Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Сербия Республикасына ресми сапары табысты қорытындыланды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербия Республикасына ресми сапары кеше «Сербия» сарайында екі ел президенттерінің кездесуімен басталды. Оның алдында мәртебелі мейманның келу құрметіне зеңбіректерден 10 дүркін оқ атылып, Құрмет қарауылы сап түзеді. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалып, президенттер мемлекеттік туларға тағзым жасады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Президенті Томислав Николичпен шағын құрамда келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы әріптестік байланыстарды одан әрі нығайту жолдарын талқылады, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелеріне қатысты өзара пікір алмасты.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Томислав Николич Сербия Президентінің Қазақстанға былтырғы сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтың іске асырылу барысына тоқталып өтті. Қазақстан басшысы Сербия еліміздің маңызды серіктесінің бірі болып табылатынын және бүгінде екі ел арасында түрлі экономикалық және саяси салалар бойынша толық өзара түсіністіктің орын алып отырғанын атап өтті.
– Бүгінгі кездесуіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын және Сербиямен дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 20 жылдығын атап өтетін кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл кездесу тауар айналымын ұлғайтуға, экономикалық және саяси ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізеді деп үміттенемін. Біз ауыл шаруашылығы, металлургия, құрылыс, медицина және фармацевтика салаларында ынтымақтасуға ниеттіміз. Қазақстан мен Сербияның экономикасы бір-бірін өзара толықтыра түседі. Серіктестік екі тарапқа да пайдасын тигізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына дауыс беру және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне сайлау кезінде елімізді қолдағаны үшін Сербия көшбасшысына алғыс айтты.
Сербия Президенті бүгінде Астана мен Белград түрлі саладағы өзара іс-қимыл үшін зор әлеуетке ие екендігін атап өтті.
– Біз Сербия Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына қатысты бекем ұстанымыңыз, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі біздің елдің мәдени нысандарын сақтау ісіне қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылық білдіреміз, – деді Томислав Николич.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Сербия Президентін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Қазақстан басшысының Сербия Республикасына ресми сапары аясында кеңейтілген құрамда да келіссөздер өтті. Оның барысында өзара мүдделестік қалыптасқан бірқатар бағыт бойынша перспективалы жобалардың іске асырылу мәселелері қарастырылды. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың дамуында ілгерілеушіліктің, сондай-ақ, оның аясын кеңейте түсу үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды: Қазақстан Республикасы Президенті мен Сербия Республикасы Президентінің бірлескен мәлімдемесі; Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету, ұстап беру және сотталған адамдарды беру туралы шарт; Сербия Республикасының ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы туралы шарт; Алматы облысының әкімдігі мен Воеводина автономиялық аймағының үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстан басшысы өзінің алғашқы ресми сапары елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауының 20 жылдығына тұспа-тұс келгеніне тоқталды.
– Менің сапарым қарсаңында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның бірінші отырысы өтті. Бүгінде елдеріміз арасында экономикадағы өзара іс-қимыл деңгейі Қазақстан мен Сербияның мүмкіндіктеріне сай келмейді. Қазақстанда құрылыс және сауда салаларында Сербия капиталының қатысуымен 15-тей бірлескен кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Сербия компаниялары Алматы метрополитенінің бірқатар стансасының, өңірлердегі басқа да инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына қатысты, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында Сербия бизнесінің Қазақстанды индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық дамыту ісіне атсалысу мүмкіндіктерін талқылауға ерекше мән берілгенін атап өтті.
– Біз өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және транзит, медицина, туризм, шағын және орта бизнес салаларын ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіледік. Бұл орайда бізде жақсы тәжірибе бар, оның ішінде Сербияның «Энергожоба» компаниясы Қазақстан аумағында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға атсалысқан болатын. Біз елімізге озық тәжірибесі мен технологиялары бар Сербияның жаңа компаниялары келеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ, біз Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын арттыру үшін Қазақстан мен Сербияның көлік-транзит әлеуетін өзара пайдалану жөнінде пікір алмастық. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті биылғы мамырда Астанада ЕАЭО елдері көшбасшылары қабылдаған сауда режімін біріздендіру жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешім Еуразиялық экономикалық одақ пен Сербия арасында еркін сауда аймағын құруға жол ашатынын мәлімдеді.
Соңында Елбасы келіссөздердің маңызды бөлігі Қазақстан мен Сербияның халықаралық аренадағы ынтымақтастығына арналғанына назар аударды.
– Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның қызметі аясында тығыз ынтымақтастық жасау жөнінде уағдаластық. Келіссөздер нәтижесі екіжақты ынтымақтастықты арттыру тұрғысынан өзара іс-қимыл аясын ұлғайтуға ортақ ниет бар екенін айғақтады. Біз Орталық Азия өңірі мен Еуропадағы жағдайды, терроризммен күрес мәселелерін талқыладық. Өзара іс-қимылдың барлық мәселелері бүгінгі қабылданған бірлескен мәлімдемеде атап көрсетілді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, Сербия Республикасының Премьер-министрі Александр Вучичпен де кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту, саяси үнқатысу мен мәдени алмасуды нығайту, көлік, туризм және инфрақұрылым құрылысы саласындағы байланыстарды өрістету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, тараптар халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Вучич Қазақстан мен Сербияның өзара іс-қимылын одан әрі нығайту және кеңейту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербияға ресми сапары аясында болған мына бір ақжолтай жаңалықты айрықша атап өткен жөн. Сербия астанасы – Белград қаласында қазақ халқының атақты ақыны Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ашылып, рәсімге Елбасы қатысты. Салтанатты рәсім барысында Қазақстан мен Сербия басшылары Жамбыл Жабаевтың бюстіне гүл шоқтарын қойды.
Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға арнаған сөзінде қазақтың ұлы ақынының туғанына 170 жыл толған тұста Белград қаласында оның ескерткішінің ашылуы маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Бүгінгі іс-шара қазақ ақындары мен жазушыларының туындылары серб тіліне және, керісінше, серб қаламгерлерінің шығармалары қазақ тіліне аударылуына ықпалын тигізсе деймін. Осылайша, біз халқымызды және жастарымызды жақындастыра түсеміз, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Сербияның Қазақстандағы мәдени күндерін және Белградта еліміздің мәдени күндерін өткізуді ұсынды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бұдан кейін Қазақстан мен Сербия арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту қадамдары жалғасын табатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Сербия Президенті Т.Николич пен Белград қаласының мэрі С.Мали сөз сөйледі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапарының соңында Сербия Патриархы Иринеймен кездесті. Кездесу барысында Сербия Патриархы Қазақстан Президентіне Сербия Православие шіркеуінің жоғары наградасы – І дәрежелі Қасиетті Савва Орденін тапсырды.
Нұрсұлтан Әбішұлы конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған еліміздің саясатына берілген жоғары баға үшін алғыс айтты. – Қазақстанда ислам мен православие – діннің ең басты екі діңгегі. Біз елімізде тұратын барша конфессия өкілдерінің діни мерекелерін атап өтеміз. Егер де барлық мемлекеттердің көшбасшылары осындай қатынасты ұстанса, жер бетінде бейбітшілік орнаған болар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Патриархты Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары келесі съезінің жұмысына қатысуға шақырды.
Сербия Патриархы Ириней еліміздің бірегей тәжірибесі өзге елдер үшін, әсіресе, әлемде болып жатқан қазіргі жағдайлар аясында үлгі болып отырғанын айтты. – Сізді Сербияға, сондай-ақ барша конфессия өкілдерінің тең құқылы өмір сүруіне сіңірген барлық еңбегіңіз үшін халқымыз бен еліміздің үлкен досы ретінде осы орденмен марапаттаймыз.
– Біз де елімізде осындай жағдай жасалғанын қалаймыз, сол үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз, – деді Патриарх.
Ресми сапар түйінделер тұста Қазақстан Президенті Сербия Республикасына сапарының қорытындысына арналған брифинг өткізді. Брифинг барысында Елбасы екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша Қазақстан мен Сербияның өзара қарым-қатынасы аясын одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
– Сербия Президентінің Астанаға былтырғы сапары және Белградқа менің осы сапарым белсенді экономикалық өзара іс-қимылдың бастауына айналады деп ойлаймын. Ол үшін қазір бірегей мүмкіндіктерге жол ашылуда. Белградтың орталығында Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылуы – халқымыз бен мәдениетімізге деген құрметтің белгісі. Бұл да өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев білім беру, медицина және фармацевтика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, құрылыс салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігіне назар аударды.
Соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында өткен келіссөздер мен кездесулер екі елдің экономикалық байланысын одан әрі нығайтуға септігін тигізетінін айтты.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан» –
Белградтан
Суреттер Президенттің баспасөз
қызметінен алынды