Шындықтың шырайын кіргізетін мына бір сөзді айтқан жөн. Елдің амандығы мен тыныштығын қашанда аузынан тастамай, бес уақ намазындай көретін кім? Аналар. Өйткені, перзентінің бақыты елдегі тұрақтылыққа байланысты екенін олар жан-жүрегімен түсінеді. Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауын Жетісудағы ерен еңбегімен танылған ардақты аналар қызу қарсы алып, қуаттауы осыдан.
Солардың қатарында Алматы облысы мен Панфилов ауданының Құрметті азаматы, Еңбек Ері Күләш Айтжанова Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жайлы пікірін былайша тарқатты:
– Мен – қарапайым еңбек адамымын. Кезінде еңбегімді ел бағалады. Десе де ертеңгі өміріміз, ұрпақ келешегі өзге де әйел қауымы тәрізді мені де ойландырады. Биылғы Жолдау халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып, еліміздің 2020 жылға дейінгі алдағы ұстанымы мен міндеттері нақты айқындалғанымен құнды. Президент жастардың жайын бұл жолы да ұмытпай, кешенді бағдарлама ұсынып отыр.
Бүгінгі таңда еліміз халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі, әрі Орталық Азияда аса беделді мемлекет ретінде танылған. Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясатының, табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында қысқа мерзімде орасан зор табыстарға қол жеткізілді. Халқымыздың арман-мақсаты бірте-бірте орындалуда. Көптеген сауалдардың түпкі негізін Елбасының осы жолғы құжаты саралап, жүйеледі.
Ауылдағы қарапайым халық Мемлекет басшысының Жолдауын зор ынтамен тыңдап, көңілде жүрген көптеген сауалдарына нақты жауап тапқанын күнделікті тіршілігімізде көріп, оның игілігіне бөленіп жүрміз. Тәуелсіз мемлекетіміздің бұдан әрі дамуына игі ықпалын тигізетін маңызды құжат та жас ұрпақ тәрбиесі, ана тіліміздің дамуына байланысты нақты тұжырым жасалды.
Ана ретіндегі ақ тілегім – елімізде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім салтанат құрып, ынтымақ пен бірліктің туы биікте желбіресін! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жақсы өмір ұзағынан сүйіндірсін. Осы ретте жетісулықтар әрдайым Елбасымен бірге екенін айтқым келеді.
Іле ауданындағы «Қараш» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалия Құрманқожаева Нұрсұлтан Әбішұлына аналық алғысын арнап, маңызды құжат өмірге әкелетін саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрғыдағы өзгерістер мен жаңалықтардың бағдаршамы екеніне назар аударды. Жолдау болашаққа сенім беріп, жігер жанитынын ортаға салды:
– Жыл сайынғы Жолдауда алдағы жылғы міндеттер мен тапсырмалар, әлеуметтік және экономикалық қолдаудың нақты іске асуын нақтылады. Ал оны көзбен көріп, жемісін татып жатырмыз деп нық сеніммен айта аламыз. Биылғы бағдарламалар мен жасалатын жеңілдіктер салмақты. Әрі көңілге қонымды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өту, сонымен қатар, еңбек және соғыс ардагерлерінің әл-ауқатын көтерудегі нақты шаралардың айқындалуы да жақсы жаңалық.
Жолдаудағы ауыл шаруашылығын дамыту, сыбайлас жемқорлыққа бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмалар әр басшыға, Қазақстанның әр тұрғынына үлкен міндет жүктейді. Жаман әдеттен жиренуге шақырады.
Өзім жасым жетпіске келсе де жердің тамырын тартып, балаларымды еңбекке тәрбиелеудемін. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі – әлеуметтік саланы жаңашылдықпен дамыту, жастарға қолдау көрсету, озық дәстүрлерді насихаттау болып отыр. Оның әр тарауынан Елбасының көрегендігін, талап-жігерін, халқына деген шексіз сүйіспеншілігін көріп, тамсандым. Жас, тәуелсіз мемлекетімізді асқақтатып, өскелең ұрпақтың болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік берген Елбасына соғыс және еңбек ардагерлерінің, ақ жаулықты аналардың атынан мың да бір алғыс айтамын.
Бейбітшілікті, ынтымақ пен бірлікті ту етіп, ел-жұртын мұратына жеткізуге күш-жігерін, білімін арнаған Елбасы – Ұлт Көшбасшысы – әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері. Іле ауданының халқы бір шаңырақтың астындағы отбасындай өз Президентін қолдайды. Қазақ елінің көші көлікті, өмірі көрікті болсын.
Көп жылдар атағы елімізге жайылған Қарғалы шұға комбинатында тоқымашы болған Еңбек Ері Күлдария Тоқсейітова өз пікірін былайша жұптады:
– Әр жылдың басында еліміздің қол жеткен табыстарымен танысып, алдағы даму көкжиегіне көз жүгірту қазақстандықтардың дәстүрлі ісіне айналған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа кезекті маңызды Жолдауын жариялауы, олардың әрдайым жүзеге асырылып келе жатқаны ғанибет.
Мен де көппен бірге Жолдауды асыға күттім. Қазақстанның экономикасы дамып, әлеуметтік мүмкіндігі артып, ғаламдық кеңістікте абырой-беделінің өсуіне куә болған біздер үшін болашақта атқарылатын жұмыстардың жобасын білу маңызды. Ең бастысы, жылма-жылғы Жолдау халықтың көкейіндегісін дөп басып келеді.
Ұзақ жылдар бойы тоқыма өнеркәсібінде еңбек етіп, кез келген жетістіктің маңдай термен келетінін білемін. Президенттің Жолдаулары бізге бағдаршам іспетті. Және Елбасының сөзі мен ісінің қабысып жататыны қуантады. Атап айтқанда, зейнеткерлер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан көбею үстінде.
Азуын айға білеген мықты мемлекеттердің өзінде зейнетақы мен жалақы қысқартылып жатқанда, бұл экономикамыздың тұрақтылығын көрсетсе керек. Елбасы Жолдауында жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіру мәселесіне лайықты көңіл бөлді. Бұл шынында да экономикамызды шикізатқа тәуелділіктен құтқарып, халықтың 30 пайызға жуығын еңбекпен қамтуға мүмкіндік беретін аса ауқымды сала. Сонымен бірге, Жолдауда мал шаруашылығын дамытуға үлкен маңыз берілген. Білім беру, медицина, әлеуметтік сала да Жолдауда жан-жақты қамтылған. Осыған дейінгі белгіленген бағдарламалардың барлығын жүзеге асырған халқымыз бұл жолы да мақсат биігіне шығып, алдағы 10 жылдың ішінде тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі ең дамыған елдердің қатарынан көрінетіні сөзсіз.
Жазып алған Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.