01 Қыркүйек, 2016

Ашық сұхбат алаңы анық жауап береді

521 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
2B2A8461Әдетте, біз ашықтық, жариялылық туралы көп айтамыз. Дегенмен, қазіргі қоғамда томаға тұйық мекемелер мен «сен тимесең, мен тимен» кейіптегі құрылымдар жеткілікті. Өзіңе қажетті сауалға жауап алу үшін табалдырығын қанша тоздырсаң да, топырлатып хат жазсаң да жұмған аузын ашпайтындар да аз емес. Мұны «үнсіздік – келісімнің белгісі» дей алмайсыз. Қайта көкейде сан алуан сауал туындатып, алаң көңілге әкелетін жағдай. Бірақ өз ісін жұртшылықтың назарында ұстайтын, сол арқылы жариялылықтың жолын нұсқайтын мекемелер де бар. Мысалы, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жақыннан бастап өз салымшыларымен бетпе-бет жолығып, оларды мазалаған сауалдардың барлығына ашық жауа­п беріп, жариялы түрде жұмыс істеуді бастады. Аталмыш банктің Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов осындай алғашқы кездесуді Оңтүстік Қазақстан облысында өткізген еді. Ендігі кезек Қызылорда облысына келді. Үй алу кезегіне ешкім ықпал ете алмайды – Бүгінгі кездесуіміздің бейресми жағдайда, тең дәрежеде, ашық өткенін қалаймын. Сондықтан өздеріңізді мазалаған сұрақтарды еркін қоя бер­сеңіздер екен деймін. Өйткені, біздің өз салымшыларымыздан жасыратын, жауырды жаба тоқитын ешқандай құпиямыз жоқ. Сіздердің тараптан қойылған сұрақтардың барлығына жауап беруге дайынмын. Сондай-ақ, қордаланған мәселе болса, оның да жолын қарастыруға әзірмін,– деп бастады сөзін Айбатыр Нышанбайұлы. Сонан соң Қызылорда облысына сапары барысында «Өз үйім» бағдарламасы бойынша көпқабатты екі тұрғын үй салынып, бүгін 100 адамның қоныс тойын тойлап жатқанын айтты. «Аталмыш бағдарламаны ең бірінші болып Қызылорда облысы қолдады. Айналасы алты айдың ішінде екі үйдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жақсының жақсылығын айту парыз. Осы ретте Қызылорда облысының әкімдігіне үлкен алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар, бұл үйлерге бюджеттің бір тиыны да шығындалған жоқ. Жергілікті әкімдік, біздің банк пен кәсіпкерлер бірлесе отырып, аталған жобаны қолға алдық. Алдымызға қойған жоспарымыз көп. Биылдың өзінде тағы 7 үйді ел игілігіне беру ойымызда бар. Ол да кәсіпкерлерді тарту арқылы жүзеге асады. «Өз үйім», «Нұрлы Жол» секілді бағдарламалар әлеуметтік нысандар салуға бағытталған. Бұған банк үлкен көңіл бөледі. Назарда ұстайды. Сол себепті аталған бағдарламалар турасында сіздерді мазалаған мәселе болатын болса, ашық айтуларыңызды сұраймын»,– деген Басқарма төрағасы салымшыларды тағы да ашық әңгімеге шақырды. Қазақы аймақ болғасын ба, әлде өзімізге тән ұяңдық бар ма, білмейміз, орнынан қарғып тұрып, сұрағын сатырлатып қойып, мәселесін алға тартқан адам табылмады. Мүмкін олар мұндай кездесуге дайын болмаған шығар. Дей тұрғанмен, Айбатыр Жұмағұлов өзінің негізгі мақсатына жетпей, орта жолдан кері бұрылып кетпейтінін анық аңғартты. Сонан соң қоғамдағы кейбір мәселелер туралы айта бастады. – «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына жаңалық енгенін білесіздер. Бүгінде үй алу үшін іріктеу автоматтандырылған жүйеге көшірілді. Десек те, кейбір адамдар салымшыларды алдап, «белгілі бір сома берсең, кезегіңді жылжытып береміз» деп алаяқтық әрекетке барады екен. Бұған ешқашан сенбеңіздер. Өйткені, бұл үрдіске ешкім ықпал ете алмайды. Банк қызметкерлері түгілі, басшы ретінде менің де ешқандай араласуға мүмкіндігім жоқ,– деді ол. Бүгінде заман дамыды. Технологиялар көз ілес­пес жылдамдықпен жаңарып жатыр. Ал мұны адамд­ардың игілігіне пайдалану керек. Сондықтан «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларға онлайн қызмет көрсету саласын дамытпақ. Жылдың соңына дейін мобильді қосымша мен интернет-банкинг жұмысын жүйелеуді жоспарлап отыр екен. Қазірдің өзінде салымшының жеке кабинеті интернет-банкинг жүйесіне ауысқан. Бұл салымшы банк қызметкеріне тәуелді болмайды, сарылып кезекке тұрмайды, өз есепшоттарын қашықтан отырып басқара алады деген сөз. Сонымен қатар, кредитті алу үрдісін де қадағалайтын мүмкіндік жасалмақ. Ол қалай? Сіз кредит алуға өтініш бер­діңіз делік. Бұрын оның тағдыры қалай болып жатыр деп алаңдап отыратын едіңіз. Енді сіз интернет арқылы өтінішіңіздің қай жерде, қандай адамда қаралып жатқанынан хабар алып отырасыз. Мұның сыртында банктің жер-жердегі қызметкерлеріне де көптеген өкілеттілік берілмек. Болашақ клиенттер сабылып банкке келіп, сарғайып кезек күтпес үшін банк агенттері салымшының жұмысына арнайы барып, келісімшартты сонда жасауға мүмкіндік туады. – Осындай кездесу бір ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында өтті. Соның нәтижесінде көптен бері қордаланған бір мәселе шешілді. Бұрын банк саманнан салынған үйді кепілге алмайтын. Кездесу барысында осы мәселе көтерілді. Жақында лай батпақтан салынған үйді де кепілге алатын шешім шықты. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарындағы баспаналардың жетпіс пайызға жуығы саманнан салынған ғой. Сондықтан бұл өзгеріс көптеген адамның көңілінен шығып жатыр,– деді Айбатыр Жұмағұлов. Салымшының несібесі сақталады Басқарма басшысының емен-жарқын, ешқандай бюрократиялық қағидаттармен қабыспайтын әңгімесі ұнаған болуы керек, салымшылар тарапынан сұрақтар қойыла бастады. «Былтырға дейін үйдің бір шаршы метрі 90-100 мың теңге көлемінде болатын. Биылғы «Өз үйім» бағдарламасы арқылы беріліп жатқан үйлердің бағасы 140 мың теңгеге көтеріліп кетті. Бұл неліктен? Екінші сұрағым өтемақы жөнінде. Биыл бізге 19,2 пайыз қосылды. Ал енді өтемақының қалған пайызы келер жылы қосылады екен. Енді мынадай мәселе, егер мен биыл баспаналы болсам, жаңағы өтемақы келер жылы қалай қосылады?»,– деп сұрады Нұрғазы Үйсінбаев есімді азамат. – Жаңа айтқанымдай, «Өз үйім» бағдарламасы арқылы салынып жатқан үйлерге мемлекет тарапынан бір тиын да бөлінбейді. Тұрғын үйлер жеке кәсіпкерлердің есебінен салынады. Оған қажетті құрылыс материалдарының қымбаттағанын білесіздер. Сондай-ақ, мердігерлерге қызмет көрсететін компаниялардың жұмысы да арзандаған жоқ. Жалпы алғанда, үйді салуға кеткен шығынның өзі осы бағаның шамасында болып тұр. Сондықтан үйді өз бағасынан төмен сата алмаймыз ғой. Бұл барынша нарыққа жақын бағдарлама деуге болады. Ал «Нұрлы Жол», «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламалары арқылы пайдалануға беріліп жатқан үйлердің бағалары инфляцияға байланыс­ты. Енді өтемақы жайына тоқталайын. Бүгінде берілетін өтемақы 19,2 пайыздың төңірегінде болуы керек. Егер сіз биыл мемлекеттік бағдарламаға қатыспасаңыз, онда келер жылы да өтемақыны аласыз. Ал қатыссаңыз, сол күннен бастап өтемақы төленбейді. Өтемақы бойынша биылға бөлінген қаржы толығымен игерілді. 2 жылда төленетін жалпы өтемақы көлемі 35,5 пайыз,– деді Басқарма төрағасы. Кездесуге келген Ақерке Әуезханова Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болған көп адамның бірі. Ол Айбатыр Жұмағұловқа рахметін айтып, шын ниетін жеткізді. «Пәтер жалдап, өзге біреуге ақша төлегенше, сіздердің банк арқылы баспана алып, соған құйған дұрыс екен. Осы ретте, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың жұмысы туралы тұрғындарға толыққанды ақпарат берілсе деген тілегім бар»,– деді ол. Айбатыр Нышанбайұлы бұл тарапта нақты жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді. Ал Нақып Оспанов был­тыр салып жатқан үйінің құрылысын аяқтау мақсатында банкке 3,5 миллион теңге ақша салған екен. Бір жылдың ішінде ол еселеніп, көбейген. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың осы бағдарламасының халық үшін өте ыңғайлы әрі тиімді екенін жеткізді. – Бүгін қала әкімдігінің азаматтарымен кездесіп, кейбір мәселелерді талқыладық. Жақында ғана Жезқазған тас жолы бағытынан халыққа жер телімдерін беріпті. Осыған байланысты арнайы жоспар құрып жатырмыз. Болашақта үй салуға немесе сатып алуға ғана несие бермей, құрылыс саласын да дамытсақ па деген ойға келдік. Қызылорда облысындағы банк филиалының дамуына әкімдік тарапынан үлкен қолдау себеп болып отыр. Сондықтан біз де олармен барынша ынтымақтаса жұмыс істеуге дайынбыз,– деді Айбатыр Жұмағұлов. Ал Гүлмира Ибраева жақында баспаналы болатынын, мәселесінің толық шешіліп тұрғанын жеткізді. Дегенмен, пәтердің жобасына қатысты ұсынысы бар екен. «Қызылорданың қазақы аймақ екенін ескере отырып, пәтердің жобасына біршама өзгерістер енгізуге бола ма?»,– деп сұрады. Тұрғын үйдің жобасына банк жауапты емес. Оны өкімет бекітеді. Алдағы уақытта салынатын баспаналардың көлемі кішіреюі мүмкін. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, көлем азайған сайын пәтердің саны артады. Осылайша, адамдарды көптеп баспаналы етуге мүмкіндік туады. Тағы бір салымшы ақшасын Қызылордадағы филиалға салғанмен, пәтерді Астанадан алыпты. Бірақ біршама әуреге түскен. Алдымен нақты көздеп отырған пәтері сатылып кеткен. Содан басқа үй тапқан. Бірақ оның бағасынан банкте жинаған ақшасы 300 мыңға артық болған. Осы арада бір мәселе туындаған. Банк ақшаны сол күйі аударады. Ал пәтер сататын компания оның артық ақшасын қайтармайды. Амал жоқ, артық ақшаны құрылыс компаниясының есебіне беріп кеткен. Бірақ «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 19,2 пайыз өтемақы беретін болған екен. «Мен есепшотымдағы барлық ақшаны жаратып, пәтер алдым. Енді осы өтемақы маған беріле ме?», дейді алаң көңіл салымшы. Айбатыр Жұмағұлов өтемақының төленетінін, ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ екенін жеткізді. Айгүл Оралбаева есімді салымшы «Жалпы, біз ақшаны банктен гөрі үйде сақтауға құмар халықпыз ғой. Мен артық ақшамды осы банкке салып келемін. Биыл өтемақы ретінде миллион теңге пайда көрдім» деп өз қуанышымен бөлісті. Айбатыр Жұмағұлов азаматтардың жинақ мәдениеті қалыптасса деген арман-тілегін ортаға салды. Қаржыны бейберекет жаратпай, болмаса құр сандықтың түбінде пайдасыз сақтамай, иесіне жұмыс істеп, сол арқылы пайда келіп, елдің дамуына атсалысса дейді. Осы өтемақыға байланысты тағы бір сұрақ болды. Рүстем есімді салымшы банкте бұрын ашылған екі келісімшартты біріктіріпті. «Енді өтемақы төлеу мәселесі қалай болады?», дейді ол. Өтемақы еш өзгеріссіз, түсе береді екен. Жалпы, кездесу барысында аңғарғанымыз, салымшыларды көбіне өтемақы төлеу мәселесі мазалайды екен. Сұрақтың осы мәселе турасында көп қойылғанына қарап осыны аңғаруға болады. 2B2A8497Банк жекешеленбейді Жанна Асанова кездесуге өзінің басындағы мәселені айтуға келіпті. Банктен несие алып, баспаналы болғысы келеді. Дегенмен, құжаттарын рәсімдеу кезінде бірнеше кедергіге кезіккен. Алдымен, соңғы жарты жылға айлық көрсеткішін растайтын құжат керек болған. Бірақ соңғы үш айда ол ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Яғни, осы аралықта оған жалақы төленбеген. Одан жақында докторантураға оқуға түскен. Бұл жағдайда не істей алады? – Барлық несие алушының төлем қабілеттілігі тексеріледі. Өйткені, ертең алған несиесін төлей алмай қалса, онда осыған дейінгі жинаған ақшасы, сатып алған баспанасы, бәрі босқа күйіп кетеді. Сондықтан жан-жақты тексеру жұмыстары жүреді. Сіздің жағдайда бір туысыңыз несиеңізді бірігіп төлеуге кепіл болса, оңынан шешуге болады,– деді Айбатыр Жұмағұлов. Ондай адам бар екен. Әкесі кепіл болып, несиесін бірігіп төлеуге келісіпті. Десек те, ол кісі зейнет жасына жақындап қалған. Бұл да кедергі. Мына мәселеге Басқарма төрағасы кәдімгідей қиналды. Сосын «Сіздің мәселеңізді бөлек қарайық», деп барынша көмектесуге уәде етті. Бүгінде банк салымшыларын алаңдатқан бір мәселе бар. Ол – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың жекешеленуі. «Банктің жекешеленуі жайында әңгіменің бары рас. Осы орайда салымшылардың да көңілінде күдік болуы заңды. Бір нәрсе анық – банк толықтай жекешеленбейді. Біз қазір банкке тек стратегиялық инвестор іздеп жатырмыз. Оның өзінде банк акцияларының басым бөлігіне мемлекет иелік етеді. Сол себепті алаңдауға негіз жоқ. Бұл жұмыс келер жылдың соңына немесе 2018 жылдың бас кезінде іске асатын шығар деген ойдамыз»,– деп жауап берді Айбатыр Нышанбайұлы. Көңілдерін бір демдеп алғаннан кейін салымшылар сұрақтарын одан әрі жалғастырды. Мысалы, Гүлбану Ділмұхаммедова «Ақша салмай несие алуға бола ма?» деп сауал тастады. Бұған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында ғана осындай мүмкіндік бар екен. Ал қалған бағдарламалардың барлығында ондай жағдай қарастырылмаған. Бір кісі «Мемлекеттік бағдарлама арқылы осыған дейін үй алған адам тағы да қатыса ала ма?» деп сұрақ қойды. Бұл ретте де заңның рұқсаты болмай шықты. Дей тұрғанмен, банк арқылы басқалай үй алуға ешқандай кедергісі болмайтын көрінеді. Және бір салымшы жақында үй алатынын, бірақ, қарт анасының барына байланысты пәтерді екінші қабаттан алуға ықпал етуін сұрады. – Тәртіп баршаға ортақ. Бір адамға мүмкіндік жасап, екіншісін кем көруге болмайды. Сол себепті біз мұндай іске бара алмаймыз. Іріктеудің барлығы компьютер арқылы іске асатынын айттым. Ал оған ықпал етуге ешкімнің құқы жоқ,– деді банк басшысы. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы арендалық үй алуға бола ма? «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша екі бағыт белгіленген. Оның бірі арендалық, екіншісі кредиттік бағыт. Банк кредиттік жағымен айналысады. Банкке өтініш беріп, құжаттары дұрыс болып, бірақ ақшасы жетпей жатса, арендалық тұрғын үйге тапсыруға болады. Амангелді Иса есімді кісі «Жинақтың орнына баспанасын кепілге қойып, бағдарламаға қатысуға бола ма?» деп сауал тастады. «Кредиттік бағдарламаға өтініш берген адамдардың арасында да үлкен іріктеу жүреді. Оларды бағалау жинаған баллы арқылы есептеледі. Ал балл есепшоттағы жинаққа байланыс­ты шығады. Егер ешқандай жинағыңыз болмаса, онда тізімнің соңында тұрасыз. Сондықтан жинақсыз қатыса алмайсыз»,– деді А.Жұмағұлов. Халық игілігіне беріліп жатқан пәтерлердің ішкі жөндеу жұмыстары көпшіліктің көңілінен шыға бермейтіні жасырын емес. Көп жағдайда тұрғындар пәтер алғаннан кейін қайтадан жөндеу жүргізіп жатады. Енді пәтердің ішкі жөндеу жұмыстарынсыз тапсыруға бола ма? «Бұл енді жалпы жұртшылық үшін жасалып жатқан жағдай ғой. Кей адамдар үйіне жөндеу жұмысын жүргізе алмайды. Олардың да жағдайын ескеру керек. Сол себепті мұндай қадамға бара алмаймыз. Әрине, қойылған сұрақ орынды. Егер ішкі жөндеу жұмыстарынсыз алса, оның бағасы да арзандайды. Дей тұрғанмен, жалпыға ортақ дүние болған соң оған өзгеріс енгізе алмаймыз»,– дейді Басқарма төрағасы. Бір сағаттан аса уақытқа созылған кездесуде салымшылар өздерін мазалаған барлық сұрақты қойды. Ал Айбатыр Жұмағұлов әрбір сауалдарды мұқият тыңдап, әрқайсысына ықтиятты жауабын берді. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың ашық та жариялы жұмыс істеуге деген талпынысын азаматтар жоғары бағалады. Кездесу соңында Айбатыр Нышанбайұлы «Банк жұмысына қатысты шағымдарыңыз, қызметкерлердің заң бұзушылығы туралы хабарламаларыңыз болса, міндетті түрде хабарлап отырыңыздар. Бізге келіп түскен әр ұсыныс, өтініш пен шағым қараусыз қалмайды. Мұның барлығы банк жұмысының жүйелі болуына ықпал етеді. Сондықтан біз әрбір клиенттің өтініш-тілегіне үлкен құрметпен қараймыз»,– деп аяқтады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы