25 Тамыз, 2016

Өтүкендегі өзгеше басылым

715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ryskulov-kitapМоңғолияда Тұрар Рысқұлов туралы екі еңбек жарық көрді Моңғолия Республика­сының Мұрағат басқармасында «Коминтерн Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметі» және «Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметіне қатысты құжаттар» атты моңғол тіліндегі қос монографияның таныстырылымы өтті. Бұл туралы Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) баспасөз қызметі хабарлады. TWESCO-ның ғылыми жобасы аясында әзірленіп басылған бұл кітаптардың авторлары – тарих ғылымдарының докторы, марқұм Чулуун Дашдава мен Моңғолия Мұрағат басқармасының бастығы, тарих ғылымдарының докторы Ишжамц Саруул. Халықаралық Түркі академия­сының, Моң­ғолия ғылым ака­де­миясының және «Егемен Қазақ­стан» респуб­ликалық газетінің ұйым­дастыруымен өтіп жатқан «Тәңір­таудан Өтүкенге дейін: Ұлы Дала көшпенділерінің тари­хи-мәдени қазыналары» атты ха­лықаралық экспедиция барысында өткен жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Түркияның қоғам қай­раткерлері, түркітанушы, моң­ғолтанушы ғалымдар мен журналистер қатысты. Сонымен қатар, таныстырылымға қатысқан Түркия ғылым академиясының президенті Аджар Ахмет Жеват пен Түрік тарих құрылымының төрағасы Рефик Тұран жаңа басылым туралы пікірлерімен бөлісіп, бауырлас түркі халықтары мақтан тұтатын Тұрар Рысқұловқа деген құрметі үшін моңғолиялық әріптестеріне ризашылықтарын білдірді. «Коминтерн Тұрар Рысқұ­ловтың Моңғолиядағы қызме­тінде» түркі халықтарының көр­некті мемлекет қайраткері Т.Рыс­құловтың қызметі Моңғолия архи­віндегі тың деректермен шынайы сомдалған. Сонымен қатар, «Тұрар Рысқұловтың Моң­ғо­лиядағы қыз­метіне қатысты құ­жаттар» атты екінші еңбекте қай­раткерге қатыс­ты Моңғолия ар­хивіндегі құжаттар жүйелеп жария­ланып отыр. Кітаптардың алғысөзін жаз­ған Д.Қыдырәлі таныстыру рәсімінде Тұрар Рысқұловтың 1924-1925 жылдары Коминтерн өкілі ретінде жаңадан құрылған жас мемлекет – Моңғолияның тәуелсіздігінің алғашқы жылдары атқарған жауапты қызметтері жөнінде тоқталды. Моңғолияның Конституциясының жазылуына, мемлекеттік алғашқы құрыл­тайдың өткізілуіне, сондай-ақ, халық­аралық сыртқы қарым-қаты­настардың реттелуіне қосқан үлесін тілге тиек етті. Айта кетерлігі, бұл моногра­фиялық еңбектер Моңғолияда әрқайсысы мың дана таралыммен жарық көрді.