Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің өкілеттігін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдум өткізуден бас тартуына қатысты өзімнің пікірімді білдіргенді жөн көріп отырмын. Референдум туралы идеяның жан-жақты қолдау табуы Қазақстан халқының Президентке үлкен сенімін айғақтайды. Соған қарамастан, аталған шешімнен бас тарту, оның үстіне мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсынысы Қазақстан басшысының демократия құндылықтарына жақындығы мен өз халқының демократия мақсаттарына сенімін көрсетіп берді. Президенттің демократияны нығайту мақсатында демократиялық қағидаттарды тұрақты қолдауы өте мақтанарлық қадам және батыл шешім болып табылады.
Н.Назарбаевтың аталған іс-әрекеті оны демократияны тек сөз жүзінде қолдап, іс жүзінде отандастарының БҰҰ-ның 1948 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларациясы кепілдік беретін негізгі құқықтар мен бостандықтарын шектейтін өзге президенттерден айқын ерекшелейді. Бұл құпия дауыс беру, баспасөз бостандығы, бейбіт жиналыстар өткізуге ерік құқығы, сенім-наным бостандығы, т.б. бірде-бір шынайы демократия өмір сүре алмайтын құқық болып табылады.
Мен «Волга жағалауы немістері туралы сага» тақырыбына докторлық диссертация жазу барысында Қазақстандағы жағдайларға қызығушылық таныта бастадым. 1941 жылдың тамызында, төрт сағаттан жиырма төрт сағатқа дейінгі аралықта Сталиннен орындалуы міндетті болып табылатын бұйрық алғаннан соң Поволжье республикасының орыс немістері жүк мәшинелеріне отырғызылып, Сібір мен Қазақстанға жер аударылды. Кейін 100 000-нан астам неміс 1920-шы жылдардағы жаппай аштықтан сақтану үшін барған аумақтарынан шығарылса, басқалары 1945 жылдан кейін Қара теңіз өлкесінен «репатриацияланды».
Қазақстанда тұрып жатқан немістер туралы ақпарат іздеу кезінде мен Қазақстан Республикасының Вашингтондағы елшілігіне қайырылдым. Елшіліктегілер менің зерттеулеріме байланысты көмек қолдарын ұсынса, өз тарапымнан сіздердің елдеріңізге деген үлкен қызығушылық пайда болды.
Қазақстан – бұл ескі дәстүрлерге бай «жаңа» мемлекет болса, мен оны өзінің жеке табиғи ресурстарын дамыту үшін үлкен әлеуетке ие ел ретінде қарастырамын. Қазақстанның көп ұлтты халқы білімдар екені анық және республиканың өзінде оған тең құқықты жаһандық әріптес ретінде дамуға мүмкіндік беретін нығайтушы демократиялық негіздер жеткілікті.
Қазақстан халқы Президент Н.Назарбаевтың шешімін қабылдайды, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі декларациясы көздейтін демократияны қолдайды және бұл құқықтарды өз елін нығайту үшін пайдаланады деп сенемін.
Руфь НИЛЬСЕН, саяси ғылымдар докторы.
АҚШ, Нью-Джерси штаты.