01 Қыркүйек, 2016

Күмістің күні туып тұр

765 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
бағалы металБұл бағалы металдың қымбаттау сыры неде? Биылғы жылы қаржы нарығындағы әртүрлі қолайсыздықтарға (ұлттық валюталардың құнсыздануы, Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына байланысты еуро мен фунт стерлингтің әлсіреуі, тағы басқа жайттар) орай алтын, күміс және басқа да құнды металдар бағасының көтеріле түскені байқалады. Соның ішінде күмістің бағасының айтарлықтай өскендігі сезіледі. Мәселен, сарапшылар мен қаржы мамандарының есептеуінше, үстіміздегі жылдың өзінде оның бағасы 49 пайызға көтеріліп үлгірген. Күміс бағасының көтерілуі қазіргі күні алтын және басқа да бағалы металдарға қарағанда, едәуір деңгейде жоғары болып отыр. Неге? Осы сұраққа жауап іздеп, интернеттегі бірқатар мамандар пікірлеріне сүйенген сілтемелермен танысып шықтық. Табиғатта таза қалпында кезде­сетін­діктен бұл металл түрі көне заман­дардан бері адамзаттың игілі­гіне жарап, алтынмен қатар бай­лық көзі, ақша орнына жүре­тін айырбас құралы ретінде қарас­ты­рылып келеді. Ол әсіресе, әше­кей заттар мен зер­герлік бұйым­дар өндірісінде кеңі­нен пайда­ла­нылады. Сонымен қатар, күмістің адам денсаулығына тигізетін жа­ғым­­ды әсерлері туралы әңгі­ме­лер де аз айтылмайды. Қазіргі уақытта күміс көп жағ­дай­да қорғасын, мыс, алтын кен орын­дарын игерген кезде солар­мен қатар алынатын бағалы металл түрінде өндіріледі. Әлемде күміс өндіру ісімен айналысатын отыз­шақ­ты ел болса, соның бірі – біздің Қазақстан. Мамандардың есептеуінше, күмістің жылдық өндірісі шамамен алғанда 671 миллион унцияны немесе 18,9 мың тоннаны құрайды. Соңғы он жылдың ішінде күміске деген сұраныс көлемі осы ұсыныс көлемінен арта бастаған. Соның ішінде биылғы сұраныстың жөні бөлек болып отырған секілді. Мәселен, Bloomberg агенттігі­нің дерегіне қарағанда, 22 тамыз күні күміске инвестиция жасай­тын қор биржаларының актив­тері рекордтық көрсеткіштен асып түскен. Бір күннің ішінде 160,5 тонна күміс сатып алынған. Ма­ман­­дар­дың айтуынша, мұндай қор­лар­дың активтері жыл басынан бері 1,1 мың тоннаға арта түссе, со­ның 300 тоннасы соңғы бір апта­ның үлесіне тиген. Кейбір сарапшылардың бол­­жауы­нша, күміске деген сұраныс­тың артуы мұнымен де тоқталмауы мүм­кін. Бірақ өкінішке қарай, күміс өндірісінің осы сұранысты өтеуі шектеулі қалпында қалып отырған секілді. Мәселен, шикі­зат тауарлары рыногына зерт­теу­лер жүргізетін CPM Group кон­салтингтік компа­ния­­сының соң­ғы деректері көр­сетіп отыр­ға­нындай, 2016 жылы күміс өн­ді­рі­сінің деңгейі 2,4 па­йыз­ға төмен­дей түспек. Бұл – соң­­ғы 10 жыл­дан бергі бірінші құл­ды­рау. Аталған компанияның сарап­шы­лары сонымен қатар 2016 жылы бағалы металдарға деген өнер­кәсіптің сұранысы 1,6 пайызға арта­­тындығын айтып отыр. Бұл жағ­дайдың өзі күміс бағасының әлі де көтерілу мүмкіндігінің бар екендігін білдіреді. Әдетте, бағалы металдар рыно­гында алтын мен күмістің аттары қатар аталатындығы белгілі. Бір есептен алғанда, мұның тарихи мәні бар. Өйткені, алтын мен күміс – ежелгі заманнан бері келе жатқан айырбас құралы. Әлемде, адамзат алғаш рет айырбастың басты құралы ретінде ақшаны ойлап тапқаннан бері қаншама валюта түрі өзгерді. Ежелгі пер­ғауындар заманынан бері әлемнің әр түкпірінде қаншама ақша түрі ойлап табылды және ізсіз жоғалып, адамзат қажеттілігі­нен шығып қалды. Ал алтын мен күмістің айырбас құралы ретіндегі құн­дылығы әлі күнге дейін сақ­талып келеді. Адамзат қазіргі күні ақша ор­ны­на жүре алатын неше түрлі құралдарды ойлап тапты десек те, ежелгі заманнан келе жат­қан сол бір тарихи жағдай тағы да қай­таланатын іспетті. Өйт­кені, біздің заманымыздың күр­делі қаржы нарығында пайда болып отырған жаңа толқуларға, шын мәніне келген кезде материалдық игілік көзіне айнала алмайтындықтан, ол құралдардың жауап бере ал­май­тын­дығы айқын. Алтынның заты – алтын, ақшаның заты – қағаз. Мәселен, қазіргі күні тәуелсіз мемлекеттердің төл валюталары неге тегістей құнсыздану үстін­де?! Ал еуро мен фунт стер­линг­тің жағдайына аз да болса жо­ғарыда тоқталып өттік. Бұларды бы­лай қойып, қазіргі қаржы әлемін­де еркін билік құрып жүрген доллардың өзіне де сенімсіздік деңгейі жылдан жылға арта түсу­де. Өйткені, адам­дар бұл бас­­ты валютаның курстық құ­ны мен шығарылу мөлшері ешбір мате­риалдық игілік көзі­мен қуат­талмайтындығын көріп отыр. Міне, осындай шақта қазір­гі қар­жы нарығындағы соңғы оқи­ға­лар қаржы ойыншылары мен қара­пайым тұтынушылардың есіне тағы да алтын мен күмістің түс­кен­дігін көрсетіп берді. Адамдар әдетте әуелгі кезекте алтынды, содан кейін барып күмісті атайды. Мұның себебі түсінікті: алтын күміске қарағанда, әлд­еқайда қымбат. Оның үстіне алтын Күн­нің, күміс Айдың сим­волы ретін­де бағаланады. Өз бай­лығын сақ­тағысы келген адам бірінші кезекте алтын жи­най­тын­дығы тарихтан белгілі. Бірақ сөйте тұра қазіргі уақытта күмістің бағасы басқа бағалы металдар, соның ішінде алтынға қарағанда, басымдықпен өсіп келе жатқаны айқын байқалады. Мәселен, жыл басынан бері алтын бағасы 26 пайызға, платина бағасы 23 пайызға, палладий баға­сы 24 пайызға өскенде, күміс ба­ғасы, жоғарыда айтқанымыздай, 46 пайызға дейін шарықтап барып, соңғы сауда кезінде қайтадан 37 пайызға дейін түскен. Шілденің басындағы сауда кезінде күмістің 1 унциясы 21 доллардан саудаланса, тамыздың екінші жартысында ол 18,92 долларға дейін төмендеген. Бірақ басқа бағалы металдарға, соның ішінде алтынға қарағанда, күміс бағасының көтерілу деңгейі бәрі­бір едәуір жоғары болып отыр. Оның үстіне мамандар күміс баға­­сының жаңа рекордтарды бағын­дыру әлеуеті жоғары екендігі жө­нін­де жарыса жазуда. Мұның себе­бі неде? Сөйтсек, бұл жағдай күмістің металл ретіндегі қасиетіне байла­нысты екен. Алтынға қараған­да, күмістің бір ерекшелігі, ол өнер­­­кәсіп өндірісінде қолданы­ла­тын маңызды металл түріне жата­­ды. Оның үстіне, күміске де­ген сұра­ныстың тұрақты түрде артуына негіз болатындай жаңа бір фак­тор жарқырап алға шыққан. Күміс жаңа технологиялық өнім – күн батареяларын шығару өн­дірісінде кеңінен қолданылатын болған. Қазіргі күні әлемнің көптеген елдерінің көмір мен мұнай­дан және газдан тарайтын көмір­қыш­қыл газ­дарының ауаға тарауын шек­теу мәселесіне батыл кіріс­кендігі бе­л­­гілі. Осы ретте эко­ло­гия­лық қауіп­сіз қуат көзі ре­тінде күн энер­­­гия­сын өндіріп, пай­да­лану ба­­ғы­­тында қарқын­ды қадам­дар жаса­­лынуда. Әри­не, күн энергия­сын пай­дала­ну үшін бірінші ке­зек­те күн бата­рея­­ларының қажет еке­ні түсі­­ні­к­ті. Міне, осы күн ба­та­­рея­­­­ла­рын­дағы фотоэлектрлі панель­­­дерге энергияны шоғыр­лан­ды­ра­­тын кремнийдің крис­талдық клетк­аларының 90 пайыз­ға жуы­ғы күміс пасталарды қол­дана оты­рып жасалынатын бо­лып шық­ты. Демек, бір сөзбен айт­­қан­­­да, күміске де күн туды. Өйт­­кені, жаңа технологиялардың же­дел дамуына байланысты күн энер­­гия­сын өндірістік және тұр­мыстық мақсаттарға пайдалану ісі алдағы уақытта барған сайын кең қанат жаюы мүмкін. Бұл іске адамзаттың көмір мен мұ­най­ды пайдаланудан барған сайын бас тартып, жел мен күн энергиясын игеруге көше бастауы одан сайын түрткі бола­тын­дығы сөзсіз. Мәселен, жуық­та АҚШ-тың Энергетикалық ақпа­рат­тар басқармасы күн энергиясының жыл өткен сайын кеңінен таралып келе жатқандығын атап көрсете келе, оны өндіру көлемі әр жыл сайын кем дегенде 8,3 пайызға арта­­тындығы туралы ақпарат тарат­ты. Оның үстіне, сарапшы­лар 2016 жылы өндірілген күмістің шамамен алғанда 70 миллион унциясы күн батареялары өндірі­сіне жұм­са­латынын айтып отыр. Бұл – был­тырғы жылғы көрсет­кіш­тен 23 пайызға артық. Демек, келесі жылы уақыт өткен сайын өсіп келе жатқан осынау өнеркәсіптік сұранысты қанағаттандыру үшін бірінші кезекте күміс өндірісінің көлемі артуы тиіс. Өйтпеген жағдайда күміс бағасының шарықтауы одан әрі жалғаса бермек. Біз осы мақаламызда күміс бағасының қымбаттауы туралы неғұрлым байыпты байламдарға ғана сүйенуге тырыстық. Әйтпесе, бұл жайында неғұрлым төтен­ше болжамдар жасаушылар да бар. Мәселен, Мульман Хуберт атты сарапшы күміс бағасының шарықтауы алдағы уақыттары тіптен екпінді болуы мүмкін екен­дігін жазыпты. «Күміс баға­сының өсуі мен қазіргі ақша-несие жүйесінің күйреуі бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені, бұл жүйенің табиғаты күміс бағасын құлдыратуға негізделген болатын. Демек, қазіргі ақша-несие жүйесі құрдымға кетуге жақындаған сайын күміс бағасының көтерілуі күтіл­гендегіден де тым тез өрбуі мүм­кін. Мәселен, оның баға­сы бір күннің ішінде 10, 20, 100 дол­ларға дейін шарықтап шы­ға келуі мүмкін. Сол кезде сіз қолыңыздағы қағаз ақшаға оны сатып ала ал­майтын боласыз», дейді. Осыған керсінше, күміс бағасы өзінің шарықтау шегіне жетті, енді ол осы шамада тоқтап, мұнан әрі қайта құлдырайтын болады деген болжамдар да бар. Қайсысы шындыққа айналмақ? Оны, әрине, уақыт көрсетеді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»