Мемлекет қызметіндегі ең негізгі мәселе – әрбір қазақстандықтың игілігі, оның тұрмыс-тіршілігінің сапасын жақсарту, еліміздің нығаюы мен одан әрі саяси және экономикалық өсуі, оның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі. Нақ осы мақсаттар мен идеялар еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатындағы негізгі мәселелер болып табылады.
Еліміздегі реформалар Президент Н.Ә.Назарбаев таңдаған және халық қолдаған, қоғамның барлық мүшелері үшін теңдік пен әділдік қағидаттары сақталатын және қорғалатын, нарықтық экономикасы бар күшті, тұрақты, дамыған және демократиялық мемлекет құру бағытының дұрыстығын көрсетті.
Бұл күндері бүкіл ел Президенттің 2011 жылға арналған халыққа Жолдауының негізгі ережелерін талқылауда. Биылғы Жолдау «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп аталып, лейтмотиві мемлекеттің әлеуметтік саласын жаңғырту болды. Мемлекет басшысы білім беруді, денсаулық сақтауды және тілдерді дамытуға арналған маңызды мемлекеттік бағдарламаларды бекітті.
Сондықтан да, барлық мемлекеттік органдар Президент Жолдауын орындауға жұмыла кірісуі керек, ал Парламент депутаттары, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының парламенттік фракциясының мүшелері ретінде біздің міндетіміз Елбасы қойған жоғары мақсаттарға қол жеткізуге арналған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету болып табылады.
Елбасы биылғы Жолдауында атап өткеніндей, білім беруді жаңарту жалғастырылуы қажет. Жоғары білім беру сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға сай болып, елдің жоғары оқу орындары әлемдегі жетекші университеттер рейтингіне енуге ұмтылуға тиіс. Осыған байланысты, білім беру саласында Астанада құрылып, тіпті табысты жұмыс істеп отырған «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Қоры» және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» сияқты бірегей оқу орындары сипатындағы жобалар айрықша басымдыққа ие болады. Қазіргі таңда университеттік білім мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету міндеті алға қойылып отыр. Сондықтан, «Назарбаев Университеті» базасында жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда. «Ол бүкіл қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлгі болуға тиіс», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Жолдауында.
Депутаттар университет туралы ұсынылған заң жобасында «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» ұйымдастыру үшін оның ішінде ғылыми тұрғыда, оларды лицензиялаудан босату бөлігінде бұрын болмаған жеңілдіктерді қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, депутаттар «Назарбаев Университеті» мен оның салалық ғылыми орталықтарын ғылым саласындағы аккредиттеуден босатуды көздейтін норма енгізді.
Тағы бір қызмет бағыты – ғылым саласы. Оны дамыту ісі инновациялық экономиканы қалыптастыру қазіргі кезде Қазақстан Республикасының ұлттық басымдығы болып табылатынына байланысты деген қағидадан туындайды. Президент халыққа Жолдауында «Біз университеттік білім мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз», деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекетіміздің бәсекеге барынша қабілетті елдер қатарына кіруінің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру басымдықтарының бірі денсаулық сақтау ісі болып табылады. Осы орайда Тұрақты даму стратегиясын нақтылап алуымыз қажет.
Жалпы, бүгінде денсаулық сақтауды қаржыландыру артты. 2013 жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аяқталатын болады.
Осы негізгі реформалар Үкімет пен Парламенттің бірлескен жұмысының нәтижесінде заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілді. 2007 жылы Мәжіліске «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы енгізілді. Оны әзірлеп, қабылдау республикадағы әлеуметтік жүйені жақсартуға байланысты және ол ұлттық медицинаның мәртебесін көтеруге, денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы кодауға, оны халықаралық стандарттармен үйлестіруге, азаматтарға медициналық қызмет көрсету дәрежесін жақсартуға, қоғам денсаулығы мен денсаулық сақтау мәселелеріне қоғамның қатынасын өзгертуге бағытталған.
Тілдерді, оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту мәселесі Президенттің биылғы халыққа Жолдауындағы оңтайлы мәселелердің бірі болды. Өйткені, бұл – біздің көп тілді және көпконфессиялы қоғамымыздағы бейбітшілік пен келісімнің негізі.
Мемлекет басшысы 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кемінде 80%, ал 2020 жылы кемінде 95 % болуы керек, ал он жылдан кейінгі мектеп бітірушілер мемлекеттік тілді толық меңгеруі керек деген міндет қойды.
Көп ұлтты Қазақстанның сан қырлы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірі мәдениеттің аса маңызды рөлі мен республиканың тұтастай рухани өмірінің куәсі. Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің ұлттық және азаматтық тең құқықтарына кепілдік берілген, олардың тілі мен мәдениетін дамытуы үшін жағдай жасалған.
Сондықтан да «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзету енгізу осы үдерістің маңызды кезеңі болды. Заң жобасында мәдениет үшін маңызды бірқатар нормалар енгізілді, онда ұлттық фильмдердегі бастапқы киношежіре материалдарын ұлттық мәдени құндылықтың ажырамас бөлігі ретінде сақтау көзделген. Сонымен қатар, 2012 жылдан бастап Қазақстанда прокаттық куәлік алу үшін шетелдік фильмдер міндетті түрде мемлекеттік тілге аударылуы тиіс деген норма енгізілді.
Әлеуметтік қамсыздандыруда зейнетақы жүйесінің орны ерекше. Реформалаудың нәтижесінде елімізде аралас-ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылды. Зейнеткерлердің 1,6 миллионнан астамы ынтымақты негіздегі зейнетақы төлемдерімен қамсыздандырылады. Жыл сайын зейнетақы көтерілуде, оған индекстеу жүргізілуде, және соңғы жылдары зейнетақы төлемдерінің номиналдық өсуі тұтыну бағалары индексінің өсуінен басып озды.
Парламентарийлер алдында сөз сөйлегенде Мемлекет басшысы нәсілдік, ұлттық және діни тиесілігіне қарамастан, Қазақстан азаматтарының нақты теңдігін қамтамасыз ететін құқықтық нормаларды бекіту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі жұмысты заң шығарушылар одан әрі жалғастыруы керек екенін ерекше атап көрсетті.
Осыған байланысты мынаны атап өткім келеді. Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы (гендерлік теңдік), сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жолын кесу туралы заңдардың қабылдануы қоғам үшін өте маңызды.
Басталған 2011 жылдың тарихымыздағы орны ерекше. Ол – Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы. Осы жылдардағы Қазақстан Республикасының жетістіктері, оның дамуы мен алға басуы, халықаралық беделі Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметімен тығыз байланысты. Біздің жеңістеріміз бен жетістіктеріміз, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы – Мемлекет басшысы жұмысының, оның елімізді әлемдегі ең жоғары деңгейге көтеру жөніндегі күш-жігерінің нәтижесі.
Динар НӨКЕТАЕВА, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, «Нұр Отан» ХДП парламенттік фракциясының мүшесі.