Конституция күніне орай Ақтөбе қаласында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Солардың бірі – қалаға қарайтын Кірпішті ауылындағы 370 орындық орта мектеп. 2015 жылы басталған мектептің құрылысын «Элитстройсервис» ЖШС бір жылдан сәл астам уақытта салып бітірді. Мектеп құрылысына 526,9 миллион теңге қаржы бөлінген. Үш қабатты мектепте 58 ұстаз еңбек етеді.
Мектептің салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды Конституция күнімен құттықтады.
– Елбасы жергілікті билікке балаларды сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды туғызуға тапсырма берді. Біз үш ауысыммен оқитын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуге бағыт ұстап отырмыз. Осы мақсатта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Міне, №18 орта мектепке жаңа ғимарат салынуы соның айқын айғағы. Енді бұл мектеп екі ауысымда оқытатын болады. Күні кеше «НұрАқтөбе» шағын ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғасын табады, – деді ол.
Ата-аналар атынан сөз алған Марат Бабанаев осы мектепке немересін әкеліп отырғанын тілге тиек ете келіп, Елбасына және облыс әкімдігіне түйінді мәселені дер кезінде шешкендері үшін алғысын білдірді.
Сол күні қала маңындағы Қарғалы ауылында «Жарқын бала» мектепке дейінгі мекемесі өз есігін айқара ашты. Балабақша аумағы 1,3 гектар, қазіргі заманға сай, технологиялық және ойын құрал-жабдықтарымен жарақтанған. Жиһаздары мектепке дейінгі жастағы балаларға сай, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған. Мекемеде қазақ тілінде білім беретін 16 топ бар, оның 2-еуі тілінде мүкісі бар балаларға арналған.
Облыс әкімі «КазПромСтройГрупп» ЖШС салған балабақша ғимаратын қарап шықты. Жаңа мектепке дейінгі мекеменің құрылысына республикалық бюджеттен 560 млн теңге бөлінді, 75 жаңа жұмыс орны ашылды.
– Елбасы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса назар аударады. Тәуелсіздік алғаннан бері өңірде мектепке дейінгі мекемелер саны 8 есе өсіп, 558-ге жетті. 46 мың сәби балабақшаға барады. Осы жылы ашылған 32 балабақшаның 23-і мемлекет және жекеменшік аясында жұмыс жасап келеді. Жыл соңына дейін, тағы 20-сын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. 25 жыл ішінде 35 596 орынға арналған 109 орта мектеп салынды. Тек осы жылы ғана құны 4,7 млрд теңге болатын 9 білім беру нысанының құрылысы басталды, – деген Б.Сапарбаев өңірде тағы 17 білім беру нысанының ашылатынын жеткізді. Олардың қатарында 7 орта мектеп, 1 отбасы үлгісіндегі үй, 9 балабақша бар болса, соның 5-еуі жекеменшік болып табылады.
Мереке күні үй кезегінде тұрған 54 ақтөбелік КИК бағдарламасы бойынша пәтерге ие болды. Облыс әкімі «КИК» АҚ желісі бойынша бағдарламаның қатысушыларына пәтер кілтін табыстады.
«Нұрлы Жол» бағдарламасы – бұл халықты қолжетімді баспанамен тиімді шарттар бойынша қамтамасыз ететін мемлекеттік тетіктердің бірі. Жаңа пәтердің иелері – жалдамалы тұрғын үйге кезекке тұрған қала тұрғындары.
Үш қабатты үй мектебі мен балабақшасы бар, халық көп шоғырланған ауданда орналасқан. Жалға беру келісімшарты 20 жылға жасалады. Бұл үйдің 1 шаршы метрінің құны – 879 теңге. Бес жылдан соң жалға алушы тұрғындар пәтердің қалған ақшасын төлеп, мезгілінен бұрын сатып алуына болады.
Үйдің құрылысымен айналысқан бас мердігер – «Алым Инжиниринг» ЖШС. Тұрғын үйдің жалпы құны 508 млн теңгеден астам қаржы тұрады.
– Әлемдік дағдарысқа қарамастан, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттерді орындап, жеке тұрғын үйге қол жеткізу үшін барлық жағдайды жасауда. Бүгін 50-ден астам отбасы пәтер кілтіне ие болды. Олардың дені бюджеттік сала мамандары. Біз осылайша Елбасының қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін жақсарту бойынша тапсырмасын жүзеге асырып жатырмыз, – деді өңір басшысы.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы