02 Қыркүйек, 2016

Өз өнімдерімізді ғана сататын орталық

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
11 (1)Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының бастамасы бойынша отандық өнімдерді сату орталығы – «УниверMAG.kz» дүкені ашылды. Бұл жобаға Қарағанды облысы әкімдігінің де жан-жақты қолдау көрсеткендігін айта кеткен жөн. Жалпы, ұйымдастырушылар жаңа жоба еліміздің түкпір-түкпіріндегі тауар өндірушілердің басын біріктіріп, тың идеялардың туындауына және жаңа өндіріс орындарының ашылуына игі ықпалын тигізеді деп есеп­тей­ді. Ал бұдан отандық тауар өндірісінің ұтпаса, ұтылмайтыны айдан анық. «Қазақстандікін сатып ал» және «Қазақстанда жасалған» брендтері бойынша отандық тауар өндірушілерге арналған бөлек алаң дүниеге келді. Енді біздің өн­дірушілер облыс тұрғындарына сапасы жағынан импорттық тауарлардан бір де кем емес өз өнім­дерін емін-ер­кін ұсына ­алады. Бұл сауда-саттық орталығы ғана емес, шын мә­нісінде бәсекелестікті да­мы­туға, тұрғындарды қол­жетімді баға қойылған тауар­лармен қамтамасыз етуге, отан­дық және жергілікті тауар өнді­рушілердің танымалдығын арттыруға сеп­тігін тигізетін Қазақ­стан же­ңіл өнеркәсіп өндірушілері бір­лестігінің орталығы», деп атап өтті дүкеннің ашылу рәсі­міне қатыс­қан өңір басшысы Нұрмұ­хам­­­­бет Әбдібеков. Жаңадан ашылған бұл дү­кенде тұтынушылар киім-кешектің алуан түрін таба алады. Мысалы, балалар киімінен бастап ерлер мен әйелдердің іскер киімдеріне дейін сөреде сықып тұр. Сонымен қатар, бұл жерде сапалы аяқкиімдер, бас киімдер, шұлық өнімдері және спорттық киімдер де көптеп қойылған. Еске салар болсақ, отандық тауарды сатумен айналысатын бұл дүкен Қазақстанда пайдалануға берілген екінші, ал Қарағанды облысындағы тұңғыш сауда орталығы. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ