28 Тамыз, 2016

Алматы дене тәрбиесі және спорт басқармасына жаңа басшы келді

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
27.08.2016 AST-5 Алматы қаласы дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы болып Әбіл Доңбай тағайындалды. Ол бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене тәрбиесі істері комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Әбіл Доңбай 1979 жылы туған. 1995 жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы республикалық спорт колледжін, 2006 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «дене тәрбиесі және спорт», «құқықтану» факультетін бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатында жаттықтырушы-оқытушы болып бастаған. Ол әр жылдары дзюдодан Дзюдо федерациясының Алматы қалалық филиалы мен Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясында жаттықтырушы, Алматы қаласы дене тәрбиесі және спорт басқармасында оқу-спорт бөлімінің бас маманы, бастығы, одан кейін осы басқарманың басшысы болып қызмет етті. Соңғы жылдары Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы мен Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене тәрбиесі істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Әбіл Доңбай – дзюдо, самбо, қазақ күресінен спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Дастан КЕНЖАЛИН