Әлі есімде. 1992 жыл еді. Ол заманда қазіргідей қаптаған БАҚ пен өрмекшінің торындай сансыз көп әлеуметтік желілер жоқ. Тәуелсіздікпен көтерілген ел еңсесінің жан жадыратар салқын самалы Алатаудың бауырынан үздіксіз есетін де тұратын. Қазақтың бағына біткен екі телевизиясы мен екі радиосы да сонда еді. Барлық газет-журналдар, атағы дүркіреп тұрған баспалардан тасқындап шығып жатқан том-том кітаптар еліміздің түкпір-түкпіріне осы Алматыдан жөнелтіліп жататын. Сол кездегі ел ішіндегі ағайынның бәрі Алматыдан «жыл келгендей жаңалық» күтіп елеңдеп отыратын сияқты болып көрінетін.
...Содан, сол жылдың жаз айының тамылжыған бір күнінде Республика сарайында елімізге белгілі 25 ақын-жазушының елу жылдығы аталып өтіпті, деген хабар елді елең еткізді. «Апыр-ай», дестік. Шынында да, бұл керемет жаңалық еді. Қазақтың 25 жазушысы ердің жасы – елуге келіп жатыр! Қалай өтті екен? Бүгінгіше айтсақ, қандай форматта өтті? Сөйтіп жүргенде, қазіргі «Қазақстан» ұлттық арнасынан әлгі мерейтойды жарқ еткізіп көрсетпесі бар ма? Міне, ғажап, сахна төріне қазақтың сол кездегі есімі елімізге кеңінен мәшһүр Ақселеу Сейдімбеков, Дүкенбай Досжанов, Мұхтар Шаханов, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбаев секілді кілең марғасқалары жайғасқан. Марқұм Жәнібек Кәрменов жайнатып жүргізіп отыр. Мәйекті сөз бен мазмұнды ой, әсем ән мен тәтті күй – бәрі сонда. Көзіміз тұнып кетті. Ақын-жазушыларды ардақтаған сол бір кеш көпке дейін ел ішінде әңгіме болды, сол кездегі біз сияқты жастардың есінде мәңгі қалды.
Асыра айтқанымыз емес, қайта құру заманы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұндай рухани кештер жер-жерде жиі өтіп тұрушы еді. Адам құлақтан семіреді. Қалың ел теледидарға телміріп, сол кештерді жабыла тамашалап отырушы еді. Мұндай ұлттық рухқа меймілдеген, халықтық сипаты күшті кештерден кейін елдің еңсесі кәдімгідей тіктеліп, көтеріліп қалушы еді. Жан азығы – есті өнерге шөлі қанған үлкендер жағы шүкірана айтып жатса, саналары сәулеленген жастардың кеудесін ұлттық мақтаныш сезімі кернейтін, ізгілікке, биіктікке талпынатын.
Енді, міне, осының барлығы көрген түстей. Сол бір шұғылалы шақтар еске түскенде, есті ән тыңдағың келіп, теледидар қосасың. Құдайға шүкір, баяғыдай ек арна ғана емес, төріңізде тұрған теледидарыңыздың жүзге жуық арнасы бар. Алайда, қайсысын қоссаң да – жын-ойнақ. Микрофонды аузына тығып алып, сахнада жынын шақырған бақсыдай елірген фанерщик-әншілер. Көшелі өнерпаз, есті ән-күй емге табылмайтын жағдайға жеттік. Мұның соңы не болар екен? Баяғы діни аңыздарда ақырзаман боларда әлдеқайдан жалғыз көзді тажал шығады деуші еді, сол тажал осы әрқайсымыздың төрімізде тұрған теледидар болып жүрмесін...
Жә, бірді айтып, бірге кетпейік. Әңгіме 1992 жылы 50 жылдығы дүркіреп өткен 25 жазушының мерейтойынан басталды ғой. Сол дүркіреген мерейлі кештер қазір қайда кетті? Неге біз кемеңгер сөз иелері мен есті өнерпаздарды ардақтамайтын болдық? Неге оларға теледидар мен өнер сарайларының есігін тарс-тұрс жаптық. Өнер сарайы демекші, бертінге дейін қазақ өнері мен руханиятына қызмет етіп келген Республика сарайының төріне қаламгер қауым мен халық сүйген өнерпаздар неге шыға алмайды? Кезінде сол сарай халықтыкі еді ғой. Былтырдан бері де аттары арғысы әлемге, берісі алашқа танымал ел ағалары сексен жастың сеңгіріне шықты. Бірақ осынау ел ардақтыларының мерейтойы ешқайда өз деңгейінде аталып өтпеді. Кезінде Расул Ғамзатов сексенге келгенде, Ресей, Дағыстан болып жұмылып, атақты авар ақынының мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өткені жадымызда.
Осындайда еріксіз есіңе түседі екен...
Бізде бұған керісінше, бейнелеп айтқанда, «бесіктен белі жаңа шыққан», ал нақты айтар болсақ, жасыңқы дауыстары әлі бекімеген «бота тірсек бозбалалар» еліміздің концерттік сарайлары мен телеарналарынан күні-түні, үздіксіз «шырқайтын» жылаңқы дауыстарымен құлақты тұндыратын күн туды. Бұл неден?..
Ерлан
ТӨЛЕУТАЙ,
өнертанушы