Тарих • 07 Қазан, 2024

Шетелдің архив қорындағы тарихи жәдігерлерге арналған көрме ашылды

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық мемлекеттік музейде Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен бірлескен «Шетелдің архив қорларындағы Еуразия тарихы» атты көрме ашылды, деп жазады Egemen.kz.

Шетелдің архив қорындағы тарихи жәдігерлерге арналған көрме ашылды

«Қазақстан және Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы шетелдің архивтік қорлары жинақтарында» ғылыми жобасына орай өткен көрмеде шетелдің архивтері мен қорларынан алынған қазақ тарихына қатысты тарихи жәдігерлердің көшірмелері қойылды.

Көрменің ашылуында Орталық мемлекеттік музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон институт ғалымдармен бірлескен жұмыстың маңызына тоқталып, музей мамандарының ғылыми қауымдастықпен, шетелдерден келген ғалымдармен тығыз байланыс орнатуы тың тақырыптардың ашылуына, оның жұртшылыққа кеңінен таныстырылуына ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тарихына қатысты ғылыми деректер арнайы басылымдарда ғана емес, заманауи көрмелерде көрініс тауып, өскелең ұрпақтың жадында жаңғырып отыруы тиіс.

аа

Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы тарихи материалдарды зерттеу бойынша республикалық ақпараттық орталықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова бұл зерттеулердің институт ғалымдарының ұзақ жылғы жұмысының негізі екенін атап өтті. Бүгінде Ресей, Қытай, Еуропа елдері музейлері мен архивтерін зерттеген ғалымдар қазақ тарихының түрлі кезеңдеріне қатысты құнды деректердің көшірмесін елге әкелді. Ондағы мақсат көне және ортағасырлық дереккөздерге сүйене отырып, қазақ мемлекеттілігі тарихының шынайы деректеріне көз жеткізу.

Көрме аясында «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті бойынша карталар (ерте заман, орта ғасырлар, жаңа заман) каталогының» тұсаукесері өтті.  Каталогқа Еуразиядағы геосаясат, мәдени трансформациялар және халықтар байланысындағы өзгерістерді көрсететін карталар енген. Каталог Ұлы дала тарихы және мәдениетімен айналысатын ғалымдар, тарихшылар және жалпы жұртшылық үшін құнды дереккөз болатыны анық.

зз

Көрмеде Берн музейінде сақталып келген 1868-1889 жылдары Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне төрт мәрте саяхаттаған дипломат әрі саяхатшы Анри Мозердің қорынан алынған ХІХ ғасырға тиесілі көмкермелі тұскілем, жүзіктер, айбалта, тағы да басқа көптеген жәдігерлер ерекше назар аудартады. Мұнымен қоса Қытай, Франция, Ұлыбритания, Швейцария, Италия, Дания, Швеция және Венгриядағы қорлардан алынған архивтік құжаттар және миниатюралар, картиналар, фотосуреттер мен бұйымдардан тұратын визуалды артефактілермен танысуға болады. Экспонаттар қазақтардың Еуразияның басқа да халықтарымен тарихи дипломатиялық байланыстарын айғақтайды.

Көрме 16 қазанға дейін жалғасады.