немесе шынайы экономикалық өсімнің басты көрсеткіші қандай?
Бүгінде ішкі жалпы өнім деген сөздің өте жиі қолданылатыны сондай бұл сөздің мағынасын білмейтін адам өмірде кем де кем. Кез келген елдің экономикалық әлеуетін көрсетер кезде біздің бәріміз де ең алдымен осы сөзді қолданамыз. Осылайша, қысқартып айтқанда, ІЖӨ ұғымы қазіргі уақытта экономикалық өсімнің басты көрсеткіші болып табылады. Ендеше, бұл сөз қашан және қалай пайда болды және ол шынайы өмір жағдайына қаншалықты сәйкес келеді деген сауалдың кім-кімді де қызықтырары анық.
Кейбір дереккөздерге жүгінер болсақ, ішкі жалпы өнім ұғымын 1934 жылы америкалық экономист Саймон Кузнец ұсынған көрінеді. Осы орайда, Ресей империясының Пинск деп аталатын қаласында туып-өскен С.Кузнецтің АҚШ-қа қоныс аударғанға дейін Харьков коммерциялық институтында оқығанын да айта кеткен жөн. Кейін бұл ғалым экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанған.
Міне, осы С.Кузнецтің енгізген жаңалығына дейін әлемде ешкімнің де елдердің экономикалық қызметі туралы бұл сияқты түсінігі болмаса керек. Сондай-ақ, 1939 жылға дейін «макроэкономика» деген терминнің де мүлде қолданылмағанын ескерте кеткеннің еш артықтығы жоқ. Тек 1939 жылдан кейін ғана экономикалық қоғамдастық осынау экономикалық категорияны біртіндеп қабылдай бастаған. Ал экономика тақырыбына жазатын журналистер болса өз тараптарынан оның барынша кең танымал болуына үлестерін қосқан. Осындай себептерден де бүгінде біз қандай да бір мемлекеттің экономикалық күш-қуаты туралы білгіміз келсе, былайғы экономикалық көрсеткіштерді кейінге қалдыра тұрып, бірінші кезекте оның ішкі жалпы өніміне назар аударамыз. Бұл түсініктің санамызға берік енгені сондай, біз одан басқа да бір жол болуы мүмкін-ау дегенді мүлде ойымызға да алмаймыз.
Дейтұрғанмен, С.Кузнец ІЖӨ өсімі мен экономикалық немесе әлеуметтік әл-ауқаттың артуы арасына теңдік белгісін қоюдың дұрыс еместігін айтып кезінде өз әріптестеріне ескерту де жасаған екен. Өйткені, ІЖӨ есебі тек сандық сипатқа ғана ие болып, өндіріске және тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты ақша операцияларын ғана есепке алған. Сондықтан да ол адам мен экономика қатар өмір сүретін әлеуметтік және табиғи жүйенің қағидатты түрдегі толық емес көрінісіне ғана негізделген. Оның сыртында, ІЖӨ-ні есептеу әдістемесі пайдалы қазбаларды өндіру табыс болып табылатындықтан, белгілі бір дәрежеде елдің табиғи ресурстарының сарқылуын да жоққа шығармайды екен. Сол арқылы оларды болашақта талдап, игеру арқылы табыс табу мүмкіндігіне нұқсан келіп, адамдардың өмір сүруі үшін қажетті экожүйе бүлінуге ұшырайтын көрінеді.
Егер осы бағытта елеулі еңбек сіңіріп жүрген Украина Ұлттық ғылым академиясының академигі Богдан Данилишиннің келтірген пайымдауларына сүйенер болсақ, 1930-жылдары және одан кейін де адамзат бүтіндей алғанда белгілі бір дабырашылдық көңіл-күйге бой алдырып, қоршаған ортаның ластануы деген сияқты «ұсақ-түйекке» онша назар аудара қоймаған. Барлық жерлерде дерлік өндірістің бақылаусыздығы салдарынан туындаған парниктік әсерге байланысты планетамызда табиғаттың жылынуы анық байқала түскен қазіргі уақытта ғана Кузнецтің осыдан 80 жыл бұрын жасаған ескертуі еске түсе бастаған сыңайлы.
Соның өзінде де бүкіл әлемде саясаткерлер мен экономистер өздерінің еңбектері мен сөйлеген сөздерінде әлі де болса бұрынғысынша ел ІЖӨ-сінің өсімін оның дамуының аса маңызды факторы деп санап, ІЖӨ-ні жаппай ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауға шақыруда. Олардың айтуларына қарағанда, елдің дамуы ІЖӨ өсіміне әркезде де пара-пар. Осындай себептен да Қытайда ІЖӨ-нің өсуі жақсы көрсеткіш ретінде бағаланып, 30 жылға жуық уақыттан бері ІЖӨ-сі өспей келе жатқан Жапониядағы стагнация (өнеркәсіп құлдырамайтын және өсім де болмайтын жағдай) қолдауға ие бола алмай келеді. Дегенмен, Жапониядағы жағдай шынымен де нашар ма? Міне, жоғарыда өзіміз келтірген академик Б.Данилишин дәл осындай сауал қояды.
Батыс елдеріндегі кумулятивтік, яғни жинақталған қауырт өсімнің Бірінші өнеркәсіптік революциядан кейін басталғанын біз экономика тарихынан жақсы білеміз, дейді аты аталған ғалым. XIX ғасырдың басынан бастап бұл елдер ІЖӨ-нің өсу қарқыны бойынша әлемнің өзге елдерінен көш бойы ұзап шықты. Сол сияқты, дәл осы мемлекеттерде ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көрінісі де еселене түсті. Осылайша, XX ғасырдың басына таман ол елдер ІЖӨ бойынша бұрынғы көш бастаушылар Қытай мен Үндістанның тиісті көрсеткіштерінен айтарлықтай асып түскен.
Осындай ойларын ортаға сала келіп, академик күтпеген түйін жасайды. Яғни, оның айтуынша, іс жүзінде ХХ ғасырға дейін ғылыми экономикалық еңбектерде экономикалық өсімдегі технологиялардың рөлі еш ескерілмей келген. Бәлкім сондықтан да болар, кейбір елдердің бірінші кезекте технологиялық даму деңгейі, экономиканың сапалық мазмұны жағынан айырмашылықтары болғанымен, оларды өзара ІЖӨ-нің номиналды көрсеткіштері бойынша салыстыру әлі күнге дейін жалғасып келеді. ІЖӨ-нің бұл көрсеткіштері ақша мен сапалық сипатқа ие болғандықтан мұнда теориялық тұрғыда қарама-қайшылық жоқ дейді украиналық ғалым. Сондықтан да төмен маржалы астық өндіретін ел мен жоғары маржалы компьютер шығаратын ел бір бірімен ең алдымен өнімнің құны бойынша салыстырылады. Сондықтан да Кузнецті жете түсінбеген экономистердің ұғымдары бойынша молекулалық генетикада, робот техникалардың жаңа үлгілерін жасауда, «ұқыпты өндірістің» тың тәжірибелерін енгізуде әлемде алдыңғы орындарда келе жатқан жоғары технологиялы Жапония экономикасында стагнация орын алуда. Оның есесіне, дәл сол экономистердің пайымдауынша, өзінің табиғи ресурстарын адам денсаулығы үшін зиянды өнеркәсіптік өндіріс барысында аяусыз шығындап, өздерінде орасан зор экологиялық апат аймағын құрып үлгерген және ешкім тұрмайтын «елес-қалалар» салған Қытайда таңғаларлық экономикалық өсім бар.
Осындай мысалдарды келтіре отырып Б.Данилишин осының бәрі бүгінгі таңдағы экономистер мен саясаткерлердің С.Кузнец сияқты экономикалық ойшылдардың идеяларын дұрыс түсінбеуінің салдары деген қорытынды жасайды. Бұл аз десеңіз, оның ойынша, сапалы экономикалық көрсеткіштерді елде өндірілген өнімнің сандық өсу көрсеткіштерімен алмастыру шынайы ахуалға, соның ішінде ұлт денсаулығына да кері әсерін тигізуде. Бұған ғалым медицинадағы тамаша табыстарға қарамастан АҚШ-та түптің-түбінде алуан түрлі ауруларға апарып соқтырып жатқан артық салмақ проблемасының, қарапайым тілмен айтқанда, шектен тыс семіздіктен арылудың шешім таппай отырғандығын мысал ретінде келтіреді.
Одан әрі ғалым ойын нақтылай түсу үшін өз еліндегі жағдайларға жүгінеді. Оның келтірген деректері бойынша, 2015 жылы ХВҚ мәліметтеріне сәйкес Украина ІЖӨ-сі 90,5 млрд доллар құрап, 86,6 млрд долларды көрсеткен Словакияның ІЖӨ-сінен 4 млрд долларға жуық артық болып шыққан. Осы көрсеткішке сенсек, біз шамамен алғанда Словакиямен бірдей өмір сүрудеміз, дейді ғалым. Осылай дей келіп ол технологиялық даму мен оның тиімділігі, гуманитарлық даму (ең алдымен білім беру мен денсаулық сақтау) деңгейі жағынан Словакияның өз елінен әлдеқайда артық тұрғанын мойындайды. Ол аз десеңіз, Словакияның Еуропада автомобиль шығарушы ең ірі елдердің бірі және Шығыс Еуропада технологиялық көшбасшы екенін, сонымен бірге, өмір сапасының үлестік көрсеткішін арттыруға қол жеткізіп жатқанын, ал Украинаның негізінен шикізат сатумен ғана шектелетінін де жасырмайды.
Міне, осындай дәйектер мен дәлелдерді келтіре отырып, ғалым ІЖӨ көрсеткішін экономикалық өсімнің басты көрінісі ретінде алу тұйыққа апарып тірейтін жол деген өз пайымын білдіреді. Одан әрі ол жалпы адам өмірінің сапасы, соның ішінде украиндар да бар, тек қана сандық көрсеткіштермен айқындалмайды, дей келіп, бізге бүгінде экономикалық конформист болуды, яғни үнсіз бас шұлғи берушілікті қойып, ІЖӨ көрсеткішіне маңыз беру сияқты ескірген экономикалық теорияны басшылыққа алудан бас тарту қажет. Сөйтіп, қазіргі таңда әлемде басталған Төртінші өнеркәсіптік революция шеңберінде украиналық ғылымның сапасын, ұлттық өндірістің технологиялылығы мен тиімділігін арттыруға бағыт ұстану керек деген кесімді сөзін айтады. Әрине, бұл жерде ғалымның өз елі туралы сөз сабақтап отырғаны түсінікті. Дегенмен, экономикалық өсімнің шынайы көрсеткішіне лайықты баға беру ісінің әлемнің кез келген елі үшін өзекті мәселе екенін де мойындау жөн.
Біле-білсек, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да бүгінгі таңда жүргізіп отырған экономикалық саясаты жоғары технологиялы өндірістер өрісін ұлғайтпайынша әлемдік рынокта бәсекеге қабілетті, уақыт талабына жауап беретін экономика құру мүмкін емес дегенге келіп саяды. Олай болса, Елбасының ұстанған бағыты мен алға қойған мақсат-міндеттерін басшылыққа ала келгенде, украиналық ғалымның ой-пайымдарынан көп нәрсені үйренуге болатын сияқты. Тек өндірістің құлағын ұстап, экономика саласында тер төгіп жүрген біздің лауазымды тұлғаларымыз соған ден қойса игі...
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»