Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері ашық нарықтық экономикаға негіз қалап, дамудың жаһандық үдерістеріне ілесу бағытында табысты қадамдар жасап келеді.
Бұл тұрғыда еліміз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын және басқа да даму бағдарламаларын басшылыққа алуда.
Әрине, ашық экономикаға сыртқы жағдайлардың белгілі бір дәрежеде өз ықпалын тигізіп тұратыны белгілі. Сондықтан бұл орайда ілгерілеу ісіне тежеу салатын факторларды ғана анықтап қоймай, сонымен бірге мемлекеттің таңдаған стратегиялық бағытынан танбауын қамтамасыз етудің де маңызы зор. Олай болса, біз қазіргі таңда өз алдымызда қандай қиындықтар тұрғанын жете түсінуіміз қажет.
Бүгінгі таңда ел алдында шешуін күткен бірнеше жаһандық мәселелер тұр. Мұнай бағасының әлемдік рынокта құлдырауы экономиканың ойлағандай дәрежеде өсуіне айтарлықтай тежеу келтіріп отырғаны белгілі. Соған қарамастан көмірсутегі бағасының ұзақ уақыттар бойы жоғары болуы Қазақстанның қаржылық қауіпсіздік жағдайын жасап алуына, яғни Ұлттық қор құруына мүмкіндік туғызды. Өткен жылдар ішінде жинақталған бұл қаржы бүгінде отандық экономикаға қолдау көрсетуде баға жетпес рөлге ие болып отыр.
Сонымен қазіргі таңда Қазақстанның алдында қандай міндеттер тұр деген мәселеге келер болсақ, бірінші кезекте ол – дамудың жаңа драйверлері арқылы табысқа жету. Бұл тұрғыда шикізат шылауынан арылып, инновацияларға, жаңа технологияларға арқа сүйеген өнеркәсіп өндірісін өрге бастыру кезек күттірмейтін шаралар қатарынан саналады.
Осы ретте біздің әрқайсымыз не істеуіміз керек деген заңды сауал туындайды. Мұндағы ең басты мақсат – шынайы өнікті еңбекті негізге алу, қарапайым тілмен айтқанда, еңбек өнімділігін арттыру қажет. Одан да гөрі кеңірек ауқымда түсіндірер болсақ, әркім өз жұмыс орнында пайда келтіріп, өз біліктілігін арттырып, уақыт талабына сай жұмыс істеуі тиіс.
Еліміз ашықтыққа және әлемдік рыноктармен кең көлемде интеграциялануға негізделген экономиканың жаңа моделін құруда. Ел дамуының жоғары қарқынына қолдау көрсету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша стратегиялық мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Дәл осы тұста «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасына және бес институттық реформаға айрықша маңыз аударған жөн. Олай дейтініміз, күні ертең-ақ дәл осы жалпыұлттық жобалар іскерлік белсенділікке қолдау көрсетіп, жеке сектордағы бәсекеге қабілеттіліктің артуына, ұлттық экономикадағы қазіргі бар секторларды ынталандыруға және жаңа секторлардың пайда болуына жағдай жасайтын болады.
Бұл жайттар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуіне байланысты бұрынғыдан да бетер көкейкесті бола түспек.
Осы орайда ДСҰ-ға мүше болу еліміз үшін не береді деген сауалдың бас көтеруі де орынды. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына өту бойынша жиырма жылға жуық уақыт бойы дерлік жүргізілген келіссөздерді аяқтады. Сөз ыңғайында еліміздің осы ұзаққа созылған келіссөздер барысында республика үшін барынша тиімді болып табылатын жағдайларға, әсіресе ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуде өте жақсы жағдайларға қол жеткізгенін ерекше атап көрсету орынды. Оның сыртында еліміздің Еуропалық одақпен әріптестікті барынша кеңейтіп келе жатқанын, соған орай тиісті келісімдердің де бекітілгендігін еске сала кеткен артық емес. Демек, ДСҰ-ға мүше болу және ЕО-мен әріптестік ауқымын ұлғайту Қазақстанның әлемдік рынокта толық құқылы ойыншы болуына барынша кең жол ашпақ. Өз кезегінде бұл қадамдардың ел экономикасына құйылатын тікелей шетел инвестициялары көлемінің өсуіне де оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Ал енді Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүшелігі мәселесіне келер болсақ, бүл міндеттің оңтайлы шешім табуы еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөніндегі міндетін жүзеге асыру мақсатына барынша жақындата түседі. ЭЫДҰ стандарттары тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға жағдайлар туғызады. Мәселен, аталған ұйымның Қызметтестіктің елдік бағдарламасын жүзеге асыру арқылы біз тиімді даму үстіндегі еңбек рыногына, жұмыспен қамту деңгейінің жақсаруына қол жеткізіп, кедейшілікті түбегейлі жоятын боламыз. Сонымен қатар, іскерлік ахуал мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруда да аталған бағдарламаның тиімді тұстары аз емес. Сол сияқты, біздің кәсіпкерлеріміздің халықаралық деңгейде ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа ие болатынын да ешуақытта естен шығаруға болмайды.
Біздің республикамыздың ДСҰ-ға өтуіне байланысты ауыл шаруашылығында инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілмек. Ол міндеттер ирригация жүйесін жетілдіру, жұмыс істеп тұрған мал бордақылау алаңдары мен тауарлы фермаларға қолдау көрсете отырып, жаңаларын ашу арқылы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, ауылшаруашылық өндірісінің өнімділігін арттыруға қызмет ететін жаңа технологияларды енгізу ісі де бірінші кезектегі міндеттердің қатарында тұратын болады.
«Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді» дейді халық даналығы. Қазақстан экономикасын қазіргіден де гөрі қарышты дамыта түсу үшін мүмкіндіктер жетерлік. Тек сол мүмкіндіктерді дер кезінде және тиімді пайдалана білу қажет.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»