Таяуда Сербияның астанасы Белград қаласында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысы өтті.
Іс-шара барысында тараптар екі елдің сауда және инвестициялар, геология және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастығын талқылады. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау, білім, құрылыс және туризмге байланысты мәселелер қаралды.
Пленарлық сессияға Сербияның экономика министрі Горан Кнежевич пен Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қатысты.
Қ.Бишімбаев өз сөзінде 2015 жылы $55,8 млн құраған екіжақты тауар айналымының екі еседен астам өсуіне қарамастан, оның деңгейі қолда бар әлеуетке сәйкес емес деп атап өтті. «Көрсетілген деректер іскерлік және инвестициялық қарым-қатынастарды жандандыру үшін іс-шаралар қабылдау қажет екенін дәлелдейді», деп санайды Қ.Бишімбаев.
Министр 31 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО мен Сербия арасындағы еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздер бастау туралы шешім қабылдағанын еске салды. Аталған келісімнің қорытындысы мен оның іске асырылуы, оның ойынша, Қазақстан мен Сербияның сауда-экономикалық қарым-қатынастарын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Қазақстан өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласында өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі. «Біз астық пен табиғи таза етті экспорттауға дайынбыз. Сербия өзінің табиғи жағдайлары арқасында біздің нарыққа көкөніс пен жеміс жеткізуші ретінде қызығушылық танытады», деп хабарлады Қ.Бишімбаев.
Ол білім алмасуды жандандыру қажеттілігін: студенттік бағдарламаларды ілгерілету және екі елдің үздік жоғары оқу орындарының академиялық орта өкілдерінің өзара сапарларын өткізу қажет екенін атап өтті.
Министр отырысқа қатысушыларға «Астана» халықаралық қаржы орталығында инвесторлар үшін жасалатын жағдайлар туралы айтып берді, сондай-ақ, Сербияның құрылыс компанияларын «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылатын жобаларға қатысуға шақырды. Қорытындылай келе, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға сенім білдірді.
Сербия тарапы Қазақстан бизнесмендерін республикадағы, әсіресе, өзара қызығушылық тудыратын энергетика және тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және құрылыс материалдары өнеркәсібі, машина жасау және қолөнер, ауыл шаруашылығы, химия және фармацевтика өнеркәсібі саласындағы бизнес ортамен жақынырақ танысуға шақырды.
Сербия, сондай-ақ, өздерінің құрылыс және жобалау компанияларының Қазақстандағы тұрғын үй құрылыс бағдарламасына, сондай-ақ, жол, әуежай құрылысына және құрылыс өнімдерін жеткізуге кеңінен қатысуына қызығушылық білдірді.
Тараптар сондай-ақ, Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңес құру туралы шешім қабылдады. Ол Қазақстан мен Сербияның бизнесі арасында өзара іс-қимылды үйлестіретін байланыстырушы буын болмақ.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы Астанада өтеді.
«Егемен-ақпарат»