Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен жолға шыққан «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпенділерінің тарихи-мәдени қазыналары» атты II халықаралық экспедициясының жұмысы Моңғолия жеріндегі Баян-Агт сұмынында жалғасын тапты. Ежелгі замандардан бері атауы ешбір өзгермеген Ханүй мен Күнүй деп аталатын қос өзеннің құйылысында орналасқан «Шивэт ұлан» тарихи-ғұрыптық кешенінің ресми ашылу салтанатына экспедиция мүшелері мен аймақтағы жергілікті жердің билік өкілдері және тұрғындары қатысты. Осы экспедиция аясында өткен «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәдени үндестіктер» атты дала семинарында түркітілдес мемлекеттердің өкілдері мен түрлі халықаралық ұйымдардың, сонымен қатар Моңғол еліндегі тиісті құрылымдардың мамандары, белгілі ғалымдар қатысып, пайымды пікірлерімен бөлісті.
Таң қылаң бере Ханүй туристік базасынан шығып, күн арқан бойы көтерілгенде «Шивэт ұлан» кешеніне жеткен экспедиция мүшелерін жергілікті жұртшылық өздеріне тән дәстүр-жоралғыларымен қарсы алған болатын. Теңіз деңгейінен 1340 метр биіктікте жатқан көне түркілер заманына жататын таңбалы тастары бар кешендегі қазба жұмыстарының ресми таныстырылуына ғалымдардан бөлек, Бұлғын аймағындағы үлкенді-кішілі шаруа қожалық иелері көп жиналған екен. Соңғы екі жыл бойы Түркі академиясының мұрындық болуымен зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кешенде жаңалық аз емес. Онда бүгінге дейін Моңғолия мен Қазақстанның археолог мамандары қазба жұмыстарын жүргізген. Экспедиция сапарының аясында Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Тарих археология институтының бірлескен тобы ағымдағы жылдың 15 маусымы мен 15 тамызы аралығында атқарған жұмыстары нәтижесінің алғашқы кезеңін көпшілікке таныстырды.
Археологиялық зерттеудің басты мақсаты – көне түрік дәуірінің қайталанбас бірегей әрі дара «Шивэт ұлан» ғұрыптық кешенінің ғимараты мен жалпы жобасын анықтау. Сонымен қатар археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған деректерге сүйене отырып, кешен құрамындағы таңбатас, адам және жануардың тас мүсіндеріне ғылыми талдау мен жаңғыртулар жасау. Аспан астында ашық музей құру жолдары да қарастырылып отыр.
Археологтардың көз жеткізген дерегінше, «Шивэт ұлан» ғұрыптық кешенінің жалпы құрылымы 120/45 метрлік аумақта базальт (жанар тас) таспен қаланған ұзына бойына созылып жатқан тік төртбұрыш пішінді 11 кішігірім мұнаралы қамал қабырғалардан тұрады. Ішінде бітік тас пен оның тастан қаланған тұғыры, қамалдың қақпасы, қақпаның оң және сол жақ кіреберіс тұсы, орталық алаң, сонымен қатар сегіз қанатты бас қорған бар. Сонымен қатар артқы тұстағы қамал олардың араларын байланыстырған тас қабырғалармен жалғасқан. Көне түрік дәуірінде империяның қаған, йабғұ, шад, бұйрық, тархан, тегін сынды билік иелері мен өзге де жоғары лауазымды тұлғаларына арнайы ғұрыптық кешендер орнатып, аруағына тағзым етіп, мемлекеттік деңгейде дәстүр, жоралғылар атқарып келгені бізге тарихтан белгілі. «Шивэт ұлан» ғұрыптық кешенін сондай орынға санап отыр. Ол елдің тұтастығын, бірлігін нығайтуға қызмет еткен. Бұл сөзімізді ғұрыптық кешен аумағында жатқан ені бір, биіктігі екі жарым метр шамасындағы тақта тастың бетіне бедерленген 50-ге жуық тайпалық таңбалардың көрінісі нақтылай түседі.
Кешен аумағын көзбен көріп, құнды жәдігерлерді жақыннан танып қайту үшін Түркиядан арнайы сапарлап келген Түркия Ғылым академиясының президенті Ахмет Аджар «Шивэт ұланның» түркі әлемі тарихында алар орны мен маңыздылығы жоғары екендігін айтады. Ал тарих ғылымдарының докторы, Түркиядағы Эгей университетінің түрколог ғалымы Хатиже Ширын болса, «Шивэт ұлан» таңбаларын мұқият зерттеп-тануды жаңаша үлгіде жүргізу керек деген пікірде.
Айта кету керек, ауқымды жобаға «Егемен Қазақстан» газеті де қатысуда. Сонымен қатар «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық қолдау көрсетіп отыр.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан» –
Моңғолиядан