Редакциямызға «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның атына жазылған хат келіп түсті. Ол таяу шетелден келіпті. Анықтап айтсақ, хатты осыдан алты жыл бұрын қасіретті жағдайға тап болған Беслан балалары жазыпты. Олар Сара Алпысқызына қиын сәтте көрсеткен көмегі, жан жылуы үшін рахмет айтады. Біз шынайы ықыласқа толы бұл лебіздің қалың қауымға берер тағылымы мол екенін, әрі Сара Алпысқызының мерейлі шағын ескере отырып, оны жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Сәлеметсіз бе, қымбатты Сара Алпысқызы! Сізді мерейлі тойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Біздің, Беслан қаласының балаларының тағдырында Сіз үлкен рөл атқардыңыз!
Сізге шын жүректен зор денсаулық, әрдайым ашық аспан және атқарып жатқан істеріңізге өріс тілейміз! Сіз сияқты өз Отаны мен халқын, балаларын сүйетін, жаны ізгі, мейірімді жан ең үлкен Бақыт пен Махаббатқа лайық!
Біз өзіміз үшін ең бір қиын кездерде, сол бір қорқынышты түстей болған зобалаңнан соң өмірге қайта келуге көмектесіп, қасымыздан табылғаныңызды ешқашан ұмытпаймыз. «Бөбектегі» кездерімізді, өзіңізбен болған кездесуді алғыспен еске аламыз. Біз үшін бұл үлкен оқиға еді және Сіздің жүрегіңіздің жылуы, туған анамызды еске салатын мейірімді күлкіңіз әлі күнге шейін жүрегімізге жылу беріп келеді. Бұл үшін алғысымыз шексіз! Сіздің осынау қамқорлығыңыздың арқасында біз Қазақстанды жер бетіндегі ең жақсы ел ретінде еске аламыз! Бесланға қайтып келгеннен кейін біздің топ қалыпты өмірге бірден бой үйретіп кетті, санамызға білімге деген құштарлық орнығып, лаңкестік әрекеттен көз жұмған қандастарымыздың рухтарының ризашылығы үшін, келешекте ізгі істерге мұрындық болу үшін біз қайтадан оқуға бардық.
Уақыт орнында тұрмайды, міне, алты жылдан асып барады... Бәріміз есейіп те қалдық. Сіздің сол кезде айтқан – жақсы оқып, үздік маман болып, мейірімді де адал адам болыңдар деген аналық ақылыңыз бүгінгі күні одан да қымбаттырақ.
Зарина Даурова (есіңізде ме, ол Бесландағы қайғылы оқиға туралы өлең жазып еді ғой?) мен Алана Аликова экономикалық білім алды, қазір банк саласында қызмет атқарып жүр. Алана қаржылық жоғары оқу орнын осы жылы аяқтайтын Инга Туаевамен бірге заңгерлік екінші мамандық алмақ.
Заур Цораев пен Аслан Дзарасов та заңгер болмақ. Оған қоса спортпен де айналысып жүр. Заурдың қарындасы Алина Цораева қаржы академиясының студенті. Ал Асланның інісі Сослан Дзарасов дәрігер боламын деп шешті, медицина академиясында оқиды. Ногаевтардың үлкені – Залина Мәскеудегі медициналық жоғарғы оқу орнына түсті, ал кішілері Эллина мен Аллочка орта мектепте оқиды. Зарина Цирихова Мәскеу маңындағы лицейді бітіреді.
Арамыздағы жас айырмашылығына қарамастан, «Бөбектегі» бір ай бізді жақындастырып жіберді, достасып кеттік, әлі күнге байланысымыз үзілген жоқ. Ал кездесе қалсақ, міндетті түрде «Бөбектегі» күндерді еске аламыз. Ол күндерді еске алудың өзі біз үшін бір мереке. Өйткені, сол кезде біз ең алғаш нағыз Адамдардың әрқашан бір-біріне көмектесетінін, жер бетінде жақсы жандардың көптігіне сену керек екенін және қалың көпшілік жақсы өмір сүруі үшін өзіміз де көп нәрсе істеуіміз керек екенін түсіндік. Сіз бізге Өмір мен өзін өзі танудың керемет сабағын бердіңіз!
Қазір біз аяғымыздан тік тұрдық, өз болашағымызды өзіміз жасаудамыз – барлығы да Сіздің арқаңыз, қымбатты Сара Алпысқызы!
Қазақстан жеріндегі әр сәтіміз есімізде! «Бөбек» орталығының қызметкерлері мен Алматының қарапайым тұрғындары сондай бір жылуға бөлеген еді! Мұндай нәрсе ұмытылмайды, біз мұны әрдайым есте ұстаймыз және бүгінгі бақытымыз үшін Сізге алғыс айтып өтеміз!
Сізге және жақындарыңызға денсаулық пен бақыт тілейміз!
Құрметпен, Сізді сүйетін және алғыс айтатын Беслан балалары.