немесе франшиза болатын отандық брендтер бар ма?
Мемлекеттің де және оның жекелеген адамдарының да тәуелсіздігінің басты шарты табыс табуда да, мамандық таңдауда да, қысқасы, барлық жағдайда ешкімге алақан жаймау екені аян.
Қазір біздің Үкіметіміз осы мүдделі мақсат жолында қаншалықты жұмыс істеп жатыр десек, шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты бағдарламалар да жеткілікті. Әрине, оның ішінде аяғынан тұрып кеткен жобалар бар.
Дегенмен, дәл қазіргідей әлемдік күрделі ахуалда осы мемлекеттік бағдарламалардың бастапқы нәтижесін көретін кез келді. Түрлі дағдарыстық жағдаяттар кейбіреулер үшін күрделі кезеңдердің басталғанын білдірсе, енді біреулер үшін үлкен мүмкіндіктер уақыты.
Төтесінен айтқанда, көтеріліп отырған тақырыпқа, яғни қазақстандық франшизаға қатысты көрмелер де ұйымдастырылып жүр. Бірақ, бізде франшиза болатын мықты отандық брендтер бар ма?
Осы сұраққа жауап бермес бұрын, жұрттың бәрі бизнеспен айналысып жатпағандықтан, оқырмандарымызға франшиза «жеңілдік» деп аударылатын француз сөзі екенін айта кетелік. Яғни франшиза – франчайзинг келісімшартының нысаны.
Барынша қысқа түсінікті айтқанда, дайын брендті немесе бизнес үлгісін пайдалануға құқық беретін немесе танымал болған сауда белгісі мен дайын технологияларды қолдануға мүмкіндік беретін басқа да кешенді игілік. Әрине, франчайзи мен франчайзердің арасында қол қойылған келісімшартта барлық жеңілдіктер, міндеттер мен франчайзердің талаптары көрсетіледі.
Франшиза – бизнесте ғана емес, спортта да, медиа саласында да бар. Яғни атақты спорт командаларының атын қосымша пайдалану, танымал сериалдар мен компьютер ойындарын шығару. Мәселен, дүниежүзін жаулап бара жатқан бургер дайындайтын брендтердің бәрі де франшиза.
Демек, бүгінгі таңда бизнеспен айналысу үшін жаңадан дөңгелек ойлап табудың қажеті жоқ.
Сонымен елімізде бұл бағыт қалай дамып отыр деген сауалдың жауабын іздеу барасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына бас сұққан едік. Себебі қор Қазақстан Республикасы халқының бизнес бастау ынтасы мен шағын және орта кәсіпкерліктің франчайзинг жүйесін пайдалана отырып жаңа бағытта кәсіп ашу бастамаларын қолдау мақсатында екінші деңгейлі банктерге шарттасып қаржы салу бағдарламасын жасады. Бұл қаржы одан әрі франчайзингтік жобаларды қаржыландыруға бағытталуы тиіс.
Яғни аталған бағдарлама жасалғанға дейін қандай да бір белгілі брендті пайдаланып жұмыс істегісі келген кәсіпкерлерде мұндай жеңілдік болған жоқ.
Мәселен, биылғы 5 мамыр күні аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Даму» қоры мен «Bank RBK» АҚ және «Астана банкі» АҚ арасында 1 миллиард теңге қаражат салу жөнінде несиелік келісімге қол қойылған. Әр банкке 500 миллион теңгеден салынады. Осы келісім аясында 2016 жылдың 11 мамыры күні «Даму» қоры 1-ші траншты жүзеге асырып, «Bank RBK» АҚ-қа 250 млн теңге, «Астана банкі» АҚ-қа 250 млн теңге жөнелткен.
Қаржыландыру талаптарына сәйкес, банктер 6 ай ішінде бұл қаражатты ШОБ субъектілеріне франчайзингтік жобаларды қаржыландыру үшін беруі тиіс.
Осы арада ШОБ субъектілерін қаржыландыруға қойлатын талаптардың бар екендігін айтайық. Қаражат шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің тек жаңа жобаларына ғана беріледі. Салалық шектеу қойылмайды. Бір шағын және орта бизнес субъектісіне 80 000 000 теңгеге дейін және 84 ай мерзімге бөлінеді. Қарыз алушының қолына тиетін номиналды жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14,65 пайыздан аспайды.
Бүгінгі күні «Bank RBK» АҚ бөлінген 250 000 000,00 теңгенің 105 430 079,11 млн-ын игерсе, «Астана банкі» АҚ 250 000 000,00 теңгеден 159 600 000,00 млн теңгені игерген. Нәтижесінде 500 млн теңгенің 265 млн-нан астамы кәсіпкерлердің қолына тиді. Дегенмен, қаржы орнымен жұмсалуы қадағалана ма, франчайзингке деп бөлінген қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей ме деген заңды сұрақ та туады.
Бағдарлама бойынша қандай жобалар қаржыландыруға жатпайтыны туралы «Даму» қорының басқарушы директоры – басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков бізге төмендегідей мәлімет берді.
«Аталған бағдарлама бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің барлық жобалары қаржыландырылмайды. Атап айтқанда, бұрындары шығынға батқан жобаларды қайта «тірілтуге», заңды және жеке тұлғаларға берілген несиені өтеуге, үлестес тұлғалар/компания құрылтайшыларының алдындағы несиелік қарыздарды өтеуге болмайды. Оның ішінде мүлік, активтерді сатып алып, кейіннен үшінші жаққа ресімдеуге, үшінші жақтағы тұлғаға ресімделген жер телімінде құрылыс жүргізуге болмайды. Сондай-ақ, қаржыны оффшорлы аймаққа, жалған кәсіпорындарға аударуға немесе жалған мәмілелерді өтеуге, бұрын алған қаржысын қайта қаржыландыруға рұқсат жоқ.
Оған қоса өз бизнесін жүргізгісі келетін тұлғалар еншілес компаниялардың, тұлғалардың франчайзингін алуға, заңды тұлғалардың акциялары мен кез келген құнды қағаздарға салған инвестициясын, үлесін сатып алуға болмайтындығын білуі тиіс.
– Мұндай шектеулердің ішінде акциздеуге жататын өнім шығару, қару-жарақ, есірткі тектес заттар секілді азаматтық айналымнан шығарылған тауарларды шығару-жеткізіп беру бар. Бұл несиені құмар ойындар бизнесіне және елдегі террорлық әрекеттер секілді заңмен тыйым салынған қызметтерге жұмсауға тыйым салынады, – дейді басқарма мүшесі.
Мәселен, қарап отырсақ, Алматыда 2013 жылдан бері «KazFranch» көрме-форумы өтіп келеді. Бұл – отандық және шетелдік франшизаларды экспозициялауға арналған Қазақстандағы жалғыз алаң. Оны «Даму» қоры мен Еуразиялық франчайзинг қауымдастығымен біріге отырып ұйымдастырады.
Аталған көрмеге өз франшизаларын әзірлеген халықаралық және қазақстандық компаниялар да қатысып келеді. Былтырғы форумнан көрші мемлекеттердің де компанияларын көрдік. Мысалы, 2015 жылы өткен көрмеде алғаш рет «Эльдани» қоғамдық қоры жүзеге асырған әлеуметтік франшиза таныстырылды. Аталған қоғамдық қор мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосып, қолөнер бұйымдары мен кәдесый жасап жүр. Бастапқыдай емес бұйымдарының сапасы жақсарып жатқаны қуантты.
«KazFranch» көрмесінің негізгі мақсаты франчайзингтік қарым-қатынастың өсуін ынталандыру арқылы Қазақстанда шағын және орта бизнестің сапалы дамуына көмектесу, франчайзинг саласына қатысушылардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау екені белгілі.
Өз бизнесін дамытуға мүдделі жандарды тоғыстырған көрмесінде «Даму» қорының басқарушы директоры – басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков «Франчайзинг – бизнесті жүргізудің тиімді түрлерінің бірі, қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпкерлер оған айрықша қызығушылық танытып отыр. Отандық брендтер мен франчайзингтік жүйелерді қалыптастыру мен дамыту ШОБ-ты дамытуда мультипликативтік нәтижеге ие болмақ. Қазақстанға шетелдік франшизді тарту экономиканың инновациялық дамуына көмектеседі әрі жаңа басқарушылық және бизнес-технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Оған қоса тауарлар мен қызмет көрсету нарығын дамытуға ықпал етеді», деген-ді.
Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықовтың мәлімдеуінше, Қазақстанда франчайзинг нарығы жылына орташа есеппен 15 пайызға өсуде. Бүгінде франчайзингтік желілердің саны 4 558 франчайзи мен 497 брендті құрайды. Франчайзинг нарығының айналымы жылына 3 млрд долларға жетеді. Бұл секторда барлығы 30 000 аса адам жұмыс істейді.
Көрме кезінде «Mimioriki», «Сұңқар», «RedDragon» сынды отандық брендтер қазірдің өзінде өз франшизаларын Қазақстанда ғана емес шетелде де жүзеге асырып жатқанын айтып, келушілерге өнімдерін ұсынды. Сол сияқты франшиза бойынша ісін енді бастаған «Жас Кемеңгер», «Крендель», «Party Food» сияқты қазақстандық компаниялардың саны өсуде. Бұлар қазір ауқымды бизнеспен айналыспаса да, өз тауарлары мен өнімдерінің сапасына жауап бере алады.
Қорыта айтқанда, бүгінде «Даму» қоры Қазақстандағы франчайзингті дамыту бойынша қаржылық және қаржысыз шаралар кешенін іске асыруда. Кешендік қолдау – кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы кәсіпкерлік мәселелері мен консультациялық қызмет көрсету, соның ішінде франчайзинг мәселелері мен франшиза бойынша іске асырылатын жобаларды қаржыландыруға банктерді тарту және ішінара кепілдендіру арқылы несиелер тартуда кәсіпкерлерге көмек көрсетуден тұрады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ