Астанада қыркүйектің 10-ы мен 17-сі аралығында III Халықаралық балет әртістерінің байқауы өтеді деп күтілуде. Құрылтайшысы әрі ұйымдастырушысы «Балет және ұлттық биді дамыту мен қолдау қоры», ал бас серіктесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры болып табылатын аламанның қазылар алқасына Мария театрының этуалі, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай АСЫЛМҰРАТОВА жетекшілік етпек. Біз осы шараға орай балет жұлдызынан халықаралық байқаудың ерекшеліктері туралы айтып беруін сұрадық.
– Алтынай Абдуахимқызы, соңғы жылдары жер-жерде жаңа жобалар бой көтеруде. Елімізде мұндай ірі форум не мақсатпен өткізілетінін айтып берсеңіз.
– Жалпы, байқау атаулының түпкі мақсаты бір. Біріншіден, шеберлік мектебі қалыптасады. Екіншіден, өнерді барынша халыққа жақындату, хореография өнерін дәріптеу, классикалық балет дәстүрін сақтау және дамыту, дарынды жас әртістерді анықтап, ынталандыру, Қазақстанның мәдени имиджін өсіру.
Жарыс жылнамасы жағынан ондаған жылдық тарихы бар елдерде, атап айтсақ, Мәскеу және Варна халықаралық балет конкурстарын сағына күтетін мәдени оқиғаға айналғалы қашан, тұтастай алғанда, оның өнердің осы түрінің қосар үлесі мол болмақ. Сонымен қатар, әртістердің шығармашылық кескін-келбеті, табиғи мінезі қалыптасып, шеберлік ширатылады, байқау бағдарламасын әзірлеу үстінде балет өнері иесінің техникасы, әдіс-тәсілі молаяды. Себебі, мұндай сәтте әр үміткер өз мүмкіндігін барынша толық көрсетуге тырысып бағары сөзсіз.
– Халықаралық жобаға қатысушыларға қандай талаптар қойылады?
– Жобаға Қазақстан, Ресей, Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ, Еуропа мен Жапонияның 17 мен 25 жас аралығындағы әртістері қатысады. Бұған дейінгі екі дода Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткен болатын. 2006 және 2009 жылдарғы бәсекеге Болгария, Ресей, Украина, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты. Бұларға қарағанда, биылғы байқаудың ауқымы әлдеқайда кең деуімізге толық негіз бар. Жүлде қорында әйелдер мен ерлер арасында жеке-дара гран-при, бірінші, екінші, үшінші орындарға және үздік дуэт, «Үкілі үміт», заманауи хореографияны үздік орындағаны үшін, т.с.с ынталандыру жүлделері бар.
Тағы бір артықшылығы, жобаға жұмыс берушілермен қатар әйгілі балет труппаларының директорлары босқа шақырылып отырған жоқ. Олар жеңімпаздардың арасынан өздеріне адам таңдауға құқылы... Кейде табан астынан тың шешім қабылдауға мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Бәйгеде бақ сынаушы алдына жаңа жоспар, айқын мақсат қоюды үйренеді. Өміріндегі ең қимас әсерлі сәтті тек осы сахна төрінен табуға талпынады, сеніммен сергек қимылдайды.
– Сіз өзіңіз олардың бойынан қандай қасиеттердің табылуын қалар едіңіз?
– Ол мен үшін жеңіс биігіне көтерілмей, жаны бір сәт тыным таппайтын нағыз күрескер, қиындықта рухы сынбайтын қажырлы адам болуы керек. Мұндай жоғары атаққа кәсіби дайындықта шаршап-шалдығуды білмейтін, техникалық тұрғыдан мінсіз әрі өзінің даралығымен, харизмасымен, әртістілігімен ерекшеленетін, партиясын жете түсініп орындайтын жан лайық.
–
Яғни, театрдағы премьера туралы айтып отырған боларсыз?
– Тек олай деп ойлаған дұрыс емес. Мәселен, үздік балет солистерінің арасында бәйгеге қатыса алатыны да, қатыса алмайтындары да кездеседі. Алғашқылары байқау вариациясында өздерін техникалық жағынан тамаша танытқанымен, ал әрі қарай спектакльде толыққанды көсіліп кете алмайды. Екіншілері сахналық бейнені сомдағанда, өздерін жайлы сезінгенімен, керісінше бәсеке үстінде барын жоғалтып алып жатады. Солай десек те, тарихта танымал таланттарға айналған байқау лауреаттары өте көп. Оған мысал іздесеңіз, Рудольф Нуреев, Наталья Макарова, Михаил Барышников, Владимир Васильев, Екатерина Максимова…есімдері жарқын дәлел.
– Бекзат өнерді дамытумен қатар байқаудың алдында тағы қандай мақсаттар тұр?
– Бастысы, жас астанамызға, жас театрымызға әлем жұлдыздарының назарын аударту. Мұнда барлық нәрсе көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Балет мектебі қарқынды өсуде, қыркүйекте алғаш рет елімізде Қазақ ұлттық хореография академиясы салтанатты жағдайда ашылды. Мемлекет басшысы отандық өнер ошағына басшылық етуді маған сеніп тапсырды. Осы сенімді лайықты ақтау – парызым. «Жүз рет естігеннен гөрі бір рет көрген артық» демекші, мына жоба да сондай маңызды. Бұлар әлемге әйгілі хореографтармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтаса жұмыс істеудің ашық алаңы болады деп үміттенеміз.
– Қазылар алқасы құрамымен жақынырақ танысуға бола ма?
– Менің ойымша, маңызды мәселе бұл емес. Маған сондағы көңіл-күй қымбат. Сөз жоқ, қазылар алқасы әділ болуы керек, бірақ, сонысына қоса шынайы тілекші, қамқор, достық рәуіште бағаласа, қанеки. Олардың бәрі сөзсіз өз ісінің білгірлері, нағыз кәсіби мамандар, себебі, халықаралық мәртебесі бар балет бәсекесіне әйгілі тұлғаларды шақырғанда, біз осыған ерекше мән бердік. Меніңше, олардың бойында осы қасиеттердің бәрі бар.
Біз қолқа салғандардың бәрі ұсынысымызды қуана құп алды. Қазіргі таңда қазылар алқасы құрамына Мажарстан ұлттық балетінің директоры, керемет биші әрі хореограф Тамас Золимози, Қытайдың үздік хореографы, Бейжің би академиясының профессоры, Қытай Ұлттық би қауымдастығы балет комитетінің вице-президенті Сяо Сухуа, әйгілі балетмейстер Иржи Килианның ассистенті, дарынды хореограф Стефан Жеромский, жуырда ғана «Астана Опера» театрының сахнасында Ролан Петидің «Париж Құдай-Ана соборы» спектаклін қойған италиялық балетмейстер Луиджи Бонино, Словакия Ұлттық театрының балет директоры Йозеф Долински, «DANCE OPEN» халықаралық балет фестивалінің негізін қалаушы Василий Медведев еніп отыр. Қазылар алқасының жауапты хатшысы ретінде Балет байқаулары халықаралық федерациясының бас директоры, «Балет» журналының «Би серісі» сыйлығының лауреаты Сергей Усанов бекітілді. Оның осы тектес шараларды ұйымдастырып, өткізудегі тәжірибесі өте мол.
– Астанада өтетін III халықаралық балет әртістеріне қандай тілек айтар едіңіз?
– Әрине, алдымен мен оларға сәттілік тілеймін. Жүрек толқытар нөмірлер күтемін. Би мерекесі – жаңашылдық пен жастықтың мәресі! Балет жарысына қатысушылардың өнерін тамашалауға асыққан жанкүйер өте көп. Сондықтан, мұндай сәт күнде қайталана бермейтіндіктен, мен оларға «жандарыңды салып, шабыттана билеңдер» дегім келеді. Сонда арман-үміт сөзсіз ақталады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»