25 Тамыз, 2016

Жеңіс туын желбіреткен

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_1788спортшыларымызды Астана құшақ жая қарсы алды Астанаға Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиялық ойындардан жүлде алған спортшыларымыз келді. Оларды Астананың халықаралық әуежайында қала халқы ерекше құрметпен, сән-салтанатпен қарсы алды. Әуежайға жиналған жұртшылық еліміздің көк байрағын желбіретіп, «Алға, Қазақстан!» деп ұрандатып, спортшылар мен жаттықтырушыларға құрмет көрсетті. Салтанатты шарада Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Олимпиададан жүлделі оралған Қазақстанның бокстан, еркін күрес пен әйелдер күресінен ұлттық құрама командаларын құттықтады. Ол сахна төріне шығып, елімізге төрт жылда бір келетін додадан жеңіс туын әкелген Олимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына қарата сөз сөйлеп, бұл жеңістердің маңыздылығын атап өтті. Қала әкімі өз сөзінде олимпиадашылардың жеңісі мыңдаған жас жігіттеріміз бен қыз­дарымыздың спортқа деген қызығушы­лықтарын оятқанын, енді елімізде Олимпиада шыңына шығуды өмірлік мақсаты етіп алдына қоятын жасөспірімдер саны көбейетінін, осының барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық арасында сала­матты өмір салтын қалыптастыруда, бұқара­лық және кәсіби спортты дамытуда жүр­гізіп жатқан сындарлы, салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отырғанын атап өтті. Осыдан кейін қала басшысы Ә.Исекешев қалыптас­қан дәстүр бойынша Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлері мемлекет тарапынан марапатталатынын, оларға тиісті сыйақымен қоса Астанадан пәтерлер бері­летінін айтты. Ол осы жерде сый-құр­мет­тің басы ретінде боксшылар Данияр Елеусінов­ке, Василий Левит пен күрес шебері Гүзел Манюроваға жол талғамайтын көліктердің кілтін табыс етті. Салтанатты шарада спортшылар өздеріне қолдау көрсеткен ағайынға алғыс білдірді. Онда Данияр Елеусінов, Гүзел Манюрова мен Василий Левиттің анасы Татьяна Левит жұртшылық алдына шығып, еліміз­де спортты дамытуға барлық жағдай жасап жат­қан Мемлекет басшысына, Астанада қала әкіміне, өздерін жарысқа дайындаған жеке жаттықтырушыларына, команданың бас жаттықтырушысына, бапкерлер штабына ризашылықтарын жеткізді. Салтанатты шара аяқталысымен спортшылар жүздері бал-бұл жанған балалармен естелік суретке түсіп, жанкүйерлермен жарыс туралы сырласып, елге деген сағыныштарын тарқатты. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»