18 Ақпан, 2011

Ғалымға құрмет

624 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академик Рымғали Нұрғали атындағы дәрісхана ашылды Қазақстанның халық жазу­шы­сы, мемлекет және қоғам қай­рат­кері Әбіш Кекілбаев: «Қа­дірлі қауым, бүгіннен бастап Рымғали Нұрғали тарихтың меншігіне айналды. Бұған дейінгі оның сөй­леген сөзі, айтқан пікірлерінің барлығы біздің көз алдымызда тұр. Ал сөйлеген сөз­дері мен еңбектері енді Рым­ғали Нұрғали атындағы дәріс­хана болып сөй­ле­мек. Рымғали­дың мәңгілік өмірі жасай берсін! Жазған дүниесі арттағы ұр­паққа жұғысты бол­сын! Шә­кірт­тері оның сөзі мен пікірін дамытып, өрбітіп жүр­сін!» деген ақ батасымен дә­ріс­хананы ашты. Бұдан кейін дәріс­ханада  «Рымғали Нұрғали мұра­сы жә­не қазіргі әдебиеттанудың кө­кей­кесті мә­се­лелері» атты рес­публикалық ғы­лыми-теориялық кон­ференция өтті. Онда Мәде­ни­ет министрі Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед, Парламент депу­тат­тары Әд­іл Ахметов, Уәлихан Қалижан, академик Жабайхан Әбділдин,  та­нымал қаламгер Сұл­тан Оразалинов, «Егемен Қазақ­стан» рес­публика­лық газеті» АҚ президенті Сау­ыт­бек Абдрахманов, тағы басқа­лар сөз сөйлеп, баяндама жасады. Әдебиеттану мен тіл білі­мі­нің өзекті мәселелеріне арнал­ған кон­ференцияда сөйлеген сөзінде Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Шын­ды­ғында Рымғали Нұрға­ли нағыз алашшыл азамат еді. Сонау Ке­ңес заманында Алаш болаша­ғына нағыз жаны ашы­ған адам­ның бірі де осы  Рым­ғали Нұр­ға­ли болды. Ол өз заманынан озып туған тұлға еді» десе, сенатор Әділ Ахметов: «Өлді деуге бола ма, ой­лаңдаршы, өлмейтұғын ар­тына сөз қалдырған» деп Абай айт­қандай, бірқатар Алаш аза­мат­­тарын зерттеген тұлғаның ар­тын­да қаншама еңбектері тұр­ғанда өлді деуге келмес. Алдағы уақытта  осы дәрісхана арқылы талай ұрпақ осы жерден білімге сусындайтын болады», дей келе, ғалымның екі кітабын дә­ріс­ха­наға, нақтырақ айтқанда, университет ректоры Бақытжан Әбді­рай­ымға тарту етті. Жоғары деңгейде жасақ­тал­ған дәрісханада академик өмірі мен шығармашылығынан сыр шер­те­тін мағлұматтардың бәрі бар. Дә­рісхана қабырғасына жа­ғалай іл­ін­ген академиктің шы­ғарма­шы­лы­ғы жайлы ақпарат­тар мен еңбек­теріне арналған кітап сөрелері өз деңгейінде жабдық­тал­ған екен десек, бұл дәрісхана алдағы уақытта ғалым еңбектерін ұлықтаумен қа­тар, кейінгі жас­тарға берері мол ойлы ұстахана болады деген  ойдамыз. Талант иесін ұдайы дәріптеу, насихаттау бұл күнде ерекше маңызға ие. Бұл – жастарды тәрбиелеуде тап­тырмас мүмкіндік. Тек әдебиет­танушы ғана емес, фило­со­фия­лық қырынан да көріне білген академик Рымғали Нұрғалидың бойына біткен қарапайым­ды­лығы, адамгершілік ұстаным­дары, туа біткен таланты мен ты­нымсыз еңбегі келешек ұрпаққа жұғысты болсын. Жұлдыз БАЙДІЛДА.