Қазақстанның бейбітсүйгіш қадамдары ресейлік ғалымдар тарапынан жоғары бағаға ие болды
Кеше Мәскеуде Қазақстан елшілігі және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ұйымдастыруымен «Ядролық қарусыз әлем үшін күрес жолындағы 25 жыл: Семей полигонын жабудан Н.Ә.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіндегі жаһандық бастамаларға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Дүние жүзіндегі ең үлкен атом сынақ алаңының Елбасы Жарлығымен жабылғанына ширек ғасыр толуына арналған алқалы жиынға қатысушылардың бәрі бірауыздан біздің еліміздің бейбітсүйгіш қадамдарына жоғары баға бергенін бірден атап көрсеткеніміз жөн. Осы орайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбек сіңіріп, сарқылмас саяси ерік-жігер танытқаны ерекше айтылды.
Қаһарынан жаһан қаймыққан Кеңес Одағының әлі тарамаған кезінде мұндай батыл қадамға бару шынымен көзсіз ерлікке пара-пар еді. Сол тұста қоғамға дендей енген демократия, жариялылықтың арқасында көкірегіне сәуле түсіп, көзі ашыла бастаған көпшілік аты ұлтымыздың төлқұжатына айналған ұлы Абай туған киелі өлкедегі айналасына өлім сепкен алапат жарылыстарды тоқтатуды талап етіп, көтеріліп кетті. Қырық жыл бойғы қырғын сынақтардан халқымыз тартқан қасіреттің ауыртпалығынан қара жер қайысты. Апат аймағындағы ағайындарымыздың ащы тағдыры Кремль қонақтарының қаперіне кіріп шықпады. Құжаттарда көрсетілгендей, «елсіз» мекендегі ессіздіктер жалғаса берді. Қаншама адам бұрын-соңды кездеспеген белгісіз кеселдерге ұшырап, ана дүниеге аттанып жатты. Дәрігерлер олардың дәл диагнозын қоюдан қорықты. Өйткені, бастары екеу емес болатын. Отызыншы жылдар ойранында тоталитарлық жүйенің зұлматынан әбден зәрезап болған зиялы қауым өкілдері де іштерінен қан жылағандарымен, ашық қарсы шыға алмады. Сондағы сойқандарды айғақтайтын деректер мен дәйектерді оқысаң, төбе шашың тік тұрады. Конференция басталмас бұрын көрсетілген фильм көкейіміздегі көп қыжылды қайта қозғап жібергенін несіне жасырайық.
Мәнді мәжілісте мәйекті пікір білдірген Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин біздің мемлекетіміздің ядролық қарудан бас тартуы Елбасымыздың үш негізге сүйенген айқын ұстанымымен айшықталатынына тоқталды. Біріншіден, қатерлі қару аяғынан қаз тұрған жас мемлекеттің қауіпсіздігіне тұрақты кепілдік бермейтін еді. Екіншіден, экономиканы жаңаша құру қажеттілігі ірі көлемдегі инвестицияларды талап етті. Ондай қомақты қаржылар елімізге тек ядролық қарудан арылғаннан кейін ғана келді. Үшіншіден, аймақ қауіпсіздігі айрықша қадам жасауды қажетсінді. Президентіміздің ізгілікті іс-қимылының нәтижесінде ширыққан аймақтық шиеленістердің түйіні шешілді. Аласапыранды пайдаланып, ядролық бомбамызбен «бөлісуге» қолқа салғандар да болмай қалған жоқ.
Ескерте кететін бір жайт, Ауғанстандағы, барлық орталықазиялық шекаралардағы жағдайдың асқынуына жеті жыл қалған-тұғын. Салиқалы саясат ұстанудың арқасында Қазақстан халықаралық аренадағы байыпты да байсалды ойыншыға айналды. Экономикасы қарыштай дамып, бірқатар аймақтық қатерлерді былай қойғанда, кейбір жаһандық қауіпсіздікке қатысты игі шаралардың басын қайырды. Егер Франция мен Ұлыбританияның ядролық әлеуетін қоса алғандағыдан әлдеқайда қуатты жарылғыш материалдар теріс пиғылда біреулердің қолына түссе, оның аяғы қайда апарып соғатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамының тарихи маңызы орасан зор екендігі талас тудырмасы анық.
Одан әрі ой өрбіткен елші Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі өзегі болашақта ядролық қарудан толықтай бас тарту идеясы екендігін алға тартты. Ол, сондай-ақ, мұндай мақсатқа дәл қазіргі таңда қол жеткізу мүмкін еместігін, әңгіме бұл жерде сатылап жүзеге асар стратегия жөнінде болып отырғанын, онда ядролық қарудан азат аймақтарды көбейтудің нақты механизмдерінің бірі ұсынылғанын, ал бұл проблеманы гуманитарлық тұрғыдан пайымдау екенін ескертті.
Сөзінің соңында дипломат Берия мен Курчатов Шығыс Қазақстанда ядролық сынақ полигонын ашу жөнінде шешім қабылдағанда, бұл араны бос жатқан кеңістік ретінде бағалағанын, ал шындығында, осынау өлкенің ұлттық мәдениетімізде айрықша орын алатынын, бағзы замандардағы Алтай өркениетінің ажырамас бөлігі болғанын, сол себепті, ел Президентінің Жарлығы тарихи жадымызды жаңғыртып, тарихи санамызды қайта қалпына келтіруге әсерін тигізетінін тілге тиек етті.
Жиын қонақтарына жылы шырай білдірген Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің бірінші проректоры Александр Безбородов өздерінде ежелден көршілес екі елдің қарым-қатынасын оқытуға ойдағыдай көңіл бөлінетіндігін айтты. Бүгінгі студенттерге КСРО тарихын оқыту ерте дәуірлермен салыстырғанда қиынға соғатынын да жасырмады. Қазақстандықтар бейбітшілік жолындағы небір бағалы бастамаларға мұрындық болып жүргеніне сүйсініс танытты. Парасатты басшыға бағынған жұрттың жұлдызы әлбетте оңынан туатындығына сенім білдірді.
Мәртебелі мінбеге көтерілген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев алапат сынақтардан азап шеккен еліміз ядролық қарусыз әлемнің мерейлі жетістіктері басты бағыт саналатынын нақты мысалдармен саралады. Дүние жүзіндегі күш-қуаты жағынан төртінші орындағы арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан, бейнелеп айтқанда, ядролық қарусыз әлемге апаратын жолдың тиімді моделін қалыптастырғанын және оны планетаның барлық елдеріне пайдалануға ұсынатынына екпін түсірді. Мемлекет басшысы өзінің манифесінде әлемдік қоғамдастық назарын ядролық қарусыздануға қарай қозғалыс көптеген өркенді өзгерістерді, жаңа сипаттағы көпжақты саяси шешімдерді, халықаралық қарым-қатынастарды, қалтқысыз сенімді талап ететіндігіне аударады. Таяуда Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияның қорытынды құжатында манифестегі мәнді мәселелер жалғасын тапқаны да әңгіме арқауына айналды. Өйткені, бұлар адамзаттың ХХІ ғасырдағы асыл армандарына жетудің адастырмас бағыттарын көрсетеді.
Қазақстанның бейбітсүйгіш қадамдарына жоғары баға берілген конференцияда көптеген көкейкесті мәселелер қозғалды. Ашық пікір алмасу рухындағы кездесуде сөйлеушілердің тоқсан ауыз сөзі атануы ауыздықтау саласындағы Елбасы Н.Назарбаевтың сан қырлы қызметі сүйсінуге тұрарлық екендігімен түйінделіп отырды.
Кезінде КСРО Қарулы күштері Бас штабының бастығы болған генерал Владимир Лобов бүкіл дүниені бүлдіретін бомбаны саясатшылар жасататынын, ал ұяты әскерилердің еншісіне қалатынын айтып қатты қынжылды. Әу баста оның отанның қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында дүниеге келгенін, соңынан басқаша сипат алып кеткені де жасырын сыр емес. Ядролық қаруды иеленуге ұмтылу – барып тұрған ессіздік. Үлкен державалар «ауруының» емін табуға жөн сілтеген Қазақстан Президентінің көрегенділігінен басқа әріптестері үлгі алса игі. Әйтпесе, Жер-Ана әлемтапырыққа айналуы әбден ықтимал.
Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Максим Шингаркин өз елінің сенімді одақтасы саналатын Қазақстан басшысының Орталық Азияда Ядролық қарусыз аймақ құру туралы ұсынысының ұтымдылығына тәнтілігін алдыңғы кезекке қойды. Оның ойынша, бүгінде әскери базалардан аяқ алып жүргісіз Еуропада осындай алаңсыз тірлік аймақтарын құрса, құба-құп. Ендігі жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың саясат сахнасындағы зор беделі осынау шетін істің шешімін табуға септігін тигізсе ғанибет болар еді.
Ресей Бейбітшілік қорының төрағасы Леонид Слуцкий жаһандық деңгейдегі ғақлия есепті Назарбаев манифесін талқылап қана қоймай, одан тағылым алу керектігін жеткізді.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының 1982 жылғы лауреаты, көрнекті ғалым Олег Кузнецов Қазақстанның антиядролық акциясы адамзат үшін аса маңызды болғандықтан оны тек қолдау, қуаттау қажеттігін айта келе, ядролық физика ғылымындағы ғаламат жаңалықтар ғаламшарлықтардың игілігіне пайдаланылуға тиістігін жиналғандардың қаперіне салды. Иә, ғұламалардың ғажайып еңбегінің ескерусіз қалмағаны жөн-ау. Бұл ретте, атомды бейбіт мақсаттарға пайдалану бағытында Қазақстанда атқарылып жатқан ауқымды шаруалар жетерлік.
БҰҰ-ның Мәскеудегі ақпараттық орталығының директоры Владимир Кузнецов 29 тамыз тарих бетіне алтын әріптермен жазылғанын, оған Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосқанын, жаһандық деңгейдегі жақсы бастаманың баянды болуға лайық екендігін ілтипатпен атап өтті.
Мәскеу төріндегі мәслихат барысында Қазақстан мен оның Көшбасшысының атына басқа да жылы пікірлер көп айтылды. Отаны туралы ода айтылғанын кім жек көрсін. Біз де соларды естіген сайын марқайып, елге Ресей астанасынан риза көңілмен аттандық.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан» –
Мәскеуден