Еліміздің Ата Заңы – Конституция татулықтың іргетасы, қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып табылады. Ол қоғамда демократияны дамытуға және елде азаматтық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға серпін берді. Ең бастысы – Конституция халықтың құқығы мен бостандығын қорғайтын негізгі заң. Конституциялық нормалардың әлеуеті қоғамымыздың бүгінгі жетістіктерінің тұғыры. Осының барлығына Мемлекет басшысының салиқалы саясатының, халықтың ауызбіршілігінің арқасында қол жетті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Конституция күнінде біз Отан алдындағы жауапкершілік пен мемлекет қызметіндегі азаматтар үшін жауапкершілікті ерекше түсінеміз», деп атап айтты.
Ата Заң аясында ішкі істер органдары азаматтардың заңды мүддесі мен бостандығының, конституциялық құқықтарының сенімді тірегіне айналды. Полиция қызметіне қойылатын талаптың бірі – азаматтардың хабарламалары мен арыздарын қарастыру кезінде, қылмыстық істерді тергеуде заңдылықты бұлжытпай сақтау. Бұл орайда жүргізілген шаралар қылмыстар жөніндегі хабарламаларды қабылдау мен тіркеу рәсімін талапқа сай атқаруға, азаматтардың арыздарға жедел әрекет етуге және оларды қарастыру үшін уақытты созбауға мүмкіндік жасады. Бүгінде құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жайындағы арыздардың басым көпшілігі бір тәулік ішінде қарастырылады.
«Юго-Восток» және «Көктал» шағын аудандарында бюджеттік құралдарды жұмсамай-ақ ішкі штатты қайта бөлу есебінен аудандық полиция бөлімдері құрылып, қызмет атқаруда. Бұл қадам қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жөніндегі хабарламаларға жедел әрекет етуге жағдай жасады. ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағында жаңа ауданда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін полиция бөлімі салынуда.
Полиция қызметінің тиімділігін және азаматтардың сенімін арттыру мақсатында полицияға хабарласқан жандарға күнделікті жауап беру амалы енгі-зілді. Ағымдағы жылдың тамызында телефон арқылы Жедел басқару орталығының «102» нөміріне қоңырау шалған 500-ден астам азаматқа сауал қойылды. Жүргізілген сараптаманың нәтижесінде абоненттердің 85 пайызы елордалық полицияның қызметіне оң баға берді. Мәселен, азаматша Наталья Ли оқиға орнына шұғыл жетіп, алтын бұйымдарды ұрлау қылмысын «ізін суытпай» ашқан полицейлердің кәсібилігі үшін алғыс білдірді.
Ғаламтор арқылы азаматтармен кері байланыс орнату кеңінен қолданылады. Қала тұрғындары мен қонақтары қажетті сауалдарын менің жеке блогыма жолдай алады. Әкімнің ресми сайтында «Халықтық бақылау» және «Виртуалды қабылдау» айдарлары бар, онда қаланың бейжай қалмайтын тұрғындары өздеріне мәлім болған құқық бұзушылықтар туралы хабарлап отырады. Көбінесе олар жол қозғалысы ережесін және тыныштықты бұзу, көлікті тұраққа дұрыс қоймау, кез келген жерде қоқыс тастау секілді бұзушылықтар. Барлық фактілер мұқият қарастырылып, шаралар қабылдануда. Астана қаласы ішкі істер департаменті жұмыстың жаңа түрі мен әдістерін, оның ішінде инновациялық технологияларды белсенді енгізуде. Олардың ішінде жаңа жоба «Ай-ти-си», «ақылды» бағдаршамдар орнату, сондай-ақ ЖҚЕ бұзуды тіркейтін автоматтандырылған жүйе бар.
Қоғамдық тәртіпті күзету және қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдардың, жеке күзет құрылымдарының, шұғыл көмек көрсету қызметтерінің көмегі кеңінен қолданылуда. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге және саламатты өмір салтын сақтауға зор көңіл бөлінеді. Департамент жанында спорттық жарыстар және түрлі конкурстар үнемі өткізіліп отыратын балалар аула клубы құрылған. Елорда полицейлері көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған түрлі әлеуметтік акцияларға дәстүрлі түрде қатысып отырады. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы шеңберінде бірнеше отбасына материалдық көмек көрсетілді.
Біздің еліміз үшін маңызды іс-шара – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық шындап көңіл қоюды талап етеді. Оған қатысу үшін Астанаға шамамен 2 млн адам келеді. Халықаралық жоспардағы іс-шараның маңыздылығы ішкі істер департаментіне жүктелген міндеттердің тиімді орындалуы үшін, әсіресе, виза жұмыстарын, көші-қон бақылауын, қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және маңызды нысандарды күзетуге әрі қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын алуға жауапкершілікті орындарына түседі. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап елордалық полицейлер тәулік бойы қоғамдық тәртіп күзетін сақтауға және ЭКСПО-2017 аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылды.
Ағымдағы жылғы 22 тамыздан бастап Қытай Халық Республикасының өкілдері полицейлерді мобильді инспекциялық-тексеру кешенімен жұмыс жасауға оқытуды бастады. Ол теориялық және практикалық бөлімі бойынша екі кезеңде өтеді. Оқуды аяқтағаннан кейін қызметкерлер тиісті сертификаттар алатын болады. Еліміздің бас қаласындағы тыныштықты сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау полицияға тапсырылған. Міне, бұл орайда елорда полициясы Астана үлгілі құқықтық тәртібі бар қауіпсіз қала болуы үшін бар күшін салады.
Амантай Әубәкіров,
Астана қаласы ІІД бастығы,
полиция генерал-майоры