Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Қайрат Лама Шәріп Әмірліктерде аккредиттелген дипломатиялық корпус, Сыртқы істер министрлігі, компаниялар мен халықаралық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізді.
Брифингтің негізгі мақсаты шақырылғандарды Қазақстан Республикасының халықаралық сахнадағы өзекті бастамаларымен таныстыру болды. Қазақстандық дипломат брифингке қатысушыларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит шеңберінде ұсынған «Әлем. ХХІ ғасыр» жалпы әлемдік дамудың жаһандық стратегиясы бойынша бастамасы туралы егжей-тегжейлі хабарлады.
Ғаламдық қауіпсіздік проблематикасы әлемдік қоғамдастықтың алдында бұрын-соңды болмаған маңызға ие және Қазақстан Президенті өзінің манифесінде жаһандық бейбітшілік пен қақтығыстарды реттеуге жету үшін негізгі қадамдарды белгіледі. Брифингте елшілік тарапынан араб және ағылшын тілдерінде шығарылған «Манифест: Әлем. ХХІ ғасыр» брошюрасы ұсынылды.
Бұл жерде елші негізгі мақсаты азаматтық қоғам мен үкіметтік емес және жастар ұйымдарын Ядролық қаруды сынауды тоқтату және ядролық қаруды сынауға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуіне жәрдемдесуге тарту болып табылатын Мемлекет басшысының – АТОМ жобасы (Abolish Testing. Our Mission) бастамасының белсенді іске асып жатқанын атап өтті.
Қ.Лама Шәріп Қазақстанның қауіпсіз әлем құрудағы белсенді ұстанымы әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, қолдауға ие болғанын хабарлады. Мұның мысалы ретінде Семей полигонының жабылуы мен Қазақстанда МАГАТЭ туы астында Төмен байытылған ядролық отын банкін құруды айтуға болады.
Сонымен қатар, елші брифингке қатысушыларға үстіміздегі жылғы 29 тамызда Астанада Семей ядролық полигонының жабылуының 25 жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» тақырыбындағы халықаралық конференция өтетінін және оған беделді саясаткерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің қатысатынын хабарлады.
Қазақстандық дипломат шет мемлекеттер елшілеріне үстіміздегі жылғы маусымда өткен 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесін сайлауда Қазақстанның кандидатурасына қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
Брифингтің соңында іс-шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бастамаларына арналған ақпараттық-имидждік материалдар таратылды.
«Егемен-ақпарат»