02 Қыркүйек, 2016

Мәдени қамтудың мәні бөлек

452 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
спуск.p65Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өркениеттi ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетiмен, ұлы тұлғаларымен мақтанады. Өзiнiң ұлттық мәдениетi арқылы ғана басқаға танылады», – деп атап көрсетті. Біздің елімізде мәдениет пен өнерді дамыту ісі мемлекет тарапынан аялы қамқорлыққа алынып, табыскерлікке бет бұрған сипатта. Қазақстанның даму бағытын айқындағанда, бұл екеуінің егіздің сыңарындай ажырамас бөлік болып жүруі Елбасының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениет пен өнер, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа құрметпен қарап, олардың жаңа дәуірдегі қызметін түбегейлі дамытып келе жатқанын көрсетеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Халық  бірлігі мен ұлт­тық тарих», «Ұрпақтар бірлігі мен сабақ­тастығы жылы», «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланған посткеңестік кеңістіктегі дара ел едік. Бәйге атының алдынан шығып дем беретін мұның барлығы тарихтағы қаншама ақтаңдақтардың бетін ашып, қоғамды тың мазмұнмен байытып, шынардай шығармашылық туындыларға жол ашты. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының негізінде жасалып, жүзеге асырылған 2004-2006 және 2008-2009 жылдарғы «Батыс Қазақстан облысының мәдени мұрасын қорғау және қайта қалпына келтіру» бағдарламалары облыстағы мәдени мұраны зерттеу жүйесін құру­ға, маңызды тарихи-мәдени, сәу­­леттік ескерткіштерді қайта қал­пы­на келтіруге зор әсер етті. Шын мәнін­де өз мамандығын ардақтайтын, қоғам­ның рухани негізіне қылау түсірмейтін мәдениет қызметкерлері содан бері еліміздің бай мәдени мұрасын сақтап, көбейтіп, талмай насихаттап келеді. Облыста 754 мәдениет және өнер ұйымдары халыққа мәдени-көпшілік қызмет көрсетеді. Биылғы жылдың қаңтар айынан облыс мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы дифференциалды түрде 20 пайыздан  40 пайызға дейін өсті. Түтіні түзу шалқыған деген осы шығар, тек соңғы 5 жыл ішінде 23 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы Зеленов ауданының Рубежин ауылдық  клубына, Ақжайық ауданының Жаңабұлақ, Жәнібек ауданының Тау ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Тәуел­сіздіктің ширек ғасыр уақыты ішін­де аймақта 9 мәдениет нысаны пай­далануға берілді. Оның ішінде Елбасы тұсауын кескен облыстық қазақ драма театрының әйнек терезелі, алтын керегелі әдемі ғимаратының орны бір бөлек. «Әнеш қыздың көз жас­тарын жинаса, кішігірім ақ отауға толғандай», деп ақын Өте­жан Нұрғалиев жырлағандай, облыс халқының мойнына бұршақ салып, тілеп алған қара шаңырақтан қа­зір кісі құрғамайды. Биылғы 5 ай­дың ішінде соны 5 қойылымның беташарын жасап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Қазір театр ұжымы республикалық театр фестиваліне қызу дайындық үстінде. Қабырғасының сылағы әлі кеппеген Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы көрер­мен көзайымы болып алды. Мұн­да апта сайын жергілікті ақын-жазу­шылармен кездесу, қызықты шы­ғар­машылық жүздесулер өткізіліп тұра­ды. Бір мезгілде 1200 көрерменді қабылдай алатын, елімізде баламасы жоқ орталықтың амфитеатры жаз айларында шырайлы концерттердің шынайы ордасына айналды. Орта­лыққа от ауызды, орақ тілді ақын, қарымды қаламгер Бауыржан Қа­лиол­ла басшылық жасайды. Әбіш Кекілбаев: «Батыс Қазақ­стан – қазақ музыка өнерінің Вена­сы», – деп баға берген болатын. Сонау Құрманғазы, Диналардан жол тартқан киелі күй өнері мен Мұхит, Ғарифоллалар әйгілі еткен әншілік дәстүрдің тамыры еш суалған емес. Ол Ескендір Хасанғалиевке ұласып, жаңа мәнге ие болып, өзгеше арнасын тауып, қатары қалың ормандай қаулап өсіп келе жатқан дарынды жастарға жалғасуда. Аймаңдайлы талант музыкалық аспабы мен дыбысын әрлейтін заманауи сайманы, жарасымды сахналық киімі үй­ле­сіп келіп жатса ғана сыпыра іс қылады. Облыс әкімдігінің қол­дауы­мен мәдениет мекемелерінің мате­риалдық-техникалық базасын нығай­туға қомақты қаржы бөлініп отыр. Биыл Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония жарты ғасыр­лық мерейтойын атап өтеді. Қасиетті өнер ұжымының кәсіби әртістері мен кәнігі мамандары егемендіктің 25 жылы ішінде төрткүл дүниені түгелге жуық аралады деуге болады. Көз қандыратын би, көкірекке орнайтын саз, көңіл сарайын ашатын сөз – осы ұжымның мақсаты. Музей­лер үшін тәуелсіздіктің тағы­лы­мы мол. Саясаттың салқыны сал­дарынан жабықтан сығалап кел­ген тақырыптарға түрен салынып, жаңаша ойлауға тыныс ашты. Әсіресе, тарихи-археологиялық орта­­лықтың дүние есігін ашуы тол­ғағы жеткен мәселе еді. Солардың тыным­сыз еңбегінің нәтижесінде 10 жылдың ішінде 6 мыңға жуық жерасты қазба жәдігерлері қолға тиді. Шоқтығы биік «Тақсай ханшасы» күллі ата-бабамыздың аруағын аспанға шығарып асқақтатты. Қазақстандағы ең байырғы кітап отауының бірі – Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбе­бап кітапханасындағы өте сирек кездесетін қағазға түскен 25 мың кітап – көзіқарақты, білімге талғамы бар адам үшін таптырмайтын аса құнд­ы жәдігерлер. Тұрғындарды кітап­ханалық кызметпен қамтудағы республика бойынша жоғарғы көр­сеткішке иек артып отырмыз. Қазір­гі кезде облыстың әрбір 1500 тұрғынына 1 кітапханадан келеді. Ауыл мәдениеті қай кезде де ауыр жүк арқалайды. «Ауыл – анамыз» деп жатамыз.  Мәдениеттің алтын тамыры да сонда. Ауыл мәдениетінің әлеуетін арттыру үшін бірқатар шаралар қолға алынды. Ұлт-аспаптар оркестрі, театр, хореография, хор, вокальды аспаптар,  отба­сылық, әжелер, домбырашылар, фольк­лорлық ансамбльдер жанрларын жандандыру осы бағыттағы жұмыстың алтын діңгегі деуге болады. «Халықтық», «үлгілі» атағына ие болу өнерді дамыту ретінде айтпа­ғанның өзінде, қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл осындай мақсатта 30 маман жаңадан жұмысқа қабылданды. Негізінен тұрғындардың үйірмелерге деген сұранысы көп, сол себепті жұмысты жаңашыл бағытта жандандыру мәселесі өзекті тұр. Жаугершілік заманда тыныш елдің тылсымын бұзық ниет біреу бұзса, аттандап белгі беретін түнгі от-ұрандар болған екен. Бейбіт күннің от-ұраны – қазақ даласында бой көтерген кесене ескерткіштер. Олар өткеннен хабар береді, бабалар ғибратын еске салады. Тәуелсіздіктің арқасында сондай көптеген көне қорымдар сүзгіден өтіп, бұрын беймәлім болып келген есімдер жарыққа шықты. Осы жылдары халқымыздың өткенінде ерекше орындары бар Жәңгір хан мен Дәулет­керейге, Мұхамед Салық пен Мұхит­қа, Құрманғазының ұстазы Ұзақ күйшіге кесенелер орнатылды. Қазақ­стан­ның халық әртісі Тұяқберді Шәмілов­тен бастап, күміс көмей әнші Қалам­пыр Рахимоваға мүсіндер қо­йыл­ды. Халықтар достығын паш ететін белгі секілді күй атасы Құр­ман­ға­зыға ізгі тілегі мен игі тілегін біл­дір­ген Никита Савичевке кеу­де мүсін қойылған. Енді Орал қала­сын­­да Құрманғазының Дина­ға дом­быра­­сын сыйлап тұрған сәтін бей­нелей­тін композициялық  туын­ды­ның тұсауы кесілгелі жатыр. Бұл жер кейін күйші­лер мен дәстүрлі әншілер аллеясына айнал­мақшы. Мемлекет басшысы атап көрсет­кендей, «мәдениеттің сап құрған сансыз нысандарының бәрі мемлекеттің мойнында, қамқорлық жылдан жыл­ға үдеп келеді. Бүгін бар назарды олардың тұрғындар арасында қан­дай жұмыстар жасап жүргеніне, мә­дени жағынан қаншалықты маңыз­дылығына, атқарып жатқан қыз­меті­нің сапасына аударуымыз керек». Ең ба­тысы, маңдайымызда темірқазық секіл­ді Елбасының бастамасымен өмір­ге жолдама алған мәдени саясат тұжырымдамасы бар. Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы ОРАЛ