16 ақпан күні партияның Орталық аппаратында «Нұр Отан» ХДП фракциясының «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған міндеттері және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 2011 жылғы 11 ақпандағы XIII съезінің шешімдері мен 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының кеңейтілген жиналысы өтті.
Аталған мәселе жөнінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов алқа мәжілісінде еліміздің басты қаржылық құжатының негізгі параметрлері мен кіріс-шығыс бөлігіндегі басымдықтар туралы баяндап берді. «Экономика дамуының жағымды сипатта қалыптасуы, энергоресурстарға, металға әлемдік бағаның тұрақтанып, жоғарылауы бюджеттің кіріс бөлігін 290 млрд. теңгеге ұлғайтуға септігін тигізіп отыр. Бұл 290 млрд. теңгені біз 2011 жылғы бюджетте нақтылай отырып, барлық қабылданған бағдарламалардың қысқа мерзімде жұмыс істеуін қамтамасыз ете аламыз», – деді Премьер-Министр сөз қорытындысында.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы «Елбасының жүктеген тапсырмасын түгелімен қамтып, бағдарлама қабылдадық. Ал ондай бағдарламаның жедел жүзеге асуы басты қаржы құжатына тәуелді. Парламенттің қабылдауына орай, атқарушы билік наурыз айынан бастап-ақ барлық қолданыстағы бағдарламаларды жүзеге асыруға ниетті», – деді.
Өз сөзінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Бүгінгі мемлекеттік бюджетке енгізіліп отырған өзгерістер Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында, партиямыздың XIII съезінде айтылған жаңа мақсаттарды жүзеге асыруға, басталған істі одан әрі жалғастыруға, басқа да бағдарламаларды орындауға зор мүмкіндік беретін болады. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамыту, жастар саясаты сияқты басқа да халыққа қажетті мәселелер толықтай қаралды деуге болады», – деді.
Жиында Ұлттық банк төрағасы Г.Марченко, Қаржы министрі Б.Жәмішев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы С.Нокин, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы А.Мамытбеков баяндама жасады.
Басқосуда Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Құттықожа Ыдырысов, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Виктор Киянский, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Светлана Верхо өз ойларын ортаға салды.
Жиналыстың қорытындылары бойынша, «Нұр Отан» ХДП фракциясының республикалық бюджетке енгізіп отырған нақтылаулары жайында шешім қабылданды.
Отырысқа «Нұр Отан» ХДП Мәжілістегі фракциясының төрағасы Орал Мұхамеджанов, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.