25 Тамыз, 2016

Ақ маржанды алқапта қауырт қимыл басталды

407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ACD_3880Сонау көктемнен басталған шаруаның тынымсыз еңбегі ақталатын сәтке таяды. Белі бүгіліп, кетпені күнмен шағылысып еңбек еткен диқан қауымы егінге орақ салды. Нәпақасын жерден айырып, елдің игілігі үшін жұмыс істеп жатқан жандардың барақатты кезі бұл. Ризық-несібелерін шашпай-төкпей жинап алып, қамбаға құйып, жұрттың пайдасына асырса, одан асқан бақыт жоқ. Өткен аптада аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданына жұ­мыс сапарымен барды. Ал­ды­мен «Ақжарма» шаруа қожалығында болған облыс әкімі егінге орақ салу рәсіміне қатысып, сырдариялық ди­қан­дардың қуанышына ор­тақтасты. Диқандар еңбе­гінің жемісін көретін айтулы шарада Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова бата беріп, егінге орақ салу рәсі­мінің лентасын қиды. Биыл «Ақжарма» шаруа қожалығы бойынша 2300 гектар жерге күріш, 151 гек­тар жерге аралас бидай және 189 гектарға жоңышқа егілген. Шаруашылық басшысы Марат Бисенов егіннің бітік шыққанына қарап, диқандардың еңбегі еселеніп қайтады деп сенім артуда. Биылдың өзінде 151 гектар жерге егілген бидайдың әр гектарынан 20 центнерден өнім алды. Шаруашылықтың өндірістік қуатын арттыру мақсатында 2012-2016 жылдар аралығында 574 миллион 25 мың теңге қаражатқа техникалар алынған. Материалдық-техникалық базасы жақсарған шаруашылық бүгінде егін жинау науқанына 100 пайыз дайын. Егіншілікпен қа­тар шаруашылықта мал өсі­ру жұмыстары да қолға алын­ған. Бүгінде 260 бас асыл тұқымды ірі қара күтімге алынып, тәулігіне 400 литр сүт өндірілуде. Осы жылы ша­руашылық мал бордақылау алаңында 9235 тонна ет өндірілді. Іргелі шаруашылықтың қуанышына ортақтасқан Қырымбек Елеуұлы мұнан соң «Дала күні-2016» об­лыстық семинар-кеңестің пленаралық мәжілісіне қа­тысты. Аймақтың бар­лық аудандарынан ауыл ша­руашылығы саласының мамандары егістіктің басында өткен семинар-кеңеске жиналып, тәжірибе алмасты. Жиында өңір басшысы барша шаруаларды егін жинау науқанының басталуымен құттықтады. – Биыл облыс бойынша барлығы 168,5 мың гектар жерге дән егілді. Бүгінгі таңда бидай, жоңышқа жиналып болды. Аталған дақылдардан өткен жылға қарағанда мол өнім алдық. Биыл күріштен де гектарынан 55 центнерден өнім аламыз деп жоспарлаудамыз. Күздік бидайдың әр гектарынан – 15,7 центнерден, көктемгі бидайдың әр гектарынан – 14,9 центнерден, ал жоңышқаның әр гектарынан – 14,7 центнерден өнім жиналды. Мұның барлығы ала жаздайғы шаруалардың еңбегінің жемісі, – деді облыс әкімі. Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­ма­сының басшысы Бақыт Жаханов ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы бойын­ша өңірде атқарылған жұ­мыстарға тоқталды. Сон­дай-ақ, Сырдария, Шиелі, Қазалы ауданының әкімдері егін жинау нау­қанына дай­ындық барысы туралы баян­дады. Айта кетейік, биыл ай­мақта күріш егу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,4 мың гектарға кемігенімен, басқа  дақылдарды егу көлемі артып отыр. Ағымдағы жылы 79,6 мың гектар жерге егілген күріштің 60,5 мың гектары жақсы, ал 16,7 мың гектары орташа деп бағаланды. Қазіргі таңда барлық кү­ріш алқаптары өнімді жи­науға дайын. Жиында «Агро­холдинг Байқоңыр» ЖШС директоры Самұрат Көпешов қайта құрылған Жалағаш элеваторын кеңейту және қалпына келтіру жұ­мыстарының аяқталуға жа­қын екенін жеткізді. Атал­ған нысанға күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізу, астық тазалайтын агрегаттар мен машиналар және жаңарту құрал-жабдықтарын сатып алу мақсатында 232 миллион 912 мың теңге қаражат беріліп, игерілді. Сонымен қатар, облыстағы 27 шаруашылықпен жалпы құны 1 миллиард 300 миллион 215 мың теңгені құрайтын 22076 тонна күріш салысын сату және сатып алу келісімшарттары жасалды. Бүгіннің өзінде астық тапсыруға бірқатар аудандардан ұсыныс келіп отыр. Семинар соңында облыс әкімі егін жинау науқанымен қатар, келесі жылғы егін егудің дайындық жұмыстарын назардан тыс қалдырмау керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, жиында аймақ басшысы егін жинау жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін, ал 2017 жылдың ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасын 1 қарашаға дейін аяқтауды тапсырды. Семинар-кеңестен кейін «Ақжарма және К» шаруа қожалығының күріш ақтау зауытын аралаған Қы­­рым­­­бек Елеуұлы оның жұмы­сына жоғары баға берді. Дәл осы күні Ақжарма ауыл­дық округінде күрішші, қо­ғам қайраткері Болат Нұрсейітов­тің атына алаң ашылып, ауыл­да мерекелік шара ұйымдас­тырылды. Күрішшілер бригадасын басқарған ол 15 жыл қа­т­арынан мол өнім жинап, ай­мақтың ауыл шаруа­шылы­ғын дамытуға зор үлес қосқан еді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы