25 Тамыз, 2016

Су спортындағы серпін

370 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Swimming - Olympics: Day 4Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиялық ойындарда жалғыз ғана жампозы оза шапқанымен, Қазақстан үшін айрықша тарихи орын белгілеп бергендердің бірі жүзу жарысы болды. Осындағы жан алып, жан беріскен сайыста Дмитрий Баландин күтпеген жерден 200 метр­ге брасс әдісімен жүзіп жарысуда алдына жан салмады. Алматылық 21 жасар ақберен осымен бірге Қазақстанның күллі су спорты түрлерінен Олимпиада чемпионы болған бірінші саңлағы атанды. Міне, Диманың осы табысы енді шын мәнінде де елімізде суда жүзу спортына үлкен серпін беретін түрі бар. Отандастары Дмитрий Баландиннің бұл толайым табысын үлкен қуанышпен қарсы алды. Соның бір айғағы болар, ол Рио төрінде елдің гимнін ойнатып жатқан күндерде Ақмола облысындағы бір елді мекенде орналасқан спорт бассейніне оның атын беру туралы ұсыныс жасалып жатты. Ал жақын болашақта еліміздің басқа өңірлерінде де Баландин атындағы спорт кешендері ашылып жатса, біз ешқандай таң қалмаған болар едік. Әлем спортсүйер қауымы суда жүзуші Дмитрий Баландиннің есімін бірінші рет 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азия ойындары кезінде естіді. Осында брасс әдісімен үш қашықтық бойынша алтын медаль жеңіп алған ол 2015 жылы осы елдің Кванджу шаһа­рында керуен керген жазғы Уни­версиада барысында бір алтын, бір қола медальды олжалап қайтты. Ал Олимпиялық ойындарда топ жарып шыға келуі Диманың енді ұзаққа шабатынын айғақ етіп тұрғандай. Лайым, солай болсын. Егер спорт шежіресін қайта бір қопарып, көз сала келсек, Қазақ­станнан шыққан алғашқы суда жүзушінің 1956 жылы Мельбурнда өткен Олимпиялық ойындарға атізін салғанын байқар едік. Сол Ойындарда Алматыда туып-өскен Геннадий Николаев 4х200 метрлік эстафетаға қатысып, қола жүлде алды. Бірақ бұл оқиғаның республика тарихына кірмей жүруіне спортшының жарысқа Мәскеу қаласы атынан қатысуы себеп болғанға ұқ­сайды. Бұдан кейін алматылық Виктор Абои­мов деген жұлдызымыз шығып, 1972 жылы Мюнхенде күміс медальға қол жеткізді. Бұдан бөлек, 1973 жылы жазғы Универсиадада чемпион атанып, сол жылы әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды. Ал Сергей Пичугин деген жүзгішіміз 1986 жы­лы Ізгі ниет ойындарында – күміс, Ека­терина Ермакова 1987 жылы қола медаль алды. Суға секіру спортынан алматылық Сергей Немцанов 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында чемпиондық тұғырға көтерілді. Сол Ойындарда ватерполшы Сергей Котенко да чемпионның алқасын тақты. Ол 1988 жылы Сеулде қола жүлдені еншіледі. Бұлардан бөлек, біздің тәуелсіздік алған жылдарымызда су добынан әйелдер құрама командасы 2000 жылы Сиднейде, 2004 жылы Афинада өткен Олимпиялық ойындарға қатысты. Оның екеуінде де тараздық Әсел Жақаева команда капитаны болып Ойындарға барып қайтты. Кезінде Кеңес Одағы құрамасы сапында Ерлан Аяпбергенов, Асқар Оразалинов, Нұрлан Меңдіғалиев сынды қазақстандық ватерполшылар да ойнады. Мұның бәрін тізбелеп айтып отырған себебіміз, су спорты түрлері біздің рес­публикамыз үшін де тым бөтен емес екендігін білдіру еді. Енді Дмитрий Баландиннің керемет жеңісінен кейін бұл салада да серпін бола түсетініне сенгіміз келеді. Ақиқатын айтқанда, бұл өте керек нәрсе. Себебі, жеңіл атлетика сынды суда жүзу спорты да кез келген Олимпиялық ойындар бағдарламасындағы жүлдені көп тарататын сайыстар түрі болып табылады. Осы Ойындарда АҚШ, Ұлыбритания және Австралия спортшылары өздері алған медальдардың айтарлықтай бөлігін осы саладан жинады. Соның нәтижесінде қорытынды кестеде алдыңғы екі елдің спортшылары бірінші-екінші орындарға орналасса, соңғысы ондықты тұйықтады. Мұның өзі бұл саланың берекелі екенін көрсетеді. Сондықтан ендігі жерде біздің елімізде де спорттың осындай жүлдені көбірек әкелетін түріне қарай шұғыл бетбұрыс жасалса, әбден дұрыс болар еді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»