әкімі Василий Левиттің жүлдесіне тоқталып, оның күміс медалі біз үшін алтын жүлде болатынын, ол халқымыздың жүрегінде Олимпиада чемпионы болып қала беретінін жеткізді. «Василий Левит, білесің бе, біз сені Олимпиада чемпионы деп санаймыз. Өмірде бәрі болады. Сенің алдыңда әлі керемет жеңістер болатынына сенімдімін! Сен біз үшін – чемпионсың!», деді ол. Осыдан кейін қала әкімі қалыптасқан дәстүр бойынша Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлері мемлекет тарапынан марапатталатынын, оларға тиісті сыйақы мен Астанадан пәтердің берілетінін айтты. Осыған байланысты қала әкімі сый-құрметтің басы ретінде боксшы Данияр Елеусінов, Василий Левит пен күрес шебері Гүзел Манюроваға «Джип» көлігінің кілтін табыс етті. Салтанатты шарада спортшылар өздеріне қолдау көрсеткен ағайынға алғыс сезімдерін білдірді. Онда Данияр Елеусінов, Гүзел Манюрова мен Василий Левиттің анасы Татьяна Левит сахна ортасына шығып, елімізде спортты дамытуға барлық жағдай жасап жатқан Мемлекет басшысына, Астанада қала әкіміне, өздерін жарысқа дайындаған жеке жаттықтырушыларына, команданың бас жаттықтырушысына, бапкерлер штабына алғыстарын жеткізді. «Біз Мұxиттың арғы жағында болсақ та, xалықтың қолдауын сезіндік. Жеңіске жетуге жағдай жасап отырған Елбасымызға мың да бір алғыс! Біздің жеңісіміздің барлығы жаттықтырушылардың арқасы. Олардың еңбегі өте зор. Сол жаттықтырушыларыма алғысымды білдіргім келеді. Жеке бапкерім – әкеме, команданың бас жаттықтырушысына, басқа да бапкерлерге алғысым шексіз. Спортшыны жарысқа дайындауда массажист, дәрігерлер мен биохимиктердің де еңбегі зор.  Осы азаматтардың еңбегі көп. Біз Олимпиадада жанкүйерлер мен осы кісілердің қолдауымен жеңіске жеттік. Сіздерді қуантқаныма, арманыма жеткеніме өте қуаныштымын!», деді Данияр Елеусінов. Олимпиаданың күміс жүлдегері Гүзел Манюрова да жанкүйерлерге алғысын білдірді. Ол жүрегі толқып, тебіреніп, медальді халықтың қолдауының арқасында жеңіп алғанын айтты. Ал Василий Левиттің анасы әрбір чемпионның артында мықты ана мен мықты жаттықтырушының, рухы мықты халықтың тұратынын, Қазақстан секілді Ұлы елде тұрып жатқан әрбір адам әрқашан да мемлекеттің қолдауына ие болып жатқанын айтып, баласының Олимпиаданың биік шыңына шығуына барлық жанкүйердің үлесі бар екенін атап өтті. Осылай дей келіп, Татьяна Левит халыққа ыстық ықыласы үшін басын иіп, құрмет көрсетті. Салтанатты шара аяқталысымен спортшылар жүздері бал-бұл жанған балалармен естелік суретке түсіп, жанкүйерлермен жарыс туралы сырласып, елге деген сағыныштарын бір тарқатты. Дастан КЕНЖАЛИН ???????????????????????????????????? ???????????????????????????????????? ???????????????????????????????????? ???????????????????????????????????? ???????????????????????????????????? ???????????????????????????????????? ???????????????????????????????????? ???????????????????????????????????? ???????????????????????????????????? Фото: Ерлан ОМАРОВ