Бокстан Қазақстанның жастар құрама командасы Германияның Одердегі Франкфурт қаласында өткен дәстүрлі Бранденбург кубогы турнирінен келді. Бұл сында боксшыларымыз 4 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленді.
Боксшылардың осы жеңісіне байланысты жастар құрама командасының бас жаттықтырушысы Ғалым Кенжебаев Германияда өткен турнир туралы egemen.kz сайтына ойларымен бөлісті.
–Биылғы турнирде бәсекелестер өте көп болды. Турнирге Ресей жақсы дайындалыпты. Олар мықты команда әкелді. Қараша айында Санкт-Петербургте жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Ресей осы додаға шындап кіріскен сияқты. Біз де қарап жатқан жоқпыз. Бранденбург кубогы турнирінде әлем чемпионатына қатысатын командаларды зерттеп көрдік. Әлем чемпионатында біздің басты қарсыласымыз Ресей мен Кубаның құрамалары болады. Турнирде кубалықтар болған жоқ. Бірақ, біз оларды Анапада өткен турнирде көргенбіз, – деді ол.
–
Бостандық елінің боксшылары Анапада жақсы қырынан көрінді ме? Алдағы әлемдік додада Ресеймен де Кубамен де иық түйістіріп бәсекелесуге бола ма?
–Әрине, Ресей мен Кубада мықты боксшылар көп болғанымен олармен әрқашан иық теңестіріп бәсекелесуге дайынбыз. Біздің елде бокс мектебі бар. Қазақстан әлемдегі бокс державаларының бірі саналады. Жас болса да бас бола білетін жастарымыз өсіп келеді. Шаршы алаңда шыңдалып жатқан жастар бар. Ал Бранденбург кубогы Олимпиада кезінде басталып, кеше ғана бітті. Биыл ол 21-ші рет жалауын көтерді. Турнир 2008 жылы Олимпиада кезінде де өткен болатын. Сол кезде оған Данияр Елеусінов пен Иван Дычко қатысқан. Бұл турнир жастар үшін маңызды. Кезінде оны Геннадий Головкин де жеңіп алған. Мен осыны құрама командаға үнемі айтып жүремін. Соларға қарап бой түзеңдер деп айтамын. Өйткені, осы турнирді жеңіп алған адам жаман боксшы болмайды. Оны жеңу кім-кімге болсын абырой, мәртебе.
– Құрама команда жиі өзгеріп тұра ма? Қосалқы құраммен проблема жоқ па?
- Команда жиі өзгеріп тұрады. Ал команданың резерві бұрыннан бері бар. Ол әрқашан бола береді. Біздің елде бокс жақсы дамып жатыр. Бокс федерациясы жастар боксын дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктерді жасап отыр. Спорттың осы түріне елімізде үлкен мән беріледі. Елімізде бокс орталықтары, спорт кешендері бар. Олар көбейе береді. Спорт кешендерінің көбейгені жастарға жақсы. Қазір өз басым көшеде бос жүрмей, спорт алаңдарына баратын жастардың талайын көріп жүрмін. Менің ойымша, Данияр Елеусіновтің алтын медалі, Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит, Иван Дычко мен Дариға Шәкімованың жүлделері жастарға жақсы әсер етіп жатыр. Бір өкініштісі, біздің елде ауыр салмақтағы жастар аз. Сондықтан ауылдарға барып, ел-елді аралап ауыр салмақтағы жастарды іздеуіміз керек.
–
Команданың алдағы жоспары қандай?
12 – 19 қыркүйек күндері Украинада ағайынды Кличколардың турнирі өтеді. Соған барамыз. Оған Бранденбург кубогы турниріне қатысқан 75 және 81 килоға дейінгі салмақтағы боксшыларды апарамыз. Басқа салмақта басқа боксшылар барады. Өйткені, бізде жеңіл салмақта бәсеке күшті. Содан кейін қазан айында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының академиясында өтетін жиынға қатысамыз. Ал қарашада әлем чемпионатына соңғы дайындықты жасаймыз. Әлемдік дода 14-26 қараша күндері өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН