19 Ақпан, 2011

Бағдарлы жұмыс баяны

463 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ақтөбе облысын  Елбасы ел экономикасының көшбасшысы деп бекер айтып жүрген жоқ.  Шындығында өңір табиғи қазба байлықтарына өте бай. Қолда бардың қадірін біліп, ұқсатуға келгенде облыста  тәуір жұмыстар атқарылуда.  Бұл туралы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ақтөбеліктер алдындағы жылдық есебінде толық баяндалды. Баяндамасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауын  таратып айтудан бастаған өңір басшысы, өз ойын төмендегіше түйіндеді. 2011 жылғы 1 қаңтарда адам басы­на шаққанда ішкі жалпы өнім көр­сет­кіші 1994 жылмен салыстырғанда 12 есе өсіп, 9 мың долларды құрағанын, бұл – 2015 жылдың межесі екенін атап өтті. Ал облыс бойынша бұл көрсеткіш 9840 дол­ларды құрады. Елімізде жалпыұлт­тық бағдарламаға айналған үдемелі индустриялық-иннова­ция­­лық даму жо­лы – өр­кен­деудің басты факторы, эко­номи­каны оның нақты секторының өсі­мі есебінен қарқынды дамытудың бас­тауы болды. Білім беру, денсаулық сақ­тау және тілдерді дамытудың страте­гия­лық бағыттары қа­тары­на түбегейлі ин­новациялық бағдар­ла­малар негізінде жаңа жұмыспен қамту стратегиясы, тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылы­ғын жаңғырту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәсе­лелері қосылды, – деді өңір басшысы. Өткен жылы қазіргі заманғы өн­ді­ріс орындарын ашып, тиімді инвестиция және жаңа технологияларды енгізу арқылы өңірлік өнім өндіру 130 па­йыз­ға артыпты. 2010 жылы триллион­дық меже алынып, жалпы өңірлік өнім көлемі 1 триллион 115 млрд. теңгеге жеткен. Бұл – 2009 жылға қарағанда 260 млрд. теңгеге артық. Осыған сәй­кес Ұлттық қормен бірге мемлекеттік бюджетке са­лық және басқа төлемдер 404 млрд. теңгеден асып, түсімдердің өсімі 160 пайызды құраған. Экономиканы әртараптандыру ар­қылы өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші 150 пайыздан асыпты. Осы саладағы еңбек өнімділігі 2015 жылғы меже бойынша 2 еселену керек болса, қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 270 па­йыз­ға жетіп, облыс республика өңірлері арасында көш басына шығып тұр. – Мен өткен жылғы есебімде «Біз осы қарқынмен 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында белгіленген міндеттерді алғашқы бес-алты жылда орындап шы­ғуға мүмкіндігіміз бар екенін көріп отыр­мыз», деген едім. Енді бұл үлкен асуды игеруге толық сенім бар. Ол үшін нақты алғышарттар жасалды. Құрылыс – әлеу­меттік-экономикалық даму өл­шемі­нің таразысы. Құрылыс көлемінің өсімі бес жылда 245 пайызға жетіп, ел өңір­лері ара­сында ең жоғары көрсет­кіш­ке ие болдық. Былтыр құрылыс көлемінде 126 млрд. теңге игерілді, – деді өңір басшысы. Алғашқы бесжылдықта республи­ка­ның құрылыс индустриясында ішкі қа­жет­тілікті отандық құрылыс материал­дары­мен 80 пайыз қамтамасыз ету жос­пар­лан­ған болса, өңірде былтырдың өзін­де бұл көрсеткіш 87 пайызға жетіпті. Ақтөбенің құрылыс материалдарына республиканың барлық облыстарынан, Астана мен Ал­ма­тыдан және шет елдерден сұраныс легі арта түсуде. Соңғы алты жылда қазіргі за­манға сай, жоғары технологиялық, сапалы әрі үнемді құ­ры­лыс материалдарын шы­ғаратын ірі кәсіпорындар саны 150-ге жеткен. Олар 600-ден астам құрылыс мекемелерін өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Осы­лайша, облыста әлеуеті зор құры­лыс кластері қалыптасты. Тау-кен байыту саласының аса ірі алыптары – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ак­­цио­нерлік қоғамы, «Қазақойл Ақтө­бе», «Ақтөбе мыс» компаниясы, «Казхром» транс ұлттық компаниясы» мұнай, мыс және хром рудаларын шығару, мыс және хром концентраттарын өндіру кө­лемін едәуір ұлғайтыпты. Мысалы, «Ақ­төбе мыс» компаниясы мыс рудасын шығару­ды 2006 жылмен салыстырғанда 8,5 есе, ал мыс концентраттарын 40 есе көбейт­кен. Ақтөбе хром қосындылары зауыты химиялық өнімдердің барлық түрлері бойынша өндірісті ұлғайтыпты. Экономиканың басым бағыттары­ның бірі – инвестиция саласы. Былтыр­ғы жы­лы 365 млрд. теңге көлемінде инвестиция тар­тылып, 2009 жылға қара­ған­да көрсет­кіш 50 млрд. теңгеге арт­қан. Жалпы ал­ған­да, үде­мелі индустрия­лық-иннова­ция­­лық бағдар­ла­ма бо­йын­ша алғашқы бес­жылдықта Ақтөбе облысында жалпы құ­ны 1 триллион 200 млрд. теңге көле­мінде ірі 86 жоба іске асы­рылатын болса, 2010 жылы өңір бо­йын­ша 140 млрд. теңгені құрайтын 43 инновац­ия­лық жоба, соның ішінде индустриялан­дыру картасына енгізілген 24 жоба орындалған. Елеусін Наурызбайұлы атқарылған шаруаларға тоқтала келіп, алдағы жүзе­ге асырылатын жұмыстарды да баянда­ды. Облыста индустрияландыру бағдар­ла­масын іске асырудың біртұтас жүйесі жасалған. Соның нәтижесінде, биылғы жылы тағы да 50-ден астам үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар пайдалануға беріледі деп күтілуде екен. Өткен жылы сыртқы тауар айна­лы­мы 7 млрд. АҚШ долларына, өсу көр­сет­кіші 127 пайызға жеткен. Өңірде бөл­шек жә­не кө­тер­ме сауда айналым­дары жыл сайын қа­рыш­тап өсуде. Бес-алты жылда сауда ай­на­лымының екі түрінде де өсім 230-240 па­йыздан асып, бұл көрсеткіш бойынша өңі­рі­міз республикада көш алдына шы­ғып­ты. Өнді­ріл­ген өнімнің жо­ғары сапасы және бәсекеге қабілетті болуы экспортқа бағыт­тал­ған өндірістің өсуіне ықпал еткен. Об­лыста ИСО-9001, ИСО-14001 және ИСО-14041 стандарт­тары­ның талаптары­на сай келетін кәсіп­орындар саны 200-ден асыпты. Былтыр жыл бойына агроөнеркәсіп кешеніне 7 млрд. 100 млн. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілсе, қала әкім­дігі тамақ өнімінің 62 түріне бағаны тұ­рақтандыру жөнінде 32 кәсіпорынмен меморандум жасасқан. Соңғы алты жыл аралығында 64 елді мекенге 760 шақырым су құбыры тартылып, оған 8 млрд. 500 млн. теңге қаражат жұмсалған. Бүгінгі күні облыс тұрғындарының 87 пайызы орталық су желісін пайдаланып отыр. «Елбасы ауылдық жерлерде тұрғын­дарды орталық сумен қамтамасыз етуді 2020 жылы 80 пайызға жеткізуді тап­сыр­ды. Осыған орай, 2015 жылға дейін қо­сым­ша 90-ға жуық, 2020 жылға қарай тағы да 100 елді мекенге су құбырлары тар­ты­лады. Тек биылдың өзінде бар­лығы 28 елді мекенде су құбырлары салынады. Көгіл­дір отынды пайдалану ауылдың тұрмы­сын әлдеқайда жақсар­тады. Соңғы 5 жыл ішінде 720 ша­қы­­рым газ желісі тарты­лып, нәтижесінде облыс тұрғындарының 77 пайызы көгілдір отынның игілігін кө­ріп отыр. Халықты газбен қамту жұ­мыс­тары ау­қымды қаржыны қажет етсе, бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар екі есе қарқынмен жүргізіледі. 2020 жылға дейін 210 мың тұрғыны бар 147 елді мекенге газ жүр­гізу жоспарға енгізілді. Сөйтіп, облыс тұр­­ғын­­дарының 90 пайызын газбен қам­та­­ма­сыз ету жүйесін жетілдіру жә­не «Жол картасы» бойынша облыста 124 жоба іске асырылды. Жаңадан 27 мың жұмыс орны ашылып, жұмысы жоқтар кә­сі­би даяр­лық­тан өтті. Жұмыссыздық дең­гейі әлдеқайда төмендеді. Өңірдегі жаңа өн­діріс орын­дарының есебінен биылғы жы­лы тағы да 20 мың жұмыс орын ашу көз­делуде», – деді Е.Сағындықов. Биылғы жылы облыста қанатқақты жобадағы жұмыспен қамту бағдар­ла­масы іске қосылып, тиімді және өнімді қамту арқылы 4 мыңға жуық адам жұ­мысқа тартылатыны атап көрсетілді. Осылайша, облыс халықты жұмыспен қамту бойынша республика өңірлері арасында көш басындағы орнын сақтап қалады деп күтілуде. Тағы бір атап өтетін жәйт, соңғы бес жылда 2 млн. 300 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліп, 25 мың отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартқан. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов­тың баяндамасынан кейін сөз алған Парламент Сенатының депутаты Иран Әмі­ров, Қазақстан Республикасының бей­біт­шілік және келісім қоғамы Ақ­төбе облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, Әйтеке Би ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Диханбай, облыс орталығын­дағы №5 мектеп директоры Равиль Туюшев және басқалары өңір басшысы­ның бір жылдық жұмысына оң бағасын берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.