02 Қыркүйек, 2016

Ананы ардақтаған халық едік...

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
dfghТоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық өмір сыйлайтын, өскенше мәпелейтін анадан асыл жан болар ма, сірә? Алайда, арамызда бар мейірімін төккен аяулы анасын құрметтемейтін жетесіздер де кездесіп жатады. Мәселен, Махамбет ауданында жан дегенде жалғыз ұлынан қайыр көрмей, әбден шарасы таусылған ана алимент өндіру үшін сотқа жүгінуге бекініпті. Өйткені, оның ұлы табыс табады. Бірақ табысын тек өз қажетіне ғана жұмсап, анасына бір тиынын да бермеген. Тіпті, кекірік атқан ұл анасының және өзінің атына алынған несиені төлеуге де құлық танытпапты. «Айта, айта Алтайды...» дегендей, ұлына алақанын жайып, көмек сұраудан шаршаған ананың алимент өндіруден басқа амалы бар ма? Сөйтіп, ақ самайын қырау шалған, аздаған ақшасын не несиені төлеуге, не күнделікті азық-түлігіне жеткізе алмаған қайран ана соттан ұлын ай сайын 60 000 теңгеден алимент төлеуге міндеттеуді сұрапты. Алдын ала сот отырысында тараптар бұл дауды медиация тәртібімен шешуге келісім жасады. Сол келісімшарттары бойынша анасына осы кезге дейін көмектеспеген ұл енді өмір бойына ай сайын 40 000 теңгеден алимент төлеуді міндетіне алды. Және алиментті өмір бойына төлейтін болды. Анасының жүрегіне зіл батпан жүк салған жетесіздің бірі Исатай ауданында да бар болып шықты. Мұнда 25 жастағы тепсе темір үзетін жігіт достарымен түн ортасында да анасына маза бермеген. Ақымақ ұл аулада тұрған көлікті тарсылдата ұрып, анасының түн ұйқысы төрт бөлген. Төзімі таусылған ана ұлынан ауладан аулақ кетуін өтінген. Алайда, анасының сөзін тыңдамақ түгілі құрметтеуді де ұмытқан жетесіз ұл не істеді дейсіз ғой? Достарының көзінше анасын балағаттағаны аздай, қолын қайырып, сарайға қамап тас­тапты. Ақымақ ұлының қамауынан ретін тауып шыққан ана полицияға шағым түсірген... Алайда, іс сотқа жеткенде екі ана да ұлдарына кешірім берді. Шағымдарын қайтарып алды. Сірә, ұлдарының жауапқа тартылып, істі болғанын қаламаған шығар. Бірақ, тау қопарардай бұла күші бар бұл жігіттердің ақымақтық ісі аналарының жүре­гіне қанжардай қадалғанын ұға алды ма? Бүгінгі заманның ұрпа­ғы неге қатыгезденіп барады? Тегін­де, біз ардақты аналарды аяла­ған, құрметтеген ұлт емес пе едік? Мұны түсінетін ұл болса, қанеки? Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ