30 Тамыз, 2016

Конституциялық патриотизм көкжиегі

623 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
ата заң* 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні Ата Заң – Тәуелсіздігіміз бен бірлігіміздің кепілі ретінде елдегі тұрақтылықтың берік тұтқасы.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

«Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек», деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, биылғы Ата Заң күні мерекесі өзгелерінен айрықша мән мен мазмұн беріп тұр. Өйткені бұл жолғы Конституция күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойы­мен ұштаса келіп отыр. Сондықтан оның асқақ жыры да, сындарлы сыры да шартарапты шарлайтыны анық. Осы орайда біз де маңызды сәтті пайдаланып, еліміздің Конституциялық Кеңесінің төрағасы И.Роговқа жолығып, Ата Заңымыздың алған асулары мен тәуелсіздігіміздің тұғырына айналған оның мән-маңызы туралы айтып беруін сұрадық. – Игорь Иванович, өзіңіз де білесіз, биылғы Конституция күнін мерекелеудің өз ерекшелігі бар. Оны Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен етене байланыстырамыз. Осы орайда сұрайын дегенім, кейбір тарих­шылар мен мемлекеттанушылар, яғни олардың пікірінше, Қазақстан бұрынғы кеңес республикаларының ішінде ең соңғы болып егемендігін жариялады, біреу Қазақстан мұны бұрынырақ жасай алатын еді деп кейде сын тезіне алады. Сіз бұған не дейсіз? фото РОГОВА И.И.77– Мемлекет және құқық теориясында әлемдік қоғамдастықтың жаңа мүшесі пайда болуы ғана емес, оны жария ету мен заңды түрде ресімдеудің нысандары мен тәсілдері де маңызға ие, өйткені сол арқылы ол бұдан былай мемлекет ішінде және халықаралық деңгейде танылады. Осы тұрғыдан алғанда, заң әдебиетінде кейбір мемлекеттердің және түрлі төңкерістер, революциялар арқылы өздерінің діттеген мақсаттарына жеткен олардың билеушілерінің заңдылығы мен танылуы мәселелеріндегі қайшылықтар туралы біршама пікірлерді кездестіруге болады. Біздің Мемлекет басшымыз бұл мәселелерге әрқашан асқан мұқият қарайды. Осы бір алмағайып кезеңде Елбасы жаңа Қазақстанды құру процесі тек қана құқық шеңберінде, мемлекеттілік танылуының әлемдік тәжірибесін және еліміздің ұлттық ерекше­ліктерін ескере отырып іске асырыл­уын маңызды міндет деп санады. Бұл мақсат орындалды да. 1993 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасының келісімге негізделген және өтпелі сипаттағы алғашқы Конституциясы, ал 1995 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы қазір қолданыстағы Конс­титуция қабылданып, ол еге­мен­дікті заңды түрде ресімдеу про­цесін толық аяқтады және адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жария етті. Осы жылдар ішінде Қазақстан егеменді және мемлекеттің барлық атрибуттары бар, тең құқылы мемлекет ретінде орнады, ғасырлар бойы халқымыз армандаған қазақ­стандық мемлекеттілікті қайта жаңғырту миссиясы табысты орындалды. Қазақстан әлемнің бәсекеге неғұрлым қабілетті 50 елінің қатарына енді. Бүгінде «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты – неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздеп, ілгері жылжуда. – Ата Заңымыздың ардақ­талуының бір сыры, онда адамның және азамат­тың құқық­тары мен бостандықтарының бәрінен жоғары тұруы деп түсіне­міз. Осы орайда Қазақстан­ның жүргізіп отырған консти­ту­циялық саясатының дұрыс­ты­ғына ешқандай күмән болмаса керек.  Соңғы кездері конс­титу­циялық патрио­тизм туралы жиі айтылады. Осыған тоқталып өтсеңіз. – Жалпы Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, құқық үстемдігі мен құқықтық тәртіп, жалпыға ортақ заңға бағынушылық және қауіпсіздік, бостандық пен жауапкершілік оның негізгі қағидаттары болып табылады. Мемлекеттіліктің құқықтық кө­рінісі ретінде Конституция әркез мемлекет тарапынан ғана емес, қоғам тарапынан да қолдауға мұқтаж. Осы жылдар ішінде мемлекеттік қызметшілердің де, азаматтардың да құқықтық санасында үлкен өзгерістер болды. Соның нәтижесіндей, соңғы уақытта теория мен практикада «конс­титуция» және «конституциялық патриотизм» деген ұғымдардың ара-қатынасын зерттеуге көңіл көбірек бөлінуде. Ал грек тілінен аударғанда патриот сөзі Отан, атажұрт дегенді білдіреді. Патриотизм атажұртқа деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, жан-тәнімен қызмет етуді көздейді. Түрлі әдебиетте патриотизмнің түрге бөлінуі мен жіктелуін кездестіруге болады: мемлекеттік патриотизм, азаматтық пат­риотизм, ұлттық патриотизм, әскери патрио­тизм және т.б. Бұл көрсетілген патриотизм түрлерінің әрқайсысының ортақ белгілері бар. Біз қарастырып отырған патриотизм түріне келер болсақ, арнаулы әдебиетте неміс ойшылдары Карл Ясперс, Дольф Штернбергер және Юрген Хабермас негізін қалаған конституциялық патриотизм теориясы бар. Конституциялық патриотизм ұғымы бүкіл ұлтты біріктіретін,  «құқық» және «аза­маттық» ұғымдарына негіз­де­летін патриотизмнің моделі деп тұжырымдалған болатын. Конституциялық патриотизм дегеніміз – конституцияда бел­гіленген, жалпыға ортақ және жұрттың бәрі мойындайтын қағидаттарға негізделген патриотизм; мемлекет азаматтары  демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарын қабылдау арқылы өзара байланыста болатын патриотизм идеологиясының түрі, мемлекеттік-құқықтық құндылықтарды мойындау, қамтамасыз ету, қорғау және сақтауға бағытталғандығын  білдіретін конституциялық сипаттама; құқықтық мемлекет құндылығының негізі және т.б. – Ал сонда конституциялық патрио­тизмнің басқа конс­ти­туциялық құнды­лықтармен, мәселен қазақстандық патрио­тизммен ара-қатынасы қандай? – Конституцияның 1-бабы­ның 2-тармағында Республика қызметінің түбегейлі қағидат­тарына қазақстандық патриотизм де жатқызылған. Біздің пікірі­міз­ше, конституциялық патриотизм қазақстандық патриотизмнің бір түрі, бір бөлігі. Ал оның тұжырымдамасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясына негізделген. Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессия­сында қабылданған Патриоттық актіде Мәңгілік Елдің жеті тұғырлық негізі баса атап өтілді, олар: Тәуелсіздік және Астана; Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім; Зайырлы мемлекет және Жоғары  руханият; Инновация негізіндегі тұрақты Экономикалық өсім; Жалпыға Ортақ  Еңбек Қоғамы; Тарихтың, Мәдениет пен Тілдің ортақтығы; Ұлттық қауіпсіздік және  Қазақ­станның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Осы жеті тұғырдың әрқайсысының мықты конституциялық іргетасы бар. Мәселен, Конституцияның 2-бабының 2 және 3-тармақтарында Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды, Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады, деп бекітілген. Қазақстан Республикасы өзін демо­кратиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Республика қызметінің түбегейлі қағидалары, атап айтқанда, қоғамдық татулық пен сая­си тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму болып табылады. Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне және өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеялары іске асуы үшін қызмет атқарады. Конституцияның 8-бабында Қазақстан Республикасы халық­аралық құқықтың қағидалары мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне аралас­пау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады, деп баян етілген. Осы ережелерді қатаң сақтай отырып, Қазақстан өзінің жаһандық жауапкершілікке ден қоятынын бүкіл әлемге паш етеді, әлемдік өркениеттің алға басуына салмақты үлес қосады. Қазақстан Президентінің жуырда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV Cаммит аясында ұсынылған «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесі халықаралық аренада үлкен қоғамдық мәнге ие болып, Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі екі органы – Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік Кеңесінің  ресми құжатына айналды. Жаппай заңға бағыныштылық конституциялық патриотизм қағидасының дәйегі ретінде Негізгі Заңның 34-бабында бекітілген, оған сай әркім Конституцияны және заңдарды сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абы­ройы мен қадір-қасиетін сый­лауға міндетті. Әркім Респуб­ликаның мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Осылайша, конституциялық патрио­тизм мен қазақстандық патриотизм тұтас және бөлік ретінде бір-бірімен үйлесіп, көбінесе бір конституциялық құндылықтарға негізделеді. – Конституциялық патриотизм қа­ғидатын тұжы­рымдағанда оны тек жария­лау ғана емес, тәжірибеде іске асыру да көзделеді ғой. – Конституцияның үстемдігі, құқықтың билігі, тиімді заңның әмірі – бүгінгі таңда Қазақстанды табысты жаңғыртудың және қазіргі жаһанданған әлемде оның өз-өзін абыроймен көрсете білуінің басты шарты болып табылады. Сондықтан конституциялық патриотизм рухында тәрбиелеу мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілуі тиіс. – Дегенмен, бірыңғай мем­лекеттік идео­логия ғана белең алса, баяғы кеңестік дә­уір­ге қайта ораламыз деген пікір баспасөз беттерінде кездесіп қалады... Бұған не дейсіз? – Конституцияның 5-бабында идео­логиялық және саяси әралуандылықтың танылуы азаматтардың сол немесе өзге бір құндылықтарды таңдау және оған сену еркіндігін көздейді десек те, олардың ортақ көзқарастары мен идеялары негізінде ерікті түрде бірлесулеріне кедергі жасамайды. Ал мұндайлар елде көпшілік болса, оның пайдасы да жетерлік, өйткені олар көптігін пайдаланып, соның ішінде мемлекеттік органдардағы өкілдері арқылы көкейкесті проблемаларын шешуге ықпал ете алады. Сондықтан азаматтардың көпшілігінің мүддесін білдіретін мемлекеттік идеологияның немесе ұлттық идеяның қажеттігі туралы біз шартты түрде айта аламыз. Республика Президенті ұлттық идеяның қоғам дамуына қарай туындайтынын бірнеше қайтара атап өткен болатын. Елбасының пікірінше, Мәңгілік Ел ұлттық идеясының өзегін осыдан 21 жыл бұрын 7 миллионнан астам (немесе 89,14 па­йыз) азамат жақтап дауыс берген Республика Конституциясы құрайды. Өйткені тек Конституция ғана қоғам мен мемлекеттің қалай қарай жылжуының бағытын айқындап, «Қайда барамыз? Түпкілікті мақсатымыз не? Оған қалай қол жеткіземіз деген сұрақтарға жауап береді. Бұл сұрақтар ел азаматтарының басым бөлігін толғандыратынына сенімім кәміл. Бұл сұрақтардың шешімін табуда Конституцияның рөлі үлкен. Біріншіден, Негізгі Заң ұлт құралатын қағидаларды ай­қындайды. Жаппай танылған адами құндылықтарды және тұғыр­лы халықаралық құжаттарды ескере отырып Конституцияда адамның қымбат қазына екені, адам құқығының теңдігі, кез келген жағдайға байланысты біреуді кемсіту­ге жол берілмейтіндігі, жекеменшікке қолсұғыл­мауы, пікірдің әралуандығы, адамды туа біткен құқықтары мен бостандық­тары­нан айыруға болмайтындығы, халық­тың егемендігі туралы іргелі ережелер қарас­тырылды. Екіншіден, Конституцияда ұлт бағыт түзеген мақсаттар нақты жазылған. Негізгі Заңның 1-бабының 1-тармағында Қазақ­стан Республикасы өзін демо­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретін­де орнықтырады, оның ең қым­бат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бостан­дықтары. Бұл Қазақстанның өз мүмкіндігіне қарай осы аталған бағытта дамуға ниет алғанын білдіреді және бұл үдерістің үздіксіз екендігін көрсетеді. Үшіншіден, Конституция осы биік мақсатқа жетудің тәсілдерін айқындайды: мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демо­кратиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Сондықтан, Ата Заңды құрметтеу, конс­титуциялық идеялар мен қағидаларды ұс­тану, оларды барлық салаларда орнықтыру мемлекет алдындағы жоғары мақсаттарға жетудің кепілі болып табылады. Республика Конституциясы айқындаған бағытты бұлтартпай ұстану қажеттілігі жылдан жылға қоғамның ой-санасында нығая түсуі қажет. Қолға алынып жатқан шаралар қандай да бір мақсатты өлшемдер негізінде жаппай қамтитын конституциялық мониторингтен өтуі тиіс, ал бұл жүргізіліп отырған құқықтық саясаттың тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. – Ол қандай өлшемдер?  – Олар көп-ақ. Мәселен, биыл Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венеция комиссиясы) 106-шы жалпы отырысында заң үстемдігі сақталуын бағалау үшін бақылау сұрақтары қабылданған болатын. Ол қан­дай да бір нақты елде, оның конс­титуциялық және құқықтық құрылымы, қолданыстағы заңна­масы мен сот практикасы тұрғы­сынан алғанда, заң үстемдігі сақталуын бағалаудың тетігін қамтамасыз етуге арналған. Бұл маңызды әдістемелік құ­жат­та заң үстемдігінің былайша айт­қанда, көрсеткіштерін айқын­дауға болатын өлшемдер бар. Олардың қатарында: заңдылық, құқық айқындылығы, теріс пайдаланушылықтың (асыра пайдаланушылықтың) алдын алу, заң алдындағы теңдік және кемсітпеу, сот төрелігіне қол жеткізу және т.б. Мәселен, құқықтық айқынды­лықтың өлшемі ретінде мыналар белгіленген: заңнаманың, сот ше­шімдерінің қолжетімділігі, заңдардың тұрақтылығы мен дәйектілігі, заңның кері күші болмауы, «қылмыс болмаса, жаза да болмайды» деген қағи­д­аттың заңда болмауы, жазасын өтеген бір қылмыс үшін қайталап жауапқа тартуға тыйым салу. Ең маңыздысы, бақылау тізімінде қандай да болсын елдің халқы толығымен заң үстемдігі қағидасының іске асырылуына жауаптылығын сезінгенде ғана ол сәттілікпен іске асырылады деп ерекше атап өтіледі. Құқықтық мемлекетте бұл қағидалар бірінші кезекте мемлекеттік органдарға қаратып айтылған. Алайда құқықтық мемлекет қоғам мен азаматтық қоғам арасында өзара іс-қимыл болғанда ғана өмір сүре алады. Өз кезегінде, егер мемлекеттің құқықтық сипаты болмаса, азаматтық қоғам толыққанды дами алмайды. Сондықтан құқық үстемдігі күнделікті практиканың бір бөлігіне айналуы, адамдардың құқықтық санасына сіңуі тиіс. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»