24 Тамыз, 2016

Жалған хабар жарға жығады

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Біреу тойып секіреді...» деген нақылдың ескірмейтін түрі бар. Бұл деңгейдегілердің жас талғамайтынын қайтерсіз. Мынаны қараңыз... 21 тамыз күні Еңбекшілдер аудандық ішкі істер  бөліміне жергілікті тұрғын қоңырау шалып, танысының Еңбек ауылындағы тоғанда демалушыларға тапаншамен оқ атып жатқанын, зардап шегушілердің де барлығын хабарлайды. 53 жаста екен. Ата сақалы омырауына түскендейін кісіге кім сенбесін. Тез арада тергеу-жедел тобы оқиға орнына жөнелтіліп, артынан ІІБ-ның жеке құрамы да жетіп барған. Айналаның бәрі жіті тексеріліп, жақын маңдағы ауыл тұрғындарына сұрау салынды. Ақырында бұл хабардың негізсіз екендігі анықталды. Полицейлер: «Оу, мынауыңыз қалай?» – деген сұрақ қояды ғой. Жауаптың түрін қараңыз – «Мас болып қалыппын...». Осыны ұялмай-қызармай айтқан кісінің үстінен ҚР ҚК 419-бабының 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл дегеніңіз, 3 жылдан 7 жылға дейін бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бостандығынан айыру дегенді білдіреді. Енді «қалжыңбас» жастарға келейік. Ауылдан оқу оқып, білім ал деп жіберген 20 жастағы қыз «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнына телефон шалады. Түнгі бір жарымда. Ол үрейлі дауыспен «Су арнасының» ауласына бомба қойылған деп хабарлайды. Полиция мен төтенше жағдайлар қызметі дүр сілкініп көтерілді. Ит әлекке түскенмен ештеңе табылмады. Бұдан не шықты? Еріккен қыз Көкшетау  қалалық сотының үкімімен екі жылға шартты түрде бостандығынан айырылып тынды. Дәл осындай жағдай Бурабай және Ақкөл аудандарында қайталанды. Екі жігіт сауда үйлеріне жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Мұндайда «е, соны қойшы» деуге болмайды. Тағы да жұртшылықты дүрліктіріп, арнайы операция жүргізілді. Бұл хабардың да шындыққа жанаспайтыны анықталған. «Ойланбаған опық жейді» дегеніміз осы. Ойланайық, ағайын! Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан»