Ел картасында жалпағынан жатқан Жамбыл облысының батысындағы қақпасы – Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» ЖШС осыдан бір жыл бұрын үлкен бір істі қолға алып, күн электр стансасын іске қосқан-ды. Баламалы энергия көздерін пайдаланатын бұл нысанның қуаты 50 мегаВатты құрайды.
Елбасы Н.Назарбаев былтырғы жылы Индустрияландыру күні аясында өткен жалпыұлттық телекөпір барысында «Қазіргі уақытта Жамбыл облысы жел энергетикасын орнатуда алдыңғы орындардың бірінде деуге болады. Бұл тәжірибені барлық жерде дамыту қажет. Еңбектеріңізге рахмет», деген болатын. Шынында, Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін дамытуда және оны пайдалануда республика бойынша алдыңғы орында келеді.
Міне, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Жамбыл облысына жұмыс сапары осынау энергия өндіруші нысаннан басталды. Бұл жоба индустрияландыру картасына енгізілген және жаңартылатын энергия көздерін дамыту шеңберінде жүзеге асырылады. «Burnoe Solar -1» ЖШС-нің директоры Нұрлан Капеновтің айтуына қарағанда, электр энергиясын өндіру үшін 150 гектарға 192 мың күн панельдері орналастырылған. Бұл панельдер 25 жылға дейін жұмыс істеуге жарамды, бірақ, үнемі күтіп ұстап, жөндеп отырса, бұл мерзімді 40 жылға дейін созуға болады. Өндірілген қуат қазір аудандағы ортақ энергия жүйесіне «құйылуда».
Стансада бүгінде отыздан астам адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта нысанның қуатын 100 мегаВаттқа дейін ұлғайту жоспары бар. Бұл 30 мың ауланы жарықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, осы өңірдегі электр энергиясына деген тапшылықтың болмауына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Биылғы жылдың алты айында 16 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Айтпақшы, «Burnoe Solar-1» ЖШС-нің күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып есептелетінін мақтанышпен айтуға болады. Басты ұраны «жасыл экономика» болып отырған ЭКСПО-2017 көрмесінде бұл станса жұмысы облыста баламалы энергия көздерін таратудағы ең тиімді жобалардың бірі ретінде таныстырылмақ.
Халық шаруашылығында химия өнімі қолданылмайтын сала сирек. Ол, әсіресе, ауыл шаруашылығын өркендету үшін аса қажет. Егістікке фосфор тыңайтқышын енгізу қызылша өнімділігін – 40, мақтаны – 23, күздік бидайды – 11, жүгеріні – 20, күрішті – 15 және бақша дақылдарын 40 пайызға арттыратыны ғылыми негізде дәлелденген. Бүгінгі таңда еліміздегі агроқұрылымдардың қарамағындағы егістіктерді құнарландыру үшін ғана 1 млн 200 мың тонна минералдық тыңайтқыш қажет екен. Өкінішке қарай, экономикалық қиындықтарға байланысты егістікке тыңайтқыштың қажетті мөлшері енгізілмей келеді.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар» зауытында көшпелі мәжіліс өткізіп, химия өнеркәсібін дамыту мәселесін талқылады. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев химия саласының жетістігі мен мәселесін сараптап айтып берді. Бұл салаға жауапты басшылар да өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Бүгінде 449,2 гектар жерді алып жатқан бұл кәсіпорын өнімінің негізгі бөлігі отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасы бойынша ішкі нарықта сатылады. Сонымен қатар, Қытай, Украина, Беларусь және Тәжікстан нарықтарында сатылып, Ауғанстан, Қырғызстан, Румыния, Чехия, Болгария, Иранның фосфорлы тыңайтқыштар нарықтарына шығару жөнінде ауқымды жұмыстар қолға алынуда.
– Кейінгі кезде химия өнеркәсібін өркендету ел экономикасының қарыштап дамуына қол жеткізетін маңызды бір сала екені іс жүзінде дәлелденді, – деді «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров. – Шынында, химия кластерін дамытатын кез келді. Еліміз фосфор кені жөнінен әлемде төртінші орында. Оның 15 млрд тонна қоры барланған. Кейінгі кезде көптеген мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда. Ауыл шаруашылығы өнімін мол өндіру үшін минералды тыңайтқыш аса қажет. Сондықтан да, химия өнімдерін көп өндіру арқылы еліміздің әлеуетін арттыруға болады. Бүгінде біздің компанияда 6 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жұмысшыларды қысқарту болған емес және алдағы уақытта да болмайды деп ойлаймын. Олардың орташа айлық жалақысы 104 мың теңгені құрайды. Біздің компания еліміздің үш аймағында, яғни Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, Алматы, Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шымкент, Степногор қалалары мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Әрине, әлемдік қаржы дағдарысы кәсіпорынның өндірісті қарыштап дамытуына аз кедергі келтіріп отырған жоқ. Олар соған қарамастан еңбек ырғағын бәсеңдетпеуге күш салуда.
Жастар – үлкен күш. Жастар дегеніміз – жалын от. Жас жүрген жер – мереке. Жамбыл жастары белсенді, қолынан іс келетіндігімен, ойлы да биік рухтылығымен, жігерлі де іскерлігімен ерекшеленеді. Міне, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің жамбылдық жастармен кездесуі барысында қазіргі жас ұрпақтың болашаққа батыл әрі ашық көзқараспен қарайтынын анық аңғардық. Ашық-жарқын әңгіме барысында жастар жағы отандық бизнесті қолдау, алыс ауылдарға аттанған жас мамандар жайын, жұмыссыздықты жою, талантты жастарды қолдау, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, отандық кинопрокатты дамыту мәселелерін қозғады. Кездесу өте емін-еркін өткендіктен болар, жастар Үкімет басшысын «Жайдарман» кешінің қонағы болуға шақырып, Кәрім Мәсімов алдағы уақытта Астана қаласында өтетін КТК ойындарына міндетті түрде қатысып, көрермен ретінде тамашалауға уәде берді.
Бұл күні Премьер-Министр Жуалы ауданындағы «Гамбург» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясын пайдалана отырып, жем-шөп дақылдарын өсіру жөніндегі жобасымен және облыстық жергілікті полиция қызметінің жұмысымен танысты. Ірі қара мал басын көбейтуді мықтап қолға алған «Гамбург» ет, сүт, шұжық шығару өндірісі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсібімен де айналысады. Ал 1280 сақшысы бар жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігі, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, әкімшілік құқық бұзушылық пен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары бағыттары бойынша бел шешіп қызмет етуде.
Сапарының соңында К.Мәсімов Тараз қаласындағы «Көне Тараз» археологиялық саябағындағы мұражай мен ежелгі қала орнында жүргізілген қазба жұмыстарының барысымен танысып, ашық алаңда жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Әңгіме Тараз қаласының тарихы, туризм мәселесі, жастар тәрбиесі төңірегінде өрбіді. Өткенімізге ізет, бүгінгі ұрпаққа зор мақтаныш болған бұл саябақ – былтыр ғана Тараз төрінде дүбірлеп өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының басты сыйлығы болатын. Көне шаһардың, шежірелі өлкенің тарихынан сыр шертетін бұл саябақтың құрамына ашық аспанасты мұражайы, «Достық үйі», шолу мұнарасы мен «Мыңбұлақ» сквері кіреді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы