Жуырда халықаралық олимпиада комитеті каратэ спортын Олимпиада бағдарламасына қосу туралы шешім шығарды. Әлемдік аренада бұл спорт түрі бойынша қай елдер көшбасшы? Каратэнің отаны саналатын Жапония астанасында 2020 жылы өтетін Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасының олжа салуға мүмкіндігі бар ма? Бұл туралы осы саланың мамандарынан сұраған едік.
Шаттық Қажымұқан, Азия чемпионатының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі төреші:
– Азия құрлығындағы фавориттер – Жапония мен Иран. Әлемдік додаларда Франция, Италия, Мысыр елдері үздік саналады. Біз Азия чемпионаттарында алғашқы үштікке кіріп жүрміз. Токиода өткен соңғы чемпионатта командалық есепте Ираннан озып, екінші орынға көтерілдік.
Құдай қаласа, Олимпиялық ойындарында медаль алуға мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Қазірден бастап әзірлікті күшейтіп, лицензияға қол жеткізуге тырысу керек.
Бұрындары Азия чемпионаттарында – Жапония, Еуропа чемпионаттарында Франция жүлденің барлығын алып кететін оқиғалар болған. Қазір олай емес, каратэ кешенді түрде дамыған елдер көбейді. Яғни алдағы Токио Олимпиадасында қандай бір ел айқын басымдыққа ие болады деп ойламаймын.
Ринат Сағындықов, Азия чемпионы, каратэден ұлттық құрама мүшесі:
– Өзіңіз білесіз, бұрын Куба боксшылары қарсылас шақ келтірмесе, кейін бокс басқа елдерде де қарқынды дамып кетті. Каратэ спортында да дәл сондай жағдай. Себебі, каратэні дамытуға қажетті мүмкіндіктер барлық елдерде бар. Ұлттық құрамалар бір-бірінің жаттығу жиындарына барып, тәжірибе алмасады. Өз елінің ғана емес, басқа елдердің де спортшыларымен спаррингке түседі.
Мен 67 килода өнер көрсетемін, бұл категорияда Иран, Мысыр, Франция спортшылары мықты. Басқа салмақтарда да сол сияқты. Меніңше, Олимпиадада бәсекелестік өте жоғары болады. Дегенмен, Қазақстанның медаль алуға толық мүмкіндігі бар. Себебі, бізде каратэні әрі қарай дамытатын база жеткілікті. Токио Олимпиадасына дейін жастар резервін дұрыс жолға қойсақ, әлемдік аренада тұрақты нәтижелер болып тұрады деп ойлаймын.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»