02 Қыркүйек, 2016

Өмірін өндіріске арнаған

374 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Рустамбаев А.А.Адам өмірі сан тарау жолдардан өтеді. Сол жолдардың ең бастысы – адамның өміріне қуат беретін еңбек жолы екені сөзсіз. Арамызда бар ғұмырын бір ғана саланы өрістетуге арнап, бір ғана дара жолды таңдайтын адамдар жүр. Өндірістің қайнаған ортасында шыныққан жандар жайлы әңгіме тіпті, ерекше. Еліміздің энергетика саласындағы ең ірі кәсіпорынның бірі – Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ басшысы Абдуазим Рустамбаев жайлы міне, дәл солай деуімізге әбден болады. Абдуазим Абудғаниұлының өндірістегі, энергетика саласындағы еңбек жолы сонау 1996 жылы Павлодар облысындағы Ақсу жылу электр стансасының бас директоры болуымен ерекшеленеді. Арада үш жылдан кейін «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ президенті қызметіне тағайындалады. – 1996 жылы Ақсуға келген кезімде, кәсіпорындағы жағдай мүшкіл болатын. Стансадағы №2 энергоблок толықтай тоқтап тұрған еді. Өйткені, оны қалпына келтіруге, күрделі жөндеуге қаржы жоқ. Ал кәсіпорын жұмысшылары көңіл күйлері төмен, жағдай қалай болар екен деген уайыммен жүрді. Цехтардың іші бос қалған, өте қиын жағдай еді. Әрине, мұның бәрін де өз көзіңмен көру оңай емес. Қиын болды, бірақ, жұмысшыларымыз кәсібін тастап кеткен жоқ. Айлар бойы еңбек­ақы алмаса да, бәрібір жұмысқа келді. Олар кәсіпорынның тоқтап қалмайтынына сеніммен қарады. Мұнда жұмыс істеуге үш айға уақытша деп жіберген еді. Содан кейін басшылыққа басқа адам келеді деп уәде берген. Бірақ, тағдыр, еңбек жолы деген осы екен. Біз еңбек ұжымымен бірге барлық қиындықты еңсердік, жақсы күндер келетініне сендік. Ал қазір, алғаш келгеннен бүгінгі күнге дейін кәсіпорын және еңбек адамдары өз туғаныңдай болып кетеді екен, – деп еске алады А.Рустамбаев. Айтса, айтқандай-ақ, үлкен сенім алдамады. Корпорация биыл екі бірдей мерейтойды қарсы алуда. Бұл әрине, ең алдымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, ал екіншісі – корпорацияның құрылғанына 20 жыл толады. Компанияның құрылу кезеңі сонау 96-шы жылы еліміздің еңсе тіктеп, даму жолына түскен кезеңімен сәйкес келді. Содан бері кәсіпорынды 20 жыл бойы басқарған Абдуазим Рустамбаев өмірін өндіріске арнап, алып кәсіпорынның қалыптасып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Мәселен, Ақсу электр стансасы биылғы жарты жылда 7 млрд киловатт-сағаттан астам электр қуатын өндірсе, «Шығыс» көмір кенішінде 7,7 млн тоннаға жуық көмір қазып алыныпты. Бұл компанияның дамуына үлес қосып келе жатқан А.Рустамбаевтан бастап бүкіл ұжым жұмысының нәтижесі. Бүгінде кәсіпорында 6 мыңнан астам адам еңбек етуде. Сондықтан да кәсіпорында жұмысшы, кенші әулеттерінің сақталуына ерекше мән беріледі. Жұмысшылардың балаларын оқытып, өндірісте шыңдау дәстүрі берік қалыптасқан. Әрине, кәсіпорынды жандандырып, қиын­дақтан алып шығу әсте оңай болмады. Аб­дуа­зим Рустамбаев барлық жұмыс жүйе­сін ең алдымен тәртіптен бастады. Қаңырап қал­ған өндірісті қалыпқа келтіріп, аяғынан тік тұр­ғызу оңайға түскен жоқ. Жұмысшылардың әлеу­меттік жағдайлары да назардан тыс қалмады. Соның нәтижесінде ырғақты қимылға көшті. Кәсіпорын басшысы стансаның қуаты мен сенімділігін арттыруға көп күш-жігер жұмсады. Жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, өнімділік арта түсті. Тұтынушыларды электр­мен қамтамасыз ету қарқыны еселеп өсті. Еліміз­дегі электр энергиясын өндіретін ірі кәсіп­орынның қалыпты жұмыс істеуі – стансаны қайта жаңғыртудың ұзақ мерзімді бағдарламасын орындаудың нәтижесі екендігі сөзсіз. Технологиялық үдерістерді автоматтандыру және осы заманғы техниканы енгізу кәсіпорында өндірілетін электр энергиясының өзіндік құнын төмендетумен бірге, энергетикалық нарықта ойдағыдай бәсекеге түсуге мүмкіндік берді. Негізінде «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ құрамына Ақсу электр стансасы мен «Шығыс» көмір кеніші (Екібастұз) кіреді. Бүгінгі таңда А. Рустамбаев басқаратын корпорация мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның белсенді қатысушысы. Соңғы жылдары ЕЭК өндірістік көрсеткіштерді өсіру үшін барлық шараларды, атап айтқанда сапалы менеджмент жүйесін жүргізуде. Жаңғырту бағдарламасы 2001 жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Мысалы, стансадағы №2 энергоблокты қайта қалпына келтіру жобасының құны 250 млн. долларды құрады. Ал стансада энергоблоктарды қайта құрылымдау корпорацияның ауқымды инвестициялық бағдарламалық жобасы. Қазір №1, 2, 3, 4, 6 энергоблоктарда жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде энергия өндіру қуаты артты. Мысалы, 2013 жылы пайдалануға берілген №6 энергоблоктың қуаты 25 МВт-ға ұлғайды. Бұл энергия Павлодар қаласы сияқты аумақты жарықтандыруға жеткілікті. «ЕЭК» АҚ 2006 жылдан бастап тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Соның арқасында жас мамандар жаңа пәтерлерге кірді. Екібастұз және Ақсу қалаларында қызметкерлерге арналып екі тұрғын үй салынды. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 648 қызметкер мен олардың отбасылары баспана мәселесін жақсартты. Тұрғын үй бағдарламасының шеңберінде 2017 жылы Ақсу және Екібастұз қалаларында 70 пәтерлік екі үйді тапсыру жоспарланған. Корпорацияда жастарды жоғары оқу орындарында оқыту тәжірибесі қалыптасқан. Оқу бітірген соң олар компанияға жұмысқа орналасады. Осы бағытта корпорация қызметкерлері балаларын еліміздің, Ресейдің, басқа да шет­елдердің жоғары оқу орындарында оқыта алады. Барлық шығындарды кәсіпорын өз мойнына алған. Абдуазим Рустамбаевтың айтуынша, энергетик болу оңай емес. Энергия, көмір өндіру өте күрделі. Сондықтан да осы мамандықты таңдаған жастарға барынша жағдай жасау қажет. Энергетикалық нарықтағы қуаттың 17 пайызын, ал көмірдің 20 пайызын өндіретін алып кәсіпорын осылайша республиканың өнеркәсіптік әлеуетін қалыптастырып, отандық экономиканы өркендетуге үлесін қосуда. Өмір жолы сан тарау. Жалпы еңбек жолы қиындығымен, қызығымен мәнді емес пе. Абдуазим Рустамбаевтың да осы кәсіпорынды басқарғанына биыл жиырма жыл толды. Осы кезең ішіндегі жемісті жұмысы лайықты бағаланды. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталып, тағы да басқа сый-сияпаттарды иеленді. Білікті басшы әлеуеті мықты ұжым қалыптастырып, өзгелерге өнеге танытты.  Түйіндеп айтқанда, ол Қазақстанның энергетика саласының өрістеуіне өлшеусіз үлес қосты. А.Рустамбаев сонысымен мақтана алады. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Ақсу қаласы