Жамбыл облысының Талас ауданында орын алған заң бұзушылық іс-әрекеттерді әшкере еткені үшін «Алтын алқа» иегері, ардагер ұстаз Камила Қоржықова қысым көргеніне шағымданып, редакциямызға келді. Әріптестері тарапынан үстінен арыз да жазылған екен, бірақ дәлелін таппапты. Ал кейбір істе қылмыстық құрам болмағандықтан, жабылған. Тіпті солардың, яғни арызданушылардың бірқатарымен сотқа дейінгі бітімгершілік келісімі де жасалыпты.
Ал енді ардагер ұстаз неге шағымданды дейсіз ғой. Түсінікті болу үшін оған толығырақ тоқтала кетейік. Әуелі Камила Қоржықованың сын садағына аудан әкімінен бастап, қарапайым мектеп мұғалімдеріне дейін ілігіпті. Атап айтқанда, олардың арасында Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев, Жамбыл облыстық білім бөлімінің басшысы Сұлушаш Құрманбекова, Талас ауданы білім бөлімінің бұрынғы басшысы Гүлнар Тұрсынбекова, Қаратау қаласындағы «Игілік» кәсіпорнының директоры Рашид Сейдалиев, «Астана» балабақшасының бұрынғы меңгерушісі Ләззат Сейдалиева, С.Сейфуллин атындағы мектептің 2012-2013 жылдар аралығында директоры болған Гүлмира Зейнелова және осы оқу орнының мұғалімдері Сұлушаш Биназарова, Салтанат Әлиева және Бақтыгүл Сүлейменова бар. Жалпы, алғашқы сот процесі Қаратау қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мектеп директоры Асан Оразымбетовтің мұғалімдердің жалақысын жымқырған іс-әрекеті үшін екі жылға сотталғандығынан бастау алған. К.Қоржықованың арызының ізімен сол кездегі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қаратау аймағы бойынша басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізген және арыз нақты дәлелін тапқан.
Бұл ретте Талас аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мадиярбек Миралиевтің сотты болған директор А.Оразымбетовті арашалап қалуға тырысқандығы белгілі болып отыр. Сол үшін ол К.Қоржықоваға келіп, «арызыңды қайтарып ал» деген көрінеді. Бұл ұсынысты қабыл алмағандықтан М.Миралиев арызданушының соңына түскен. С.Сейфуллин атындағы мектептің бұрынғы кәсіподақ төрағасы Мейрамбек Қырқымбаевтың Талас аудандық сотына К.Қоржықованың үстінен арыздануы соның бір көрінісі. ҚК-нің 129-бабы 1-бөлімімен жауапкер кінәлі деп табылып, 161800 теңге айыппұл да салыныпты. Алайда, Жамбыл облыстық сотының апелляциялық және кассациялық сот алқасы да заңнамада сыбайлас жемқорлық туралы тиісті заң орындарына хабарлаған адамды мемлекеттің қорғауына алатындығы көзделгенін негізге алып, ардагер ұстаздың әрекетінде қылмыстық құрам болмағандықтан ақтап шыққан. Артынан Талас аудандық сотының судьясы Беклан Жармұхамбетовтің заңсыз үкімінің күші жойылуына орай Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты К.Қоржықоваға Қаржы министрлігінен моральдық зиянға өтем жасау мақсатында 200 000 теңге өндіріп берген.
Сондай-ақ, К.Қоржықованың қаламына іліккен С.Сейфуллин атындағы мектептің бұрынғы директоры Гүлмира Зейнелованың 2012-2013 оқу жылында құжат жүзінде бар, ал мектеп партасында жоқ 19 оқушыға жалған құжат жасағаны Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаменті тарапынан да нақты дәлелін тапқан. Тіпті мектептің мұғалімдеріне жоғары санат беру мәселесінде де былық-шылыққа жол берілген. Тарқатып айтқанда, Білім және ғылым министрлігінің 22.01.2010 жылғы №16 бұйрығынан 31-32-тармағы және Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылғы 8 тамыздағы №323 бұйрығының 1-ші қосымшасында көрсетілген талаптар мүлдем орындалмаған. Соның нәтижесінде мектеп мұғалімдері С.Әлиеваға, Б.Сүлейменоваға және С.Биназароваға Талас аудандық білім бөлімі мекемесінен қосымша қаражат төленіп отыр. Жоғары санаттағы осы үш мұғалімнің ешқандай жетістіктері жоқтығын Жамбыл облысы білім саласындағы бақылау департаменті толық анықтап бергенімен, облыстық және аудандық білім басқармалары әзірге ешқандай шара қолданбауда.
Ал Қаратау қаласындағы «Астана» балабақшасының бұрынғы меңгерушісі Ләззат Сейдалиеваны тағайындау кезінде біліктілік талаптарына сай келмесе де облыстық білім басқармасы тарапынан заңсыз келісім берілгені Жамбыл облысының прокуроры А.Майлыбаевтың жауабында айқын жазылған. Л.Сейдалиеваны балабақша меңгерушісіне тағайындаған кезде ҚР БҒМ ҚР №338 бұйрығы назарға алынбаған. Есесіне ҚР БҒМ 21.02.2012 жылғы №57 бұйрығын («Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындау қағидасын бекіту туралы») басшылыққа алынып, білім бөлімі 05.12.2012 жылғы №105 бұйрығымен «Астана» балабақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындаған. Жұмыс барысында балабақша меңгерушісінің іс-әрекеттері жөнінде өз ойын ашық білдірген тәрбиеші Эра Елтүзерованың қысымшылыққа ұшырауы жағдайды одан бетер ушықтырып жіберген көрінеді. Сондықтан да, «тәртіпсіз» тәрбиешіні бірнеше мәрте жиналыстарға салып, өз қол астындағы қызметкеріне «дипломын сатып алған» деп ішкі істер бөліміне де арыз жаздырғанымен, ол дәлелін таппай, іс қысқартылып отыр. Э.Елтүзерованы үш рет жұмыстан шығарғанымен, сол сот шешімімен балабақша тәрбиешісі орнына қайта келді. Осыншама қысымшылыққа барған Л.Сейдалиеваға ешқандай шара қолданылмай, «Бәйтерек» балабақшасы меңгерушісі қызметіне ауыстырылды. Ал балабақша меңгерушісінің зайыбы Рашид Сейдалиев «Мемлекеттік сатып алу» ережесіне байланысты бірнеше заң бұзушылықтарға жол берген. Тарқатып айтқанда, «Талас ауданы әкімдігінің «Игілік» көпсалалы кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры ретінде ол Қаратау қаласы Шейн көшесі 5 үйде орналасқан кәсіпорын ғимаратын жерімен қоса «Бірлік Сервис» ЖШС-не 270308 теңгеге сатқан.
Осы арада айта кету керек, Талас ауданы прокуратурасының аудан әкімі Болат Рысмендиевке 2014-2015 жылдардағы жылыту маусымында Үкімет резервінен бөлінген отынды (табиғи газ) сатып алуға қажетті 11370600 теңгені электр энергиясын сатып алуға жіберген «Игілік» кәсіпорнының директоры Рашид Сейдалиевті тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсынысы әлі орындалмаған. Дегенмен, Р.Сейдалиев және жұбайы Л.Сейдалиева Талас аудандық сотына жүгініп, Э.Елтүзерова мен К.Қоржықованы үстерінен жала жауып отыр деп шағымданған. Ал Талас аудандық сотының судьясы Беклан Жармұхамбетов жауапкерлердің ешқандай дәлелдері мен айғақтарын қабылдамай істі талапкерлер бір жақты пайдасына шешіп берген. Сондықтан да, Э.Елтүзерова мен К.Қоржықова әділдіктің ақ-қарасын айырып беру үшін редакцияға келіпті.
Ал біз болған жайды екі тарапқа да ортақ, яғни құқық қорғау органдарының ресми тексерістеріне негізделген құжаттарға сәйкес саралап қана шықтық.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»