ИРАНДАҒЫ ҚАРСЫЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІ ӨЗГЕШЕЛЕУ
Тунистен басталып, кейін Египетте шырқау биігіне жеткен қарсылық әрекеттері араб дүниесі шегінен асып, әлемдік сипат алып бара жатқандай. Ол Иранға да келіп жетті. Дүйсенбіде басталған көп адам қатысқан қарсылық акциялары ел астанасы Теһранда ғана емес, басқа да біршама қалаларда жалғасты.
Әрине, жұрт қазір шеруге шыққандарға, қала көшелерін басып алып, онда көлікті жүргізбей қойғандарға таңданбайды. Сөйтсе де, Ирандағы бой көрсетудің орны бөлектеу. Бұл елде тәртіп қатал. Және ол діни талапқа негізделген. Ал бұл ел халқының дінге беріктігі, оған құрметі айрықша күшті. Тіпті, соған қарамай, халық қарсылық әрекеттеріне шықса, онда шыдамның да шегіне жеткенін аңғарғандайсың.
Сол Иранның өзінен жеткен хабарларға қарағанда, дүйсенбіде бұқаралық сипат алған қарсылық әрекеттері салдарынан, халықтың полициямен қақтығысынан бір адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған көрінеді. Жүздеген адам қамауға алыныпты. Көптеген нысандарға қатаң күзет қойылған. Тіпті оппозиция көсемдерінің үйлері де күзетте.
Халықтың талабы не? Иран Ислам Республикасының президенті Махмұд Ахмадинежад биліктен кетсін дейді. Әрине, мұны қарсылықтың сыртқы көрінісі деген жөн болар. Ахмадинежад кеткенімен, бұл елде жағдай өзгере қоймасы белгілі. Ол бар-жоғы елдегі жүйенің қазіргі мақұлдаған адамы ғана. Ол кетсе, басқаны қояды. Елдегі қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін сол жүйенің өзгеруі қажет.
Өздерінің қарсылық әрекеттерін жүзеге асыру үшін оппозиция барлық мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келеді. Олар осы дүйсенбіде Египеттегі жағдайға байланысты ондағы халықтың талабын қолдау акциясын өткізуге рұқсат сұраған. Және оны жұртқа да жария етті. Ондағы мақсат – Теһрандағы Азади (Азаттық) алаңына халықты көбірек жинау еді. Бірақ билік рұқсат етпеуімен қатар, сол алаңға өздерінің күштерін де көбірек жинап, мықтап дайындалуға мүмкіндік алды. Репрессиялық әрекетке көшті.
Осы жерде президент Ахмадинежадтың шалыс басқан бір қадамын айта кеткен жөн. Ол Египеттегі оқиғалар 1979 жылғы Ирандағы Хомейни басқарған Ислам революциясының әсерінен болды деп мақтанғаны бар. Демек, Египет оқиғасы құптарлық жай. Соны ескеріп, оппозиция осыны қолдау үшін жиын өткізуге рұқсат сұрағанда, биліктің оған қарсы болуын оппозиция екіжүзділік деп жариялап, президент өз абыройын біраз төгіп алды.
Жалпы, Ирандағы тәртіп, ол жүргізіп отырған саясат әлем жұртшылығы тарапынан айтарлықтай сынға ұшырап жүр. Оның ядролық бағдарламасына байланысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрт рет санкция жариялады. Оны Иран басшылығы мойындамағанмен, бұл шара ел халқына айтарлықтай ауыртпалық болып тиіп отыр.
Қазір елде қатаң тәртіп орныққан. Ақпарат құралдары ауыздықталып, интернет-сайттар, спутниктік телеарналар жабылған, тіпті ұялы телефон байланысы да тоқтатылған. Оппозиция көсемдері Мир-Хоссейн Мусави мен Мади Карруби ұйқамақта отыр. Бірақ, бүкіл халықты қамауға алу қиын. Египет халқын қолдау акциясын өткізуге рұқсат етпегенмен, билік осы жұмада өз тарапынан 1979 жылғы Ислам революциясының 32 жылдығына байланысты шаралар өткізбек. Оған барған халықтың тек сол революция күнін ғана ойлайтынына шүбә көп. Билікке жаңа талаптар қоюы әбден мүмкін.
Иран күрделі жағдайды бастан кешіп отыр.
* * *
БЕРЛУСКОНИДІҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ БҰРЫНҒЫДАЙ ЕМЕС
Италияның премьер-министрі Сильвио Берлускониді қазір әлемдік телеарналар жиі көрсетеді. Басқа да ақпарат құралдары өз хабарларына басты тақырып етеді. Мемлекеттік мәселеге қатысты емес, оның пендешілік ісіне қатысты. Италия соты оған кәмелетке толмаған эмигрант қызбен қатынаста болған деген айып тағып отыр.
Адамның мұндай пендешілік ісін сөз ету де артықтай көрінеді. Берлускони жай қатардағы пенде емес, мемлекеттік тұлға. Оған мұндай пендешілік жараспайтыны өз алдына, осынау істе оның жалған сөйлегені, өз кінәсін басқалардың жаласы деп айтқаны, яғни басқаларды айыптағаны адамгершілікке мүлдем үйлеспеуімен бірге, қылмыстық сипаттағы әрекет деген пікірлер айтқызып отыр.
Жалпы, Берлускониге әркез сөз ереді де жүреді. Елдегі ең қаржылы адамның бірі ретінде оның меншігіндегі дүниесінің заңсыздығы, біреудің есесін жегені, салықтан жасырғаны туралы айтылып жатады. Әйтеуір, соның бәрінен құтылып кетеді. Кейде жоғары лауазымды қызметінің арқасында, яғни жеке басына қол сұғылмаушылық құқын пайдаланып құтылады.
Басқа қайраткерлер мұндай әңгімеден кейін қызметін де тастап, бас сауғалап кетер еді. Ал Берлускониге мұндай «әлсіздік» жат. Соттасса, жеңіп шығады, ал отбасылық әңгімені күндестерінің көре алмаушылығы деп бет бақтырмайды. Қашып құтылатын жер қалмағанда, жеке басымның ісіне ешкім араласпасын деп қасқайып тұрар еді.
Соның бәрінде де ол күйіну, ренжуді білмейтін, күліп тұрып жауап беретін. Осыдан дәл бір ай бұрын, қаңтардың ортасында, бүгінгі әңгіме шыққан кезде де әлемнің көптеген басылымы оның жадырап күліп тұрған суреті мен «олар мені тоқтата алмайды» деген сөзін жариялаған.
Қазір Берлусконидің көңіл-күйі пәс. Телеарналарда оның мұңайып тұрғанын көресің. Газеттердегі суреттерінде де сондай сәттері бейнеленеді. Бұрынғыдай, қашып құтылатын жолдың қалмағаны ма дерсің. Сірә, кәдімгі соттан гөрі оған Италия әйелдерінің бас біріктіріп, оны айыптағаны қаттырақ тиген сыңайлы. 100 мыңнан аса әйел және оларды жақтаушылар шеруге шығып, 74 жастағы премьердің қызметінен кетуін талап етіп отыр. Олардың пікірінше, Берлусконидің қылығы елдің бүкіл әйелдер қауымын қорлағандық болып көрінеді.
Бір жағы сол әйелдердің бас көтеруінің ықпалы да болар, Италия соты Милан прокуратурасының ұсынысын қабылдап, Берлусконидің үстінен іс қозғауға шешім шығарды. Судья Кристина ди Сенсоның мәлімдеуінше, сот 6 сәуірде басталмақ.
Ал прокуратураның айыптауынша, Берлускони Мароккодан келген 17 жасар биші қыз Рубиге өзімен қатынаста болғаны үшін ақша берген. Кейін бұл қыз ұрлығы үшін деген айыппен полицияға түскенде, оны премьер ажыратып алған. Берлускони мұны жай адамгершілік аяушылықпен жасадым дейді.
Берлусконидің тұнжырауына қарағанда, прокуратураның тапжылтпас дәлелдері көп сияқты.
Мамадияр ЖАҚЫП.