18 Ақпан, 2011

Ашық пікір, келелі ой

375 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сәрсенбіде жұртшылық пен мәслихат депутаттары алдында облыс әкімі Серік Үмбетов өңірдің 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы негізгі бағыттары жайлы есеп берді. Баяндама Қазақстан Республика­сының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа Жолдауын басшылыққа алып, алдағы ат­қарылатын ауқымды істерді жүйелеумен өрбіді. Жолдауда еліміздің өсіп-өркен­деуі­нің басым бағыттары мен келелі міндеттері, қалыпты даму үстіндегі қуаты, берекелі болашағы айқындалған. Мұның өзі Жетісу жұртшылығынан да қолдау тауып, барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулерінде ашық пікір, орынды ой қалыптасып, ашықтық сипатта жалғасқаны айтылды. Облыстағы ауылдық, кенттік, қала­лық округ әкімдері 10-20 қаңтар ара­лы­­ғында  90 мың адам қатысқан 724 кез­десу өт­кі­зіп­ті. Онда 2522 тұрғын сөйлеп, 914 ұсы­ныс ен­гізгенін халықтың белсенділі­гінің ар­туы­­мен байланыстыруға болады. Ал аудан, қала әкімдерінің тұрғындар алдын­дағы 286 есеп беру кездесулеріне 70 мың­дай адам қаты­сып, 1287-сі жарыссөзге қа­тыс­қан. Өткен жылғы облыстық мәслихат­тың кеңейтілген сессиясында есеп берген облыс басшысына 26 ұсыныс пен ескерту айтылған еді. Бүгін олардың 24-і орын­дал­ғаны халыққа жеткізілді. Нә­тижесін­де, Талдықорғандағы 86 тұрғын үй тексеріліп, шатырларын үш кезеңде жөн­деу үшін сметалық-жобалық құжат­т­ама әзір­леніп, құрылыс жұмыстары жалғасса, өзге де мәселелердің тиянағы келтірілген. Жетісулықтар өткен жылы өнер­кә­сіпте  345,1 млрд. теңгенің өнімін өнді­ріп, жыл өткен сайын өңдеу кәсіп­орын­дарының үлесі өсу үстінде. Өңірде үде­мелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен өткен жылы  жалпы құны 18,3 млрд. теңгелік 10 нысан пай­да­­лануға берілген. Сондай-ақ, индустрия­­­лан­­дыру картасынан тыс 34 жаңа нысан іске қосылып, жүздеген адам жұмыспен қамтылса, бағдарлама аясында Талғар ауданында корейлік жүк автомобильдері мен автобустарын ірі тораптағы құрас­тыру зауытының  бірінші кезегі іске қо­сыл­ған. Ағымдағы жылы тағы 10 жоба­ны жүзеге асыру жоспарлануда. Аграрлық секторда 227,8 млрд. теңге­нің жалпы өнімі өндіріліп, өнім өндіру көлемі жөнінен облыс республикада бірінші сатыда тұрғаны да айтылды. Ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан  қолдау көлемі жыл сайын артып, есепті кезеңде бұл мақсатта облыста он миллиардтан астам қаржы игерілген. Алматы қаласының маңынан азық-түлік белдеуін құру мақсатында 44,2 млрд. теңге болатын 48 инвестициялық жоба әзірленсе, оның ішінде 2010 жылы құны 7,4 млрд. тенгені құрайтын  9 жоба жүзеге асырылыпты. Ал, 28 жобаның 12-сі ағымдағы жылы іске асырылса, 16 жоба 2015 жылға дейін орындалмақшы. Мәселен, азық-түлік өнімдерін молайтуда шикізат өңдеуге ерекше көңіл бөлін­ген. Көксу және Іле аудандарында май­лы дақылдарды, Еңбекшіқазақ ауданын­да жеміс-көкөніс,  Іле және Талғар ау­дан­да­рын­да сүт өнімдерін өңдейтін жаңа зауыт­­тар тұтынушы сұранысын қанағат­тан­дырғаны соның дәлелі. Жалпы, об­лыста аграрлық сектор өнімдерін қайта өңдеу саласында 819 кәсіпорын жұмыс істеп, онда 17 мыңдай адам жұмыспен қам­тылды, деді баяндамашы. Облыс әкімі, сонымен қатар, қант өндірісін арттыру, суармалы жерлерді ұтымды пайдалану,  бәсекеге қабілетті  ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату бағытында неғұрлым белсенді, ұтымды жұмыс жүргізу қажеттігін нақтылады. Өңір экономикасының дамуы орта жә­не шағын бизнестің өркендеуіне  тәуел­ді. Өткен жылы аталған салада 472 млрд. тең­генің өнімі өндіріліп, жергілікті бюджетке 12,7 млрд. теңге көлемінде түсім түсіпті. Есепті кезеңде шағын несие беретін ұйым­дар арқылы шағын және орта бизнес жоба­ларына 3,8 млрд. теңге несие берілген. «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасы аясында республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлініп, оның 509 млн. теңгесі индустриялық инфрақұры­лым­ды дамы­туға жұмсалғаны да айтылды. Өңірде 69 елді мекен табиғи газбен қам­тылған. Облыс бойынша газ құбы­ры­ның жалпы ұзындығы 1,6 мың шақы­рым­ды құрайды. «Жол картасы» бағ­дарлама­сын жүзеге асыру кезінде Тал­ды­қорған қаласындағы сұйытылған газ­дың 94 топ­тық резервуар­лық қондырғылары жөндеу­ден өтті. Нәти­жесінде, 14 мыңнан астам пәтерді  орта­лық газбен жабдықтау жүйе­с­іне қосуға мүмкіндік туғызылды. Баяндамада «Ауыз су» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар мен «Сарыөзек – Қорғас – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ» автожолдары  қайта қал­пы­на келтірілгені, білім беру мен ден­сау­лық сақтау, мәдениет салаларындағы ат­қарыл­ған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқ­тал­ған облыс әкімі бұл мақсаттағы жұмыстар алда да жалғасатынын атап өтті. Өткен жылы 33 000 жаңа жұмыс ор­ны ашылса, жұмыссыз ретінде тіркелген 27 441 адамның 26 236-сы жұ­мысқа орналасқан. Өткен жылы 8 жаңа мектеп, 10 балабақша салынса, 59 шағын орталық ашылып, 130 білім шаңырағы күрделі жөндеуден өткен. 2010 жылы 13 емдеу мекемесі салынса, 171-іне күрделі жөндеу жүргі­зі­ліп, республикалық бағдар­ла­ма­мен Ең­бек­шіқазақ ауданында аурухана, Достық кентінде көп салалы аурухана, Өтеген батыр кентінде аймақ­тық балалар ауру­ха­насы халық игілігіне айнал­ған. Сондай-ақ, мәдениет мекемелерінің материалдық базасын нығайту бары­сын­да да жақсы істер жалғасуда. Ха­лық­­тың саламатты өмір салтын қалып­тастыруы мен спортқа деген ынтасын арттыру жемісін беріп  келеді. Өткен мерзімде облыс әкімінің элек­тронды сайтына тұрғындардан 866 хат-хабар түссе, олар дер кезінде жауап ал­ған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес, мемлекеттік қызметшілердің «Ар-на­мыс» кодексін сақтау мәселелері тұ­рақты бақылауға алынып отыр. – Бүгін өткен жылы 11 наурызда бол­ған Қызылағаш оқиғасына тоқтал­май кете алмаймын. Апат аймағында 542 үй салы­нып, 105 үй күрделі жөн­деуден өтіп, осы за­манғы жаңа кент пайда болды. «Жан­сүгіров» қоғамдық қорына түскен қаржы есебінен әрбір отбасына қажетті жаб­дық­тар мен жиһаз, басқа да жағ­дай­лар жа­сал­ды, – деді С.Үмбетов. Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауы  бүгінде жал­пы­ұлттық идеяға айналып, «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен съезінде Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Біз берік бірлігіміздің арқасында ұлан-ғайыр жетістікке қол жеткіздік. Алдағы уақытта ауызбірлі­гімізді нығайта түссек, бұдан да биік белестерді бағындыра береріміз анық», деген сөзі біздің барлық жұмы­сымыздың өзегі болуы тиіс. Және ел мерейін асқақтататын биіктерді бағын­дырамыз, деді С.Үмбетов. «Онлайн» режімінде тікелей байла­ныс арқылы барлық аудан, қалаларда әкімнің есебін тыңдағандар сұрақ қо­йып, нақты жауап алуына мүмкіндік ту­ғы­зылды. Облыс әкіміне Ескелді, Қара­сай, Сарқан аудандарының жұрт­шы­лы­ғы жол жөндеу, дәрігерлік қыз­мет көр­сету, тағы басқа сұрақтарына жауап алса, Панфилов ауданы, Сары­бел ауылын­даға көп жылдан бері құрылысы тоқтап қалған білім ша­ңы­рағын салу жайын­дағы мәселе шешімін табатын болды. Ол бойынша тиісті мекеме басшылары­на жедел тапсырма берілді. Жарыссөзге қатысқан шаруа қожа­лығының жетекшісі, Еңбек Ері Күләш Айтжанова қара жердің қасиетін қадір­леген жаркенттіктер қол жеткізген жұ­мыс­тарға тоқталды. Іле аудандық мәс­ли­хатының депута­ты, «Дәу­лет-Бекет» коо­перативінің төр­аға­сы Сыдық Дәулет асыл тұқымды түйе өсірудегі қол жеткізген табыстарын ортаға салды. Түйе сүтін өңдейтін зауытта өткен жылы 850 тонна шұбат өндіріліп, 50 тонна ет Алматы, Астана қалалары мен басқа да облыстар тұтынушыларына ұсынылыпты. Сондай-ақ, Райымбек ауданы, Ш.Уә­лиханов атындағы орта мектеп мұға­лімі Іңкәр Қуаныш­бекқызы «Дипломмен – ауылға» бағдарла­масымен кел­генін жеткізді. Жас мамандарды қол­­дау мақ­са­тын­да ауданда жақсы жұ­мыс жал­ғасын тауыпты. Қазіргі кезде мектеп бітірген 27 жас түлек облыс әкімінің грантымен жоғары оқу орындарында білім алуда. Олар да күні ертең қатары­мызды толық­тырады, деді ол. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған қам­көңіл балғындарға өңірде мүмкін­ді­гінше қолдау көрсетілуде. Соның бірі облыс әкі­мінің өткен жылғы есебінде «Айна­лайын» балалар үйінің түлегі Дәу­рен Тобажанов бауырларымен бас­па­насыз жүр­ге­нін қын­жыла айтқан-ды. Бұл жолы Дәурен сол өтінішінің орын­далғанын, пә­те­рлі бол­ғанын жеткізді. Осындай әлеу­мет­тік жа­ғы­нан жет­кілік­сіз қамтыл­ған І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік универ­си­тетінің студенті Әй­герім Шаншарбаева об­лыс әкімінің гран­ты­мен білім алуға қол жеткізіпті. Және 354 за­ман­дасым осын­дай жеңілдікті иеленуде, деді. Сұрақ бергендер мен сөйлегендер қатары едәуір болды. Бәрі де сауал­дарына нақты жауап алды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.