Адамзат өркениетіндегі аса маңызды қадамға айналды
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығы қарсаңында «Аргументы и факты» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан аумағындағы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және ядролық арсеналдың жойылуы жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалысқа үлкен серпін берді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев – осы қозғалыстың бірден-бір көшбасшысы», деп атап өтті. Тамыздың 29-ы күні Астанада «Ядролық қарусыз әлем құру» атты жоғары деңгейдегі халықаралық конференция өтетіні баршамызға мәлім. Форумда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді.
Сенат басшысының пікірінше, «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы полигонды жабу туралы Жарлығы халықаралық қатынастар тарихындағы аса маңызды шешімдердің бірі болып табылады. Бұл шешім күрделі саяси ахуал кезінде әрі бұрынғы КСРО-ның әскери-өнеркәсіп элитасының ұстанымына қарамастан қабылданды». Қ.Тоқаев атап өткендей, бұл әзірше әлемдік қарусыздану тарихындағы алғашқы және соңғы оқиға болып қалып отыр.
Қ.Тоқаев сол кездегі полигонды жабу туралы әбден пісіп-жетілген шешімнің мәнін түсіндіріп өтті. Сенат Төрағасының пікірінше, полигонның жұмыс істеп тұруы Қазақстан халқының ғана емес, Жер шарындағы бейбіт халықтың басым көпшілігінің мүдделеріне қайшы келді. «Халқымыз өз жерінің адамдардың денсаулығы мен экологияға орны толмас зардап келтіретін ядролық катаклизмдердің көзі болып қалғанын қаламады. Семей полигонының аумағы күні бүгінге дейін жаһандық ауқымдағы ең ірі экологиялық және гуманитарлық апатты аймақтардың бірі болып табылады», деді Спикер. Сондықтан Сенат басшысының пайымдауынша, полигонның жабылуы – дүниежүзілік маңызы бар оқиға. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялағаны да кездейсоқ емес екені анық. Полигон жабылғаннан кейін әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуетті жою үдерісі басталды. Қазақстан ядролық қарусызданудың дәйекті жолына түсіп, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойып, оларды ратификациялады.
Ядролық қарусыздану саясатының артықшылықтары жөніндегі сұраққа жауап бере келе, Қ.Тоқаев мынаны атап өтті: «Ядролық мұрадан бас тарта отырып, Қазақстан әлемдік қоғамдастықпен ойдағыдай ынтымақтастық орнатты, шетелдерден жүздеген миллиард доллар инвестиция тартты, ТМД-ның екінші экономикасына айналды, жаңа астанасын салды, көршілес елдермен өзінің мемлекеттік шекарасын заңды түрде ресімдеді. Ядролық отынның халықаралық банкі Қазақстанда орналасқан. Еліміз 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Қазақстанға деген жоғары халықаралық сенім мен құрметтің арқасында оның толық қауіпсіздігі жөнінде де сөз қозғауға болады. Ядролық қарусызданудың шынайы пайдасы осы».
Сонымен бірге, Қ.Тоқаев «ядролық тежеу» тұжырымдамасын сынға алды, оның пікірінше, бұл жайт «шарасыздық негізінде туындаған». Сенат төрағасы: «Ақиқатын айтқанда, ол қарулану жарысын ақтап алу үшін қызмет етеді. Өзара сенімсіздік пен геосаяси кеудемсоқтықтың өсуі жағдайында алып мемлекеттер қырып-жоятын қаруды тұрақты түрде жетілдіруге және оның арсеналдарын ұлғайтуға тырысады. Шындығында, біз соның барлығына куә болып отырмыз. Ядролық жарыс – бұл мемлекеттердің бюджетіне түсетін үлкен салмақ, бірақ мәселе тек мұнда ғана емес. Осы қаруды қолдану қаупі адамзаттың экономика, ғылым, технология, мәдениет салаларындағы бейбіт жоспарларының орындалуына кедергі келтіреді», деп атап өтті.
Қ.Тоқаев ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудің жолдары жөнінде өз көзқарасымен бөлісті. Оның айтуынша, әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар – Антарктика, Латын Америкасы, Тынық мұхитының оңтүстік бөлігі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Орталық Азия. «Осының өзі Жер шарының жартысы, бұл – ядролық қарусыз әлем құру мүмкіндігінің айғағы. Біз қырып-жоятын қарудан азат (еркін) өңірлердің географиясын табанды түрде кеңейту қажет деп санаймыз. Ең алдымен, Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайды ескере отырып, оның ядролық қарусыз өңір мәртебесіне қол жеткізуіне ұмтылуымыз қажет. Осы бағытта табысқа жету – ???? ?????????? ??????? ????? ???????? ??????????алға жетелейтін маңызды қадам боларына сенімдімін. Жаңа ядролық қарусыз аймақтар құру мәселелесі конференциямыздағы «Ядролық қарусыз әлемді құру» атты панельдік сессиялардың бірінде талқыланады».
Сонымен қатар, Қ.Тоқаев азаматтық қоғамның қарусыздану үдерісіне кеңірек араласуын маңызды деп есептейді: «Семей және бүкіл дүние жүзінде орналасқан өзге де ядролық полигондардың ондаған жылдар бойы құпия жұмыс істеу фактісі ядролық қаруға тиімді бақылаудың жоқтығын көрсетеді, ал оның жай-күйі туралы шынайы ақпарат қолжетімсіз. Азаматтық сектор, шын мәнінде, осы маңызды үдерістен шет қалған».
Спикер өз сұхбатында: «Ядролық қарудың адамзатқа еш жақсылық әкелмейтін зұлмат екендігі баршаға түсінікті сияқты. Алайда, адамдар осындай айқын тұжырыммен келісіп қана қоймай, ядролық кеудемсоқтықты белсенді түрде сынға ала отырып, ақыр соңында әскери атомға заң жүзінде тыйым салуы тиіс. Біз құлдықты, нәсілдік кемсітушілікті жою, әйелдер құқығын қорғау, атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды шектеу үшін күрестің қаншалықты табанды түрде жүргізілгенін білеміз. Ядролық қарусыз әлем құру жолындағы күрестен азаматтық қоғам да тыс қалмауы қажет. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры бола отырып, БҰҰ-ның күн тәртібіндегі, соның ішінде Қарусыздану жөніндегі конференцияның шеңберіндегі күрделі мәселелерді шешу бойынша үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігеріне белсенді түрде қолдау көрсетіп отырдым. Осындай жұмыстың айрықша маңызды екеніне сенімдімін, өйткені, ол мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды неғұрлым есептілікке және жауапкершілікке итермелейді, бұл, әсіресе, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында аса қажет», деді.
Қ.Тоқаев атап өткендей, Н.Назарбаевтың 2045 жылға қарай әлемді ядролық қарудан толығымен арылту туралы бастамасы қазірдің өзінде саяси көшбасшылар мен әлем жұртшылығының арасында қызу қолдауға ие болып отыр. Елуден астам елден келетін өкілдер мен жетекші халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен өтетін Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына орайластырылған конференция Президенттің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде жариялаған ойларын іске асыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Қорытынды құжат қабылданады деп күтілуде.
Сәулебек БІРЖАН