19 Ақпан, 2011

Мемлекеттік тіл – егемендік еншісі

600 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Біріккен Ұлттар Ұйымының 21 ақпанды әлем халықтарының тіліне арнап, Ана тілі күні деп белгілеуіне орай, ол жыл сайын аталып өтіп келеді. Өйт­ке­ні, бұл әр халықтың тіні, ділі, рухани төлқұжатына деген құрмет дей отырып, біз бүгін жұртшылық назарына туған ті­ліміздің бүгінгі жай-күйіне арналған мақаланы ұсынып отырмыз. Халқымыздың ғасырлар бо­йы армандаған тәуелсіздіктің та­ңы ат­қанына да жиырма жылға аяқ басты. Еліміз егемендік алып, бо­лашаққа сенімді қадам жасағалы өмірімізде қаншама жарқын жа­ңа­лықтар болды. Тә­уел­сіздіктің тұ­ғырын бекітуге жұ­мылған халқы­мыз жасампаз­дық­тың жарқын жол­дарына со­ныдан соқпақ тартып, қо­ғамдық дамудың өзіндік өзге­ріс­терін жасай білді. Тәуелсіздікпен ілесе келген игіліктер қаншама. Соның бірі де бірегейі – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы деу орынды. Бұл әс­те де оңай бола қойған жоқ. Қазақ тілін төрге оздыру көптеген тегеурінді қарсылық­тарға душар болды. Шү­кір, сол бодандықтың құрсауы қысып тұрған кездің өзінде бүған қол жетті. Сондықтан да бұл үлкен жеңіс болатын. 1989 жылы 21 жел­тоқсанда қабылданған «Қа­зақ­стан Республикасындағы тіл ту­ралы» тұңғыш Заңда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін ал­ды. Мұның өзі халқымыздың тә­уелсіздік жолын­дағы күресінің ал­ғашқы жеңіс­те­рінің сүбелісі еді. Бұл тәуел­сіз­дік­тің талабы, еге­мендіктің қадамы болатын. Мұның өзі кешегі кеңес­тік ке­зеңде есіктен сығалап тұрған қа­зақ тілін төрге оздыруға, оның қол­дану аясын кеңейтуге серпін берді. Ал, біздің облыстағы сол егемендіктің елең-алаңындағы жағ­­­дай көңілге қаяу түсіретін. Іргелі жиындарда қазақ­ша сөй­леуге өз­ге емес өз ұлты­мыздың аза­маттары да шегіншектеген кез еді бұл. Қа­зақ мектептері жап­пай жабылып, барының да ба­зары тайған-ды. Міне, тәуел­сіздіктің таң шапағының нұрлы сәулесі осы қалың тұманды сейілтуге жол ашқаны қазіргідей есімізде. Мемлекеттік тіл мәрте­бе­сіне ие болған қазақ тілінің мә­селесі Елба­сының назарынан еш­қашан тыс қалып көрген емес. Біздің басқарма да бұл ба­ғытта бірталай жұмыстар атқа­рып келеді. Соңғы жылдары ға­на мемлекеттік тілдің дамуына байланысты облы­сымызда рес­публи­ка­лық дең­гейде үш рет семинар болып өтті. Әсі­ресе, 2009 жылы Ақтөбеде өт­кен ономастика мәселесіне қа­тысты рес­­пуб­ликалық жиын күр­делі мә­селе­лердің түйінін шешті. Облыста әлденеше рет ұлттық тілдің бү­гіні мен ертеңі жайлы салиқалы бас­қосулар ұйым­дас­тырылды. Ке­­­шегі кеңес дәуірінде тұрғын халық­та­рының басым бө­лігі өзге ұлт өкіл­дері болған Мәр­төк, Қобда, Алға, Хромтау ау­данда­рында тұрақты өт­кізілген тілге байланысты көшпелі семи­нар­лардың қайтарымы зор. Сөз жоқ, бұл іс-шаралар мемлекеттік тіл­дің дамуындағы жақсы қа­дам­дар болып отыр. Облыс әкімінің арнайы қау­лы­сымен 2006 жылдың бірінші қаң­тарынан Ақтөбе облысы мем­­лекеттік тілге көшті. Осы сәт­тен бас­тап облысымыздағы ұлт­тық тілге деген көзқарас, түсінік күрт өзгерді, қазақ тіліне шын жаны ашитын ұлтжандылар қа­тары кө­бейе бастады. Жалпы об­лыс әкімі Елеусін Сағындықов бас­шы­лық орын­тағына отырған күн­нің ерте­сіне-ақ әңгімені мемлекеттік тілден бастағанын да сөз орайында айта кетсем деймін. Енді өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі жеткен жетістікті саралап көрелік. Тәуелсіздік тұғырының қада­сы қағылған 1991 жылы жағдай қалай еді? Ақтөбе облысында 438 бала­бақшаның 127-сі ғана қазақ ті­лінде тәрбие беретін. Немесе қа­­­зақ тілінде тәр­биеленушілер небәрі 2 пайыз­ды ғана құрайтын. Бүгінгі таңда 219 балабақшада қа­зақ тілінде тәр­бие­ленетіндер са­ны 20319 бүл­дір­шінге жетті. Не­месе 79 пайызды құ­райды. Об­лыс­тағы мектептерге келетін бол­сақ, 1991 жылы 514 мектептің 265-і немесе 52 пайызы ғана қазақ тілінде білім беретін болса, 2010-2011 оқу жылының көр­­сет­кішіне үңілсек, қазақ тілінде білім алу­шылар 74 пайызға жеткен. Демек, мемлекеттік тілдегі оқы­туды бала­бақшадан, мектептен бас­тау қажет деген қағиданың об­лыста жолға қойылғанын жиырма жыл­дық талдау дәлелдеп отыр. Мемлекеттік тілді қолдану ая­сын кеңейту мақсатында соңғы жыл­­дары жасалып жатқан жұ­мыс­тар ұлттық тілдің тұғырлы­лығын бекіте түсті. Бүгінгі таң­дағы мемлекеттік тіл сая­сатының алға қой­ған міндеті – қоғамдық өмірдің бар­лық саласында мемлекеттік тіл­дің кең ауқымды қол­данылуына жету бол­мақ. 2007-2010 жылдар аралы­ғында облыс ау­ма­ғында мем­лекеттік тіл саяса­тын жүзеге асыру мақсатына бө­лінген қаржы көлемі 45 пайызға, ал мемлекеттік тілді үйренуге тап­сырыс берген мекеме-кәсіп­орын­дардың саны 21 пайызға артты. Бұл мемлекеттік тілді оқу­ға, үйренуге деген үлкен құл­шы­нысты байқа­тады. Қазақ тілінде оқу-тәр­бие беретін балабақ­ша­лар­дың үлесі өткен жылы 2009 жылмен салыс­тырғанда 4 па­йызға, қазақ тілінде білім беретін мек­тептердің үлесі тағы да 1 па­йызға көбейді. Яғни, жыл сайын ілгерілеушілік бар. Облыста тұратын этностар тіл­дерін дамытуға мемлекеттік қолдау жүйесі құрылды. Өңірді ме­кен­дейтін өзге ұлт өкілдерін бауырға тартып, олардың өз тілін, сонымен бірге мемлекеттік тілді білуіне жағ­дай жа­салды. 2006 жылдан бері жексенбілік мектептерде 1239 өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде және өз тілдерінде оқып жатыр. Оларды оқыту мақ­сатына 20 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұ­мыс тұжырымдамасының негізгі ба­ғыттары мен іске асыру тетіктерінде айқындалғандай, елімізде әкім­шілік-аумақтық бірліктердің атау­ларын ретке келтіру, елді мекендерді қайта атау және тарихи гео­графиялық атауларды қал­пына келтіру бүгінгі күннің ең басты мә­селесіне айналып отыр. Жалпы мемлекеттің нығайып қалыптасуында байырғы жер, су, елді мекендердің тарихи атауын қай­тару – ерекше орын алады. Бәріңізге мәлім, кешегі кеңестік иде­ология аз санды ұлттардың тегін тануына, бабасын қастер­ле­уіне, тілі мен дінін құрмет­теуіне еш мүм­кіндік бермеді. Сондай жағдайдағы өңір – осы Ақтөбе об­лысы еді десек, тә­уел­сіздік бұл жайтты түбе­гейлі өзгертті, тілімізді, дінімізді, ділімізді түгендеудің сәті түсті. Онан соң өткенімізге ой сал­дық, жет­піс жылда мүлдем жоға­лып кеткен асылдарымызды іздеуге көш­тік. Ұмы­тылған батыр­ларды, ұлты­мыз­­дың ардақтылары мен зиялы­ларын қайта тірілтудің ау­қымды бағдар­ла­малары өмірге келді, көп іс тын­дырылды. Жаңа бағдарлама негізінде басқарма­ның 3 жылдық жос­пары дүниеге келді. Осылай 1991 жылдан бері 167 елді мекен, село­лық округ атаула­рының бүгінгі таңда 122-сі тарихи атауларымен қайта қа­уышты. Бұл іс оп-оңай орын­­далған жоқ. Басқарма маман­да­ры республика, облыс ғалым­да­рын топоними­ка­лық атауларды зерттеуге жұмыл­­дырды. Алды­мен «Ақтөбе об­лы­сы­ның то­пони­ми­калық кеңіс­тігі», «Фи­зи­ка­лық-гео­гра­фиялық атау­лар анық­­­тамалығы» жинақ­талды. Тұң­­ғыш рет облыс­тағы бү­кіл ау­дан­дардың қазақ тіліндегі кар­тасы жасалды, ол баспадан ба­сылып шы­ғып, түгелдей тегін таратылды. Өткен жылы жаңа атау­лар енгізілген картаны қайта шы­ғару жүзеге асты. Сонымен қатар, облыс көлемінде өзгер­тілген бүкіл елді мекендер көр­сетілген атлас да­йын­­далды. Ақ­төбе қаласының елді мекен, жер-су атауларына те­рең әрі ғылыми негіздемелік зерттеулер жасал­ды. Ғалымдар Ре­сейдің көрші­лес Орын­бор және Мәскеу қала­ла­рында, Ал­маты қа­ласында бо­лып, ондағы мұ­ра­ғаттардан дерек көз­дерін тапты. Осындай игі істің нәтижесінде бұрын мүл­дем ұмы­тыл­ған ауыл­дар өз байырғы атау­ларына қайта ие болды. «Сана» тәуелсіз ақпа­раттық зерттеу ор­талы­ғына берілген тапсы­рыс­тың көмегімен «Ақ­төбе облы­сы­ның то­понимикалық жүйесіндегі атау­лар­дың өзгер­тілуі» атты зерт­­теудің ал­ғашқы екі томы жарыққа шықты. Қазір үшінші томы да­йындалу үстінде. Тәуелсіздік алған жылдарда ат­қарылған жұмыс алда да ар­насын кеңейте түспек. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің Қа­зақ­стан хал­қына биылғы Жол­дауында «Қа­­­зақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақ­сылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бас­тағандығын атап өтудің өзі қуа­нышты. Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұр­ғындардың үлесі басым көп­шілікті құрайды. Бұл тәуел­сіз­діктің орасан зор жетістігі» де­уі­нен-ақ көп нәрсені аңғаруға бо­лады. Міне, тәуелсіздік талап­та­рының орындалып жатқаны­ның айқын бір мысалы осы. Елба­сы­ның «он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 па­йызы мемлекеттік тілді біліп шығатын бола­ды» деп нық сеніммен айтуының өзі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын ке­ңейтудегі қол жеткен табыс­та­рымыздың қомақты екенін дә­лел­дей түссе керек. Сексенбай КҮЛІМБЕТОВ,  Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы.