Палата отырыстарында өңірлердегі көптеген мәселелер депутаттар сауалдарына арқау болып жатады. Оның басты себебі – жергілікті жердің бюджетінде қаржының тапшы болуы. Халық қалаулыларының өңірлік мәселелерді көлденең тартып жататыны да сондықтан. Төмендегі депутаттық сауалға Қарағанды қаласында концерт залын салу мәселесі арқау болған еді.
Мәжіліс депутаты Дауылбай Құсайынов бастаған бір топ депутат Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына жолдаған сауалында Қарағанды қаласында Достық залы бар 1500 орындық концерт залын салу қажеттігіне назар аудартады. Аталған ғимараттың қажеттілігі этностардың әдет-ғұрыптарын, дәстүрлері мен мәдениетін жаңғыртуға мүмкіндік берерімен түсіндіріледі. Қазіргі таңда мұнда 70-тен астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейтіні белгілі. Олар өздерінің ұлттық мәдениеті мен ана тілін дамытуда. Сондай-ақ жарты миллион тұрғыны бар облыс орталығында әлемдік дәрежедегі мәдениет пен өнер қайраткерлерінің қатысуымен ауқымды шаралар өткізетін концерт залының уақыт талабына сай қажеттілікке айналғаны анық.
Аталған нысан құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі айқындалып, жоба-сметалық құжаттары жасалғаны да белгілі болып отыр. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық және мемлекеттік өрт бақылау мекемелерінің тиісті қорытындылары да алынған. Тіпті, құрылысқа қажетті жер учаскесі мен инженерлік-кәріздік жүйелері де дайын көрінеді. Жоба-сметалық құжаттарға жасалған мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша жоба құны 4 миллиард 342 миллион теңгеге бағаланыпты. Өткен жылдың 10 қаңтарында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында да аталған мәселе көтерілген көрінеді. Кәрім Қажымқанұлы берген тапсырмаларының ішінде сол нысанның құрылысы да тілге тиек етілген. Барлық құжаттары толық жинақталып, тиісті шешімін күтіп отырған ғимарат қомақты қаржыны қажет ететіндіктен, оны табудың бірден-бір жолы республикалық бюджет қана болса керек. Сондықтан депутаттар Үкімет басшысынан осы мәселені шешуге ықпал етуін сұрайды.
К.Мәсімов депутаттарға жолдаған жауабын былай бастапты: «Қарағанды қаласында 1500 орындық концерт залын салуға республикалық бюджеттен қаражат бөлуге қатысты сіздердің сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын». Ары қарай Мәдениет министрлігінің бюджеттік өтінімі бойынша 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде жобаны қаржыландыру мәселесі Республикалық бюджет комиссиясында қаралғаны баяндалады. Республикалық бюджеттің шығыстарын оңтайландыруға байланысты жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру кейінге шегерілген. Сондықтан да, «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында және Үкіметтің 2010 жылғы 31 тамыздағы №857 қаулысы жобасында да көрініс таппаған.
Депутаттар аталған нысанды салуды республикалық бюджет есебінен 2011 жылы 1 миллиард теңгемен бастап, үш жыл ішінде бітіруді ұсынған. Премьер-Министрдің жауабында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру неғұрлым кейінірек мерзімге қалдырылды делінеді. Алайда, ол мерзімнің қаншаға созылары нақты айтылмайды...
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.